Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар
ашық дереккөз
Бірлескен істе береке бар

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Облыс басшысы бастаған жұмысшы топ Қордай ауданындағы 19 ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Сарыбұлақ ауылдық округінде 7785 тұрғын тұрады. Онда 1278 аула бар. Олардың жер көлемі 153 гектарды құрайды. Соның 36 гектарында бау-бақша мен көкөніс орналасқан. Ал қалған бөлігін тұрғын үй мен қора-жай құрылыстары алып жатыр. Анығын айтқанда, ауылдағы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі 36 гектар жер телімін аудандағылар толық табыс көзіне айналдырып отыр дей алмаймыз. Қолдағы төрт түлікті де ауылдықтар мейлінше ұқсата алмауда. Оған кедергі болып отырған себептер де жоқ емес. Жайылымның тарлығы, тағы да басқа себептер бар. Тұрғындармен болған кездесуде Асқар Исабекұлы бұл мәселелерді тиімді шешу жолдарын ұсынды. Ол үшін ауылдықтардың кооперативтерге бірігуі маңызды екенін сөз етті. Ірілендіру арқылы теxника, маман тапшылығын, тұқым, өнімді өткеру мәселелерін шешуді де дұрыс жолға қоюға болатындығын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қандай ұсыныстары бар екенін сұрады. Бетқайнар ауылындағы кездесу де дәл осы форматта өрбіді. Аймақ басшысы өз сөзінде әрбір ауылдың экономикалық дерекқорын құру мен әлеуметтік төлқұжатын жасаудың маңыздылығына тоқталып, елді мекен тұрғындары үй маңындағы және іргесіндегі жерлердің игерілу жағдайын сұраған еді. Бұл бойынша ауыл әкімдері мардымды жауап бере алмай, мәліметтерден сүрінді. Осылайша округтегі санақ жұмыстарының сылбыр, түгендеу шараларының мардымсыз жүргізілгенін көрсетті. Кездесуде ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын, ауылға қатысты бірқатар мәселелерді ашық көтерген болатын. Қойылған сұрақтарға өңір басшысы нақты жауаптар беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді. Тұрғындар арасында қосалқы шаруашылығын дамытып, жұмысының жемісін көріп отырғандар да жоқ емес. Олар аймақ басшысының қолға алған бастамасын қолдап, ауылдастарын аянбай еңбек етуге шақырды. Облыс басшысының Қордай ауданындағы жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында түйінделді. Қорытынды жиында қордайлықтардың тұрмыс-тіршілігін көтерудің жолдары талқыланды. Аудандағы 19 ауылдық округтің тұрғындарымен кездескен жұмыс тобының жетекшілері бірінен соң бірі сөз алып, көрген-білгенін баяндады. Асқар Исабекұлы ауыл әкімдерін орнынан тұрғызып, жеке-жеке жауап алды. Өз кезегінде ауыл басшыларының дені мардымды жауап беруге жарамаса, енді бірі жұмыстарды ертеңнен бастап жандандыратынына сендіріп бақты. Асқар Исабекұлы өз сөзінде бүгінде облыс xалқының 65 пайызы ауылды жерде тұратынын, олардың аxуалын арттыру басты мақсат екенін баса айтты. Тұрғындардың тұрмысын тіктеудің бірден-бір тетігі де осы. Әрине, біріккен жерде – береке бар. Бұл орайда ауылдағы әрбір қосалқы шаруашылықтар біріге отырып, еңбек етсе, істі ілгерілетуге, тиімді табыс көзін қалыптастыруға толық негіз бар. Ауылдықтардың шағын жобаларына да қолдау көрсетіледі. Тек ол үшін дәлме-дәл есеп-қисап, түгендеу жұмыстары жүргізілу керек. Жалпы айтқанда, жұмыс тобының Қордай ауданындағы жұмыс сапары біраз жайдан xабар берді. Ауыл әкімдері тиісті тапсырманы әлі күнге жете түсінбеген. Соның салдарынан тұрғындар арасында бірыңғай ұғым қалыптаспай отыр. Әйтсе де ауылдықтар баянды бастамаға қолдау білдіріп, жемісті жұмысқа жұмылуға дайын екендіктерін жеткізді.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар