Тұрғындар үмітін ел тәуелсіздігі тұсында да ақтады
Қаратау қойнауынан бой көтерген Жаңатас қаласына – 50 жыл. Жарты ғасыр ғұмырында кеншілер қаласы болып, атағы айдай әлемге белгілі болған шағын қала жайлы, тау-кен өндірісі мен кеншілердің ерен еңбегі туралы одақтық, республикалық, облыстық басылымдарда талай рет жазылды. Көптеген көркем дүниелер жарық көрді. Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романында жаңатастық кеншілердің шынайы өмірін суреттеді. Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыс үзіліп, бұрын тікелей Мәскеудің ықпалында болып келген Жаңатастың басынан бақ ұшты. Бірінші қаланың жүрегі іспеттес «Қаратау» өндірістік бірлестігі тұйыққа тірелді. Алып кәсіпорында еңбек ететін Кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген сан ұлттың өкілдері өздерінің тарихи Отанына үдере көшті. Қаланың инфрақұрылымының ырғақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келген комбинаттың «басына үйірілген бұлт» шағын шаһардың бүлінуіне алып келді. Қаланың дәуірлеу, құлдырау, қайта өрлеу жылдарының куәсі болғандықтан барлығы көз алдымызда өтті. Тоқсаныншы жылдардың ортасына жақын көп қабатты тұрғын үйлерге екі жыл бойы жылу берілмеді. Пәтерлеріне «буржика» пешін орнатып, отын іздеп, босап қалған көп қабатты үйлердің есік-терезелері мен еденін, тал-дарақты тамызық қылған жұрт өлместің күнін кешіп жатты. Газ баллоны мен жарық жырға айналды. Ауызсудың өзін тасымалдап жеткізген күндер болды. Алпыс мыңға жуық халықтың тең жартысынан астамы сол бір ауыр жылдары көшіп кетті. Алайда қалада қалған жұрт жақсы күндердің келетініне үмітпен қарады. ...Орыс тілі үстемдік құрып келген қалада ұлтжанды азаматтар топтаса бастады. Қалалық кеңестің депутаты Құрал Омаровтың ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Оған белсенді азаматтар мүше болып, ресми тілдегі білім, мәдениет, басқа да нысандардың атауларын жергілікті тілге өзгертуді батыл талап етті. Көп ұзамай Қалмырза Жандарбеков республикалық «Азат» қозғалысының қалалық ұйымын ашты. Тіл жанашырлары мен ұйымның арман-мақсаттары бір арнаға тоғысып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара күндіз-түні тынымсыз еңбек еткені күні бүгінге дейін көз алдымызда. Ұлттық мүдде күн тәртібіне өткір қойылған жерде салт-дәстүрді жаңғырту, мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету үшін сол бір өліара шақта қаланың саналы азаматтарының жанқиярлық еңбегі ерлікке пара-пар еді. 1990 жылы көктемнің алғашқы айында қалалық партия комитетіндегі алқалы бір басқосуда «Жыл басын қай күні қарсы аламыз?» деген мәселе күн тәртібіне қойылады. Қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы «күн жылынсын» деп, кейінге сырғыта береді. Сонда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Талғат Сұлтангереев «күн суық деп жаңа жылды көктемде қарсы алып жүрген жоқпыз» десін! Өзі басқарып отырған салаға тікелей басшылық жасайтын хатшыға осылайша қасқайып қарсы шығады, азамат. Сонымен біраз айтыс-тартыстан кейін сәуір айының бас кезінде қала орталығына 100-ден аса киіз үй тігіліп, әз Наурыз мейрамы дүрілдеп өтті. Ұлыстың ұлы күнін бірінші рет тойлаған тұрғындар бар шығынын өздері көтеріп алды. Оқушыларға орыс тілінде білім беріп келген Гагарин атындағы орта мектепті қазақ тіліне ауыстыруда да айқай-шу аз болған жоқ. Күнде жиын. Өзгеге қалай ренжірсің, жергілікті ұлт тіліне ауыстыруға қазақ ата-аналары мен мұғалімдері де қарсы болса. Айтыс-тартысқа толы мектептегі жиын тізгінін қолына алған қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Лесбек Егембердиев мәселенің орынды қозғалып отырғанын түсіндірумен болды. Ұлт тағдыры, ұрпақ келешегіне алаңдаған азаматтардың арасында «Өзге ұлттың өкілдері көшіп жатса, олардың баратын тарихи отандары бар, қазақ Қазақстаннан көшіп қайда барады? Ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпайық» дегендер де болды. Содан ақыры көп ұзамай білім ошағы қазақ тілінде дәріс беретін мектепке айналып, Абылайхан есімін иеленді. Тұйыққа тірелген қаланың түйткілді мәселелерін шешуге басшылық назар аударып, мемлекеттік тілдің қанат жаюына тынымсыз тер төккен жоғарыдағы азаматтармен қатар, аға, орта буын өкілдері де аз болмады. Әр салада басшылық еткен азаматтар Әбдіғали Бұралқиев, Мұхамедия Бижанов, Дәулет Ысқақов, тағы басқа да қала тұрғындарының еңбегі ұшан-теңіз. Осындай азаматтардың ұлт деп соққан жүрек лүпілі облыстан асып, қазақ еліне жайылып жатты. Мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есеналиев бастаған небір елге танымал қайраткер азаматтар арнайы атбасын бұрды. Көктен тікұшақ қонса, онымен ұшып келген адам жантайып қалған қаланы тұрғызып беретіндей елеңдеп, аспан техникасынан түскен мәртебелі қонақтардан үміт күтетін. Сол бір қиын-қыстау жылдары жылдап жалақы алмаған соң, алғаш аштық жариялаған 13 кеншінің наразылығы ұлғая келе кеншілердің үлкен дүмпуіне ұласып жатқан тұста жанына он шақты министр мен түрлі ведомство басшыларын ертіп, сол тұстағы Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев келді. Бұл жолы Үкімет аспаннан түспей, облыс орталығынан қара жолмен жетті. Қалалық әкімдікте өткен үлкен жиында кеншілер толқуы да, қирап қалған Жаңатастың жанайқайы да аз айтылған жоқ. Көп ұзамай қала біртін-біртін ырғақты тіршілігіне көшті. Аты-жөнін естігенімен, түр-түсін көрмеген атағы жер жарған өнер жұлдыздары ағылды. Кеншілер қордаланып қалған жалақыларын алды. Бірден жұмақ орнап кетпесе де, қаланың инфрақұрылымы да қалыпқа келе бастады. 1997 жылы Сарысу ауданының орталығы болған қалаға аудандық мекемелер мен кәсіпорындар көшіріледі. Облыстықтан аудандық мәртебеге түсіп қалғанымен, аудан орталығы келген соң Жаңатасқа «жан кіре» бастады. Жылдар бойы қолдан-қолға көшкен алып кәсіпорын – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін иелігіне алып, жұмыс бір арнаға түсті. Бүгінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жұмысын ырғақты атқаруда. Қазір онда еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің дені жергілікті тұрғындар. Ана жылы ресейлік «ЕуроХим» компаниясының келуі де тың серпін берді. Қазір осы екі алпауыт кәсіпорынның қаланың ғана емес, бүтіндей Сарысу ауданының экономикасының артуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына қосып отырған үлесі зор. Кеңес заманында «Жаңа Париж» атанған Жаңатас бүгінде қайта өрлеу үстінде. Босап қалған көп қабатты тұрғын үйлердің адам тұруға жарамдысы күрделі жөндеуден өтіп, кезекте тұрған қалалықтарға берілуде. Ал бүтіндей қирап қалғандары бұзылып, орны тегістеліп, кәсіпкерлік нысандары мен түрлі мәдени-көпшілік орындары ашылды. Көшелерге асфальт төселіп, көрнекіліктер орнатылды. Түнгі қаланың өзі күндізгідей жарқырайды. Қаланың қазіргі көркі мен келбеті, айшықты ажары жаңатастықтардың көзайымына айналған. Түркістан облысы Шаян ауылынан тартылып жатқан газ желісі де тұрғындар қуанышын одан сайын еселей түскен. Үкімет пен облыс басшылығының қолдауымен және алпауыт кәсіпорындардың демеушілігімен алдағы уақытта бұдан да көркейіп, гүлдене беретініне тұрғындардың көзі жеткен. Ең бастысы, сенім алдамады, үміт ақталды.
Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді