Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтың бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған аудитория ашылды. Азаматтарды құтқару, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өз өмірін құрбан еткен көптеген полиция қызметкерінің есімдері ішкі істер органдарының тарихына алтын әріптермен жазылған. Олардың арасында өңірімізде жол полициясы жеке батальонының бірінші взвод командирі болған, қандықол лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі ерекше. Ол – Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз полицей. Аймақ полицейлері ғана емес, жамбылдықтар да киелі Әулиеата жерінде осындай батыр дүниеге келгенін мақтан тұтады. Ол бейбіт тұрғындар мен өз жерлестерін қорғау жолында қаза тапты. Оның ерлігі ұмытылмай, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда барлық полиция қызметкеріне үлгі болды. Облыстық полиция департаменті басшылығының бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен Заң факультеті аудиторияларының біріне аталған оқу орнында оқыған Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі берілді. Ал бүгінде осы жерде оның ұлы Арманжан жоғары білім алып жатыр. Салтанатты іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Қазақстан Республикасының Генералдар кеңесінің төрағасы, полиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров, аталмыш департаменттің және ҚазҰУ Заң факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты. Тұсаукесер рәсімінде ең алғашқы сөзді алған Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов: – Ғ.Байтасов атындағы аудиториядағы сабақтар ЖОО студенттері үшін азаматтық ұстанымды қалыптастыруда және кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде отансүйгіштікті дамытуда серпін болмақ, – деді. Келесі кезекте Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қалиев сөз сөйлеп, қаһарманның ерлік істері мен батылдығы туралы, азаматтарды құтқару үшін өз өмірлерін құрбан еткен ерлерді ешқашан ұмытпауымыз керек екенін айтты. Олар осы университет түлектерінің Отанға адал және қалтқысыз қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева Ғазизді ұмытпай, есімін құрмет тұтып жүрген барша ішкі істер органдарының қызметкерлеріне алғысын білдірді. Салтанатты шара соңында жиналған көпшілік назарына Халық Қаһарманының ерлік жасаған қаралы күнгі оқиғасынан сыр шертілетін деректі фильм ұсынылды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді