«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, балық шаруашылығы жыл санап дамып келеді. Гродеково ауылындағы Дильмурат Хусаин-Ахунов басшылық ететін «Сандель» шаруа қожалығы көп жылдан бері шабақ өсіріп келеді. Бүгінде өңіріміздегі су қоймалары мен су тоғандарын балықпен қамтып отыр. Біз барғанда шаруашылық Түркістан облысынан түскен сұранысты орындау үшін Шардара су қоймасына шабақ жібергелі жатыр екен. Осы істі талайдан кәсіп етіп келе жатқан кәнігі балықшылар Яшар Бозагулов, Хусеин Чариков, Ахмет Бектас-оглы, Қара Осман Алшахметұлы аумен шабақтарды шағын бассейнге тықсыра қуып әкеліп, тиеуге білек сыбана кірісіп кетіпті. Қастарында шабақ тасымалдайтын КамАЗ жүк көлігі тіркемесімен тұр. – Бүгін жүк көлігіндегі қос цистернаға 731800 шабақ салғалы жатырмыз. Олардың ыстыққа ұрынып қалмауы үшін цистернаға кешке тиеп, бірден Шардараға жөнелтеміз. Түнде жол бойы жүріп, таңға жуық жеткен балық жаңа су айдынына бірден сіңісіп кетеді деген ойдамын, – деді қожалық жетекшісі Дильмурат. – Облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 115 шаруашылық бар. Бір ғана осы ауылда балық өсіріп отырған 8 шағын шаруашылық бар. Олар жалпы ауданы 71 гектар су айдынын пайдалануда. Өткен жылы «сандельдіктер» өңірімізден бөлек Алматы облысының Қапшағай су қоймасына шабақ жіберсе, енді Түркістан облысының Шардара су қоймасына шабақ жөнелткелі отыр, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асанбеков. Қожалықтың балық өсірушісі, ихтиолог Нұрлан Молдабеков: «Шабақ өсіру оңай шаруа емес. Шаруашылықта жұмыс жасайтын 15 балықшы шабақтарды күтіп-баптау, яғни жем шашу, қоймадағы суды ауыстыру секілді жұмыстарды атқарады. Енді екі-үш күнде Краснодардан келісімшарт негізінде ұшақпен дәумаңдай, сазан, англиялық карп және басқа да шабақтар жеткізіледі. Бұл өңіріміздегі балық шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетсе керек», – деді.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




