Алап тұрғындарының айтары бар

Алап тұрғындарының айтары бар
ашық дереккөз
Алап тұрғындарының айтары бар

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев облыс орталығындағы «Родничок», «Қайнар» және «Ақжол» алабының тұрғындарымен кездесті. Қайрат Әскербекұлы тұрғындарға алқаптың сызбасын жайып, жаңадан бой көтеретін әлеуметтік нысандар және жол мен көпір өткелдерінің орнын көрсетті. Мұнда тұрғындар үшін салынатын емхананың құрылысы басталып та кетіпті. Медициналық мекемені жыл соңына дейін беру жоспарланған. Тұрғындарды толғандырып отырған тағы бір мәселе – мектеп құрылысы. Қала әкімі 600 және 900 орындық жаңа мектептердің жобасымен таныстырды. Ал білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аумақтағы 624 оқушы № 51 мектепке тасымалданып оқытылуда. – Әрине, мұнда тұрғындардың көп қоныстануына байланысты бала саны да өсіп отыр. Сондықтан тұрғындардың санын нақты анықтап, мектеп құрылысын бастау үшін демографиялық ахуалды ескере отырып жобалаймыз. 1 шілдеге дейін жобаға қаражат бөлінеді, – деді Қайрат Әскербекұлы. Тұрғындарды қоғамдық көлік қатынасы да толғандырып отыр. Яғни бірнеше автобустардың бағытын өзгерту. Бұл мәселені ескерген қала әкімі сала мамандарына №12 автобус бағытын «Қызыл көпір» дүкеніне дейін созып, №13 бағыттың уақтылы жүруін қатаң қадағалауды тапсырды. Көше мәселесі де айтылмай қалмады. Мұнда көшелер тар, саяжайға автобустың емін-еркін кіріп, қайта айналып шығуы үшін көшені кеңейту керек. Ал бұл үшін алаптағы 26 тұрғын үйдің жер телімі мемлекет мұқтажына кері қайтарылуы тиіс. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Алапта көшелерге ономастикалық комиссия жер, су атауларын берген, бірақ аншлагтары орналастырылмаған. Тұрғындар Алматы трассасы бойында ірі жүк көліктері үлкен жылдамдықпен жүретінін айтып жиі шағымданады. Қазір қала әкімдігі мен жергілікті полиция өкілдері сол аумаққа жол кедергісін орнатып жатыр екен. – Ауызсу мәселесі бойынша жоба бар. Қазір осында орналасқан су ұңғымасының қоры есептелуде. Қазір ұңғыманың бойымен 500 метрлік құбыр салынып жатыр. Енді қаржы бөлінсе бұл мәселе де өз шешімін табады, – деді қала әкімі. Сонымен қатар қала әкімі округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаевқа қосалқы станция жанында ашық жатқан тоқ сымдарын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, көміп тастауды тапсырды. Сондай-ақ Қайрат Досаев «Шөлдала» алабының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы тұрғындар газ мәселесін көтерді. Газ құбыры келіп тұр. Оны мердігер компаниямен әр үйге кіргізу үшін төлемақы кемі 330 000 теңгені құрайды екен. Мердігер мен әкімдік тұрғындарға тиімді болу үшін аталған соманың 50 000 теңгесін қазір төлеп, қалған бөлігін бір жылға бөліп төлеуге келісті. Қала басшысы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын жеткізді. Арнайы қосалқы станция орнату үшін алаптағы үйлерді «тұрғын үй» мәртебесіне өзгертіп, құжаттарын жедел рәсімдеу қажет. Сол кезде ғана пайдаланылған электр энергиясы үшін төлемақы қалалық тарифке теңестіріледі. Бүгінгі күні мұндағылар электр энергиясын «Қазфосфат» ЖШС-нан алып отыр. Төлемақы есептегіш құрал арқылы кооператив төрағасына төленуде. Ал ауызсу мәселесі бойынша қала әкімі таяу арада «Тараз су» мекемесіне жоба әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға жекеменшік-әріптестік негізде жұмыс істейтін азаматтарды, меценаттарды тартып, аумақты дамыту маңыздылығын ұсынды.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар