«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жедел топ жұмысқа кірісті

Жедел топ жұмысқа кірісті
ашық дереккөз
Жедел топ жұмысқа кірісті
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. (Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен)

Облыс тұрғындары 2001-2015 жылдар аралығында өңірде аң мен құстың жойылуымен ерекше есте қалғанын ұмыта қойған жоқ. Әсіресе осы жылдары қарауында 298 мың 400 гектар жері бар бір ғана «Үмбет» аңшылық шаруашылығы аң-құсты олжалауға жолдамаларды оңды-солды сатып, қоршаған ортаның, жануарлар дүниесінің құлдырауына жол берген еді. Сондай-ақ құзырлы сала қызметкерлерінің дұрыс қадағаламауының салдарынан жануарлар дүниесінің жойылып кету қаупі төнген-ді. Тек 2015 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақ ашылғалы бері ескі мекен – «Үмбетте» аң-құс қоры молая бастады. Дегенмен 2018 жылдың соңында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрескел заң бұзушылық фактілері анықталды. Бас-аяғы 13 заң бұзушылық тіркеліп, ұсталғандардың қарулары соттың шешімімен тәркіленген. Келтірген залалы мен айыппұл толығымен өтелген. Ал осы істің басы-қасында табиғатты қорғау кеңесі мен мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі мамандары жүрді. Аталмыш мекеме ағымдағы жылы таратылды. Сөйтіп, 3 маусымда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің №144 өкімімен облыс көлемінде табиғатқа қасақылық жасаушылармен күресу, қору жұмыстарын атқаратын жедел топ құрылып, жұмысына кірісті. Енді облыс әкімінің тікелей қадағалауында тұрған топтың құрамында 9 мүше қызмет ететін болады. Бүгінде топ өкілдері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен екі жаңа «УАЗ» автокөлігімен және форма, жетон секілді тағы басқа керекті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Біз жедел топтың және облыс әкімдігінің табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы, аталған салада отыз жылдан бері тер төгіп келе жатқан Ерназарбек Жантаевпен сөйлескен едік. – Құрылғанына күн толмай жатып, заң бұзушылық туралы хабар алып, жұмысына жедел кірісіп кеткен жедел топтың алғашқы рейді нәтижелі болды ма? Кейде осы топтың атауын «Сапсаң» деп те жүр... – Алдымен айтарым, біздің жұмысымыз – табиғатты аялау, облыстың жануарлар дүниесін қорғау, фаунаны сақтау. Атауға келетін болсақ, Сапсаң – лашын ғой. Бұл – жедел топтың қосалқы аты. Оны облыс әкімі Асқар Исабекұлы да осылай атайды. Ал алғашқы рейд бойынша ұстау шараларына жедел топ өкілдерінің 5 мүшесі қатысып, заң бұзушыны қолға түсірді. Жоғарыда сөз еткен «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғат аумағындағы «Көкшұраттан» жеткен хабарда бір доңыз, бір борсықты атып олжалаған М.Арыстанбаев есімді азамат екені анықталды. Бірлескен рейдке қатысқан «Үмбет» ЕҚТА қорықшысы «Көкшұрат» бөлімшесінде тұратын Сәндібек Мадияров М.Арыстанбаевты өзіне бекітілген «УАЗ» автокөлігімен қуып жүріп ұстап, жедел топ жеткенше қаруын, астындағы атын, иттерін жібермей ұстап отырды. Біз тез арада жеттік. Сөйтіп, табиғатқа қасақылық жасаушы М.Арыстанбаев құрықталып, әрекеті толық әшкереленді. Тергеу барысында Ресей Федерациясының азаматы, қосұңғылы аңшы мылтығымен және екі тазы иті, 1 Лайка итімен 1 бас екі жасар жабайы доңызды және 1 бас жабайы борсықты «Бас шеңгел» аумағынан атпен жүріп атып алғаны белгілі болды. Күдікті Арыстанбаев доңызды иттері ұстаған кезде мылтықпен екі рет атып өлтіргенін айтып, ал борсықты иттерім ұстады деп ақталды. – Сонда күдікті Ресей азаматы болып тұр ғой... – Иә. Ол Меркі ауданындағы «Талдыбұлақ» шаруа қожалығында үш жылдан бері бақташы болып жұмыс істейді екен. Тексеру кезінде астындағы күрең айғырды және қосұңғылы аңшы мылтығын қожалық басшысыныкі деді. Тіпті әңгіме арасында тазылар мен Лайкасын мақтап, кейде бірнеше доңызды торайларымен, борсықты да қанжығалағанын жайып салды. Ол 1 доңыз бен 1 борсыққа 700 мың теңгеден аса айыппұл мен келтірілген залалын төлейді. Қазір осы іске байланысты Т.Рысқұлов аудандық полиция учаскесінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Енді сот шешімін күтеміз. – Жалпы, сөзіңізге қарағанда «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағында күрделенген мәселе бір бұл ғана емес секілді? – Солай болып тұр. Олай дейтініміз табиғи аумақта малмен айналысатын көптеген шаруа қожалықтары болғандықтан, қолға ұстаған иттерден де қауіпті аурулар түрін жұқтыруы әбден мүмкін. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ережесіне сәйкес малшыларға итті шектеу және аң-құс төлдеп жатқан наурыз-қыркүйек айларында иттерді шынжырлап ұстау, оларға мал дәрігерлік жеке құжаттар ашып, мерзімді уақыттарда емдеп тұру керек. Бұл жұмыс салғырт жүргізілуде. Екіншіден, емделмеген иттің қиындағы құрт 200 күн бойы 50оС ыстық пен 50оС суықта өлмейді. Тіпті керек десеңіз шөптен-шөпке сол арқылы малға жабысып, ішіне енген жағдайда эхинококк және ценуроз секілді әртүрлі ауруларға ұшырау қаупі жоғары. Бұл жөнінде ақпарат құралдарында талай рет айтылып та, жазылып та келе жатыр. Және бір көтеретін мәселе «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң-құс паналайтын орындар көлшіктер жағасындағы қамыстар. Осы қамыстарды шаруа қожалықтары шауып алып, жемшөп дайындайды, артылғанын сатады. Бұл – дұрыс. Бірақ шаруалар мемлекеттік құжатпен бекітіліп берілген, шабындық жерлердің шөбін шауып алуы керек қой. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы әрбір көлшіктердегі қамысын шапқанда көлге дейін 50 метр орын қалдыру қажет. Ол орындар аң-құстың паналайтын, жыртқыштардан қашып құтылатын орындары. Осы жағдайларды ескерген дұрыс. Өйткені ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қорықшылардың ғана емес, қожалық иелерінің де міндеті. Қазір өртке қарсы шараларды да мықтап қолға алу керек. Осыған орай жедел топ өкілдері «Қордай ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ аумағындағы Аңырақай, Хантау орман шаруашылықтарында болып өрттің алдын алу бойынша дайындықты тексердік. Жалпы, бүгінгі күні облыстың барлық аумағында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған. Арнайы мамандандырылған техника дайын тұр. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Қорықшы болғандықтан, облыстағы аң-құстың амандығын тілейміз. Аңырақай және Хантау орман шаруашылығында еркін жайылып жүрген 15 шақты арқар, 25 шақты лағын ерткен қарақұйрықты, бірнеше кекіліктерді көріп бір марқайдық. Мұндағы табиғат ерекше. Айтпақшы, облыс әкімінің өзі бастап облыстың 4200 азаматы аңшылық жасамау жөнінде декларация толтырды. Осылайша қоршаған ортадағы жануарлар дүниесін көбейту қолға алынады. Сондай-ақ аңшылық жасау, аңшылық жасаудың қазақы мәдениеті туризмге де сұранып тұр. Аңшылық шаруашылығын кәсіп еткен кәсіпкерлер осыны да ескергені жөн-ау. – Соңғы жылдары аймақта аңшылық шаруашылықтары көбейді. Сіз сөз еткендей кәсіп көзіне айналдырғандар да бар. Алайда осы шаруашылықтар тиімді жұмыс жасап отыр ма? – Бір қызығы, бәсекелестік ортаға берілгендіктен, аңшылық шаруашылықтарды тендермен алу кезінде бизнес жоспарында біраз дүние жазылады. Бірақ оның көпшілігі орындалмайды, тек кәсібін дөңгелетуді көздеген кәсіпкер бірнеше есе бағамен жеке аңшыға жолдама сатумен шектеледі. Ал жолдама сату үшін аңшылық шаруашылықтарда қанша аң-құс бар екенін білу үшін есеп-санақ жұмысы жүргізіледі. Сондықтан тиісінше есеп-санақта көрсетілген аң-құстың 15 пайызына ғана жолдама сатылуы керек. Және аңшылық шаруашылықтарға құзырлы мекемелерден қарама-қарсы есеп санақ жүргізіліп, шаруашылықтардың берген есебі салыстырылуы керек. Мұндайда құзырлы сала қызметкерлері аңшылық шаруашылықтардың берген есебіне сүйенеді. Бүгінде облыста аңшылық шаруашылықтар аң-құстың тұқымын көбейту үшін шет елден немесе басқа өңірлерден аң-құстың төлін немесе тұқымдарын әкеліп жібергені туралы ақпарат бар ма? Жоқ. Мәселе – осы. – Қазір аңшылық жолдама қалай беріледі? Осы маусымдық жолдаманы тамыз айының соңында алғандар ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін аңшылық жасай ма? Ережесі қандай? – Маусымдық жолдама жекелеген азаматтарға бір күнге ғана беріледі. Міндетті түрде қорықшылардың жолдамада кіріп-шығу белгісі болу керек. Облыста 46 аңшылық шаруашылық және 86 су айдындары жеке кәсіпкерлерге берілген. Олар жан-жақты қадағалайды. Сондықтан бір күндік жолдама алған аңшы қандай аңды атып алды, сол күні аумаққа кіріп-шыққаны да тіркеліп, жазылады. Ал кейде жоғарыда айтып кеткендей бейберекет аңшылық жасаудың әсерінен облыс аумағында аң-құстың тұқымы азайып кетті. Неге десеңіз, біз бен сіз сөз еткендей, аңшылық шаруашылықтары басында барлық жағдайды жасаймыз деп жар салғанымен, тендер өткен соң айтылып, уәде етілген біраз жай сөз жүзінде қалады. – Әңгімеңізге рахмет!

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар