Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рəсімінде негізгі он маңызды бағытты айқындап берді. Соның бірінші бағыты – халықтың табысын арттыру. Тұңғыш Президентіміз өз Жолдауында да халық тұтынатын тауардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кəсіпорындарымызға көмектесу қажет екеніне басымдық берген болатын. Бұл экспорттық əлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасын халыққа жеткізу мақсатында облыс əкімінің алгоритміне сəйкес аудандарда өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен жиындар өткізілуде. Кеше аймақ басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды. Жамбыл ауданында 17 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Халық саны 83 мыңды құрайды. Аса ауылындағы аудандық Мəдениет үйінде өткен актив жиналысында Асқар Исабекұлы сөзін «Қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін, ауылдық елді мекендердің дерекқорын жасау, кооперативтер ашу үшін не керек, не істейміз, жұмысты қалай ұйымдастырамыз?» деген сауалмен бастаған болатын. Сөзінің соңынан «Осы сұрақтарға кім жауап бере алады? Есеп беруге ауылдық округтердің əкімдері дайын ба? Дайын болса шықсын», – деді. Бірінші болып Аса ауылдық округінің əкімі Бауыржан Қалшынбетов шықты. Оның айтуынша, округте 2162 аула бар екен. Тұрғын саны – 12534 адам. 661 аулада 1800 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 897-сі сауынды сиыр. Ал ауылдың аумағы 127 гектар жерді алып жатыр. Үйдің іргесіндегі қосалқы жердің көлемі – 71 гектар. Ол жердің 20 пайызы ғана игерілген. Оның 14 гектарына картоп, 8 гектарына жүгері, 6 гектарына көкөніс егілген. Игерілмеген жер көлемі – 41 гектар. Есептен жаңылған округ әкімі ауылда жайылым жердің жетіспейтінін, мал ұстау үшін 29 мың гектар жайылым жердің керек екенін айтып ақталғысы келді. – Біз бұл жерге Мемлекет басшысы айтқандай, бірінші кезекте əрбір ауланы табыстың көзіне айналдыру үшін келіп отырмыз. Қаланың түбінде тұратын сіздер мал ұстамайды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірмейді дегенге мен сенбеймін. Мұнда өнімді өткізу мəселе болмауы тиіс. Өйткені қаланың іргесінде тұрған ауылдың кәсіпкерлікті дамытуына зор мүмкіндігі бар. Бүгін түске дейін мəслихаттың сессиясына қатыстым. Бұған дейін əлеуметтік атаулы көмек алатындар облысымызда 15 мыңға да жетпейтін. Жыл басынан бері олардың саны 29 600-ге көтеріліп, бүгінгі таңда 34 мыңға жетіп отыр. Бес айда атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қазынадан 22 миллиард теңге жұмсалды. Алдағы 7 айға 75 миллиард теңге қаражат қажет. Мәселен, өңірімізде 1 миллион 130 мыңға жуық адам болса, оның жартысынан астамы ауылды жерде тұрады. Біз алдымен сол ауылда тұратын үй жанында жері бар тұрғындарды өнім өндіруге бейімдеуіміз керек, – деді өңір басшысы. Осыдан кейін Асқар Исабекұлы «Қай ауылдық округ әкімі қазір мен айтқандай есеп-қисабын талдап бере алады? Сол əкім шықсыншы» деп оларға сынай қарады. Көптің ортасынан Қарасу ауылдық округінің əкімі Самат Селеубаев суырылып шықты. Оның айтуынша, округтегі 349 аулада 2119 адам тұрады. Жыл ішінде олар 502 тонна ет, 241 тонна сүт өндіріпті. Округте 2483 мүйізді ірі қара, 24 мың уақ мал бар. Сауынды сиырдың басы – 530. Күніне əр бастан 5 литрден сүт сауылып, 2,5 тонна сүт өндірілуде. Оның 800 литрі сатуға шығарылады. Əлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 28 отбасы ғана мал ұстамайды. Ауыл тұрғындары мал өсіруге ынталы. Олар уақ мал басын 1000 басқа, сауынды сиырды 200 басқа арттыруды жоспарлауда. Мұндағы үй іргесіндегі жер 95 гектарды құрайды. Пайдаланып отырғаны – 72,1 гектар. Онда негізінен бақша мен көкөністер өсірілуде. Округ əкімі өңір басшысы қойған сұрақтарға тиісінше жауап беріп, есебін талапқа сай қорғап шыққан болатын. Келесі кезекте сөз жұмыс топтарының жетекшілеріне берілді. Облыс əкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Жамбыл ауылдық округінде болыпты. Ол бұл округте жұмыс талапқа сай ұйымдастырылмағанын айтты. Ал Аса ауылдық округінде болған облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров ондағы үй іргесіндегі телімдердің 41 пайызын сора басып кеткенін айтып, бірсыпыра жұмысты қайта қолға алса, мұндағы сандардың өзгеріп сала беретініне сенімді екенін жеткізді. Жиында аудан əкімі Бақыт Қазанбасов сөз алып, ауданда атқарылып жатқан жұмыс бар екенін, бірақ бүгін ауылдық округ əкімдері оны дұрыс жеткізе алмағанын айтып, бәрін жолға қою үшін уақыт беруін сұрады. «Ауданда 83 мың тұрғын тұрады. Біз соны қалай көтереміз? Тек əлеуметтік көмекті бөліп беріп түк істемей отыра береміз бе? Өңіріміздегі атаулы әлеуметтік жəрдемақының жағдайының қандай екенін жаңа айттық. Одан шығудың жолы біреу. Алдымен қосалқы шаруашылықты дамытудың жолын өзіміз дұрыстап түсініп алуымыз керек. Ауылды жерде тұрғаннан кейін бірінші кезекте үй жанындағы жер телімдерін игеру керек. Ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіріп кооперативтер құру керек. Ауданда 4 мың шаруа қожалық бар делік. Ал қалған халықтың тұрмысын жақсартатын қандай жол бар? Бірі – үйдің іргесіндегі жер, екіншісі – қорасындағы мал. Осының есебінен шаруасын дөңгелетуге де болады ғой», – деген өңір басшысы аудан атқамінерлерін еркін пікір алмасу алаңына шақырды. Залдан қойылған сұрақтарға өңір басшысы Асқар Исабекұлы жан-жақты жауап берді. Осыдан кейін аймақ басшысы Жастар сарайында аудан тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізді. Жиында Аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымбек Жапаров қорытынды сөз алып, «Сіздің тарапыңыздан қолдау болса, біз бұл жұмысты ауданда үйлестіруге дайынбыз», – деп түйіндеді сөзін.
Марат Құлибаев
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді