Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды

Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды
ашық дереккөз
Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды

Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.

Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.

Тараз қаласының жылу желілері жаңғыртылуда. Осыған байланысты бірқатар көшелердегі жол қозғалысына шектеу қойылып, жолдың орта тұсы қазылып тасталған. Бұл жұмыстар Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелері мен Жамбыл даңғылы, сондай-ақ Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Қошқар әулие, Дулати, Комратов, Д.Қонаев көшелерінде жүргізілуде. Қойгелді көшесіндегі жылу желісінің жұмыс барысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы танысты. «Таразтрансэнерго» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жөгібаев құрылыс жұмысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 190 шақырым. Бұл жылу желілері осыдан 45 жыл бұрын салыныпты. Бүгінге дейін ешқандай күрделі жөндеу көрмеген құбырлар әбден ескірген. Кейбір тұстарын тат басып, шіри бастапты. Өткен жылу маусымында жылу магистралі бойында 42 ақау орын алып, жөнделіпті. Бүгінгі таңда жылу жүйелерінің 68,2 пайызы тозған. Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен екінші магистральға 4,6 миллиард теңге қаралып, 0,77 шақырымды құрайтын жылу желісі ауыстырылып, оған 401,5 миллион теңге жұмсалыпты. Ал төртінші магистраль бойынша 4,2 миллиард теңге бөлініп, 1,178 шақырым жылу желісі жаңартылып, 711,9 миллион теңгенің қаржысы игерілген. Биыл осы аталған магистральдарда құрылыс жұмыстары қайта жанданып отыр. Оның жалпы ұзындығы 9,3 шақырымды құрайды. Бүгінде ұзындығы 5,169 шақырымды құрайтын екінші магистральға – 4,2 миллиард, төртінші магистраль бойынша 4,1шақырымға 3,4 миллиард теңге бөлінген. Құрылысқа қажетті материалдар Қарағанды мен Алматы қалаларынан жеткізілген. Айта кетерлігі, диаметрі 700 миллиметрді құрайтын құбырлар Ресейден әкелініп, жоғарыда аталған қалаларда сырты жылуды ұстап тұратын, тоттанбайтын қорғаныш қабатымен қорғалыпты. Мамандардың айтуынша, бұл құбырлардың жарамды мерзімі – 50 жыл. Қазіргі таңда М-2 нысанында 500 метр құбыр ауыстырылған. Жалпы, құрылыс алаңында 3 мердігер жұмыс істеуде. Мұнда 120 адам, 50 техника тартылған. Өңір басшысының бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: – Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың өзін дұрыстап көрсете алмай отырсыңдар. Ал желі пайдаланушылары ыстық судың тоқтатылуына байланысты ойына келгенін жазуда. Еш болмаса, ескі базар орнында қаттаулы тұрған құбырдың тозған, шіріген тұстарын көрсетіп, тұшымды жауап та бере алмадыңдар. Әйтпесе 50 жыл бұрын пайдалануға берілген олардың бір жыл ішінде 42 жерден жарылып, ыстық судың ысырап болғанын дәлелдеп, жауап беруге болар еді ғой. Бәрін ауыздарыңа салып беру керек пе? – деді Бекболат Серікбекұлы жауапты мекемелердің дәрменсіздігін сын тезіне алып. «КорпорацияжильстройТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ринат Абдуллин құрылыс жұмыстарын алдағы қазан айына дейін толық аяқтап, жылу маусымында ыстық су тұрғындарға кедергісіз берілетінін айтты. Оның айтуынша, екінші магистральда 70-ке жуық адам, 5 кран, 10 КамАЗ, 4 экскаватор жұмыс істеуде екен. Бұл жұмыстарды Сыпатай батыр, Фурманов, Көшеней көшелерінде екі мердігер жүргізуде. Қазір тұрбаларды салу, орналастыру жұмыстары атқарылуда. Алдағы аптада Абай көшесін, Фурманов көшесінен Суханбай көшесіне дейін, Жамбыл даңғылын жауып Ниетқалиев көшесінде 416 метр жолды қазуды жоспарлауда. Шамамен жылу желісін тартуды тамыз айында аяқтап, орды құммен жауып, асфальт төсеуге дайындауда. Бекболат Серікбекұлы атқарылған жұмыстармен қатар тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қауіпсіздік шараларын естен шығармауды қатаң тапсырды. Өйткені ені алты метр, ұзындығы бірнеше шақырымға созылып жатқан терең ордың жандары опырылып ортасына түсуде. Ордың да тереңдігі жеңіл-желпі емес. Ені қандай болса тереңдігі де сол шамалас. Бұған дейін осындай орға адамның құлап кетіп, жарақат алғанын тілге тиек еткен өңір басшысының бірінші орынбасары мұны қатаң бақылауда ұстап, құбыры ауыстырылған тұстың топырағын салып, тегістеп, ыстық суды уақтысында беруді тапсырды. Жолдың жайы да Б.Орынбековтің назарынан тыс қалған жоқ. «Жолдың бәрін қазып тастадыңдар. Ені 6 метр, ұзындығы 10 шақырым жол бүлінді. Одан бөлек газ, жарық желілері тартылып жатыр. Осының барлығы сайып келгенде көлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыруда. Сондықтан да биыл жылу желілерін талапқа сай ауыстырып алғаннан кейін оның сапалы жөнделуіне баса мән беру керек. Өйткені ертең төсеген асфальт жабыны ай өтпей ойылып жатса, қыруар ақшаның желге ұшқаны емес пе? – деп, бұл мәселені де тиісті мердігерлерге қатаң ескертіп, жауапты басқармаларға бақылауды тапсырды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар