«Сәләфизмнің кесірінен екеуміз екі жаққа кет тік»

«Сәләфизмнің кесірінен екеуміз екі жаққа кет тік»
ашық дереккөз
«Сәләфизмнің кесірінен екеуміз екі жаққа кет тік»

Бүгінгі қоғамда ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалдар жиілеп, ажырасу жайттары қоғамымызда көп орын алуда. Отбасылардың шаңырақтарының шайқалуына әртүрлі жағдайлар себеп. Кейбір жандарға теріс пиғылдағы діни ағымдардың ықпалы да әсер етіп жатыр. Сәләфизм идеологиясының кесірі өңірдегі бір отбасының шаңырағын шайқалтты. Бұрынғы күйеуінен зорлық көрген, 1987 жылы дүниеге келген Қарашаш Бекқұлиева есімді келіншек бізбен сұхбаттасуға келісіп, өз оқиғасын ашық түрде баяндап берді.

– Қарашаш, бұрынғы күйеуіңізбен қай жылы отау құрдыңыздар? Ажырасуларыңызға нақты не себеп болды? – Біз он жылдан астам уақыт бұрын шаңырақ көтергенбіз. Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында таныстық. Ол басында темір жол саласында жұмыс істеді. Кейін әскери келісімшартпен қызмет атқарған болатын. Бір жылдан соң жұмыстан ақысыз демалыс алды. Көршімізбен бірге Ақтау қаласына барып келді. Жиырма күндей сонда болды. Маған хабарласып, намаз оқып үйренгендігін айтатын еді. «Балам жақсы жолға түсіпті» деп қайын енем де қуанды. Келген соң мүлде басқа адам болып оралды. Сақал қойған, араласатын адамдары да өзге. Сөздері де бөлек. Осы ағымға кірген соң, екі-үш айдың ішінде маған тыныштық бермеді. – Сәләфизм ағымына бұрынғы күйеуіңіз Ақтауда жүргенде кірген бе? Намазды қай жылдары оқи бастады? – 2016 жылдардан бастап намаз оқыды. Осы ағымда жүргеніне төрт жылға жуық уақыт болып қалды. Сәләфизм ағымына Ақтауда кірген. Екі жыл әскери келісімшартпен жұмыс істеп еді. Жұмысын тастап кетті. Бастығы да іздеп келіп, жұмысқа қайтадан шақырды. Бірақ ол жұмысты харам деп, істемейтіндігін айтты. «Дінге қарама-қайшы істер жасап жатырмын» дейді. Келісімшартты бұзғаны үшін, бұған 24 мың теңге айыппұл салынды. Осы айыппұлды ұзақ жылдан кейін, былтыр ғана төледі. Қайын енем өзінің зейнетақысынан төлеген болатын. – Ақтаудан келісімен сізге діни рәсімдерді орындауды бұйыра бастады ма? –Иә. Келісімен маған шарттарын қойды. «Ешкіммен араласпайсың» деп, туған әке-шешеме де жібермей қойды. Туыстарым іздеп келсе, оларға «шайтансыңдар» дейтін. Осының бәріне көніп, екі жылдай отырдым. Қайын енем де «шыда, әлі-ақ өзгереді» деумен болды. – Сізбен бірге тұрғанда уағыздар тыңдап, жасырын жиындарға баратын ба еді? – Аптасына бір рет достарымен бір жаққа барып тұратын. Маған да бірге баруымызды талап ететін. «Ниетім жоқ, өзің бара бер» деймін. Осылай жүргенде бір күні мені ұрды. Тіпті ауруханаға жатып шықтым. Екі-үш айдан кейін қайтадан таяқ жедім. Менің әкемнің өмірден өтуіне он жыл толғанда, жібермеуге тырысты. Бірақ мен бардым. Ақша беріп, әкеме бата түсірген болатынмын. Сол кезде мені балағаттап, «Бұл ісің харам» деген еді. Үш туған әпкесі бар. Отбасында жалғыз ұл. Әпкелерімен де араласпайды. Бірақ әкесі ұлына еріп сәләфизм ағымына еріп кетті. Анасы әлі бой бермей жүр. Мен екі-үш рет соққыға жығылдым, қолымды сындырды. Қысқа балақ киеді. Базардан шалбар сатып алсақ, балағын қырқып тастаймыз. Сөйтіп, сол шалбарды екі айда бір рет қана жуамыз. Дарын Мүбаровтың уағыздарын тыңдайтын. Тамақты дастарқан басында ұрыс-керіссіз ішпейміз. Үйленгенде той-томалақ жасағанбыз. Ол кезде тәп-тәуір жігіт еді. Үйде теледидар көрмейміз. Ол жоқта балаларым «Балапан» арнасын көреді. Үйге келген соң, теледидарды өшіріп қоямыз. – Сізге жұмыс істеуге рұқсатын берді ме? – Мен жанармай бекетінде жұмыс істейтін едім. Ол мені «Үйде отырасың» деп жұмыстан еріксіз шығарып алды. Өзі де жұмыс істемеді. Осылайша әке-шешесінің зейнетақысына күнімізді көріп жүрдік. Кейін қайтадан жұмысқа шықтым. Себебі балаларымызға шұлық та ала алмай қалдық. – Бүгінде балаларына қарайласа ма? – Мүлдем қарайласпайды. Үлкен ұлым қыстық аяқ киімі болмаған соң, сабаққа да бара алмады. Баламызды тоқпақтап, өзімен бірге намаз оқытатын. Мектеп мұғалімдері ұлыма аяқ киім сатып алып берді. Ажыраспай тұрғанымызда достарымен бірге, бір әйелді баласымен алып келді. Пәтер жалдап тұратынбыз. Қасымыздағы пәтерге әйелді орналастырды. Бір күні сол әйел менің балаларыма себепсізден-себепсіз ұрыса бастады. Күйеуім сол әйелді алады екен деген сыбыс естідім. Бұл әйел Шымкент қаласының тұрғыны екен. Осы ағымға кіргеннен соң отбасымен араласпай кеткен. Күйеуім балаларыма «Осы кісі сендердің аналарың, бағыныңдар» депті. Қайын енем «Әйел алса, ала берсін, ертең саған қайтып келеді» дейді. Ақыры, не керек, менімен ажырасып, екі әйелге үйленді. Олардың біреуімен ажырасып кетті. – Ажырасқандарыңызға қанша уақыт болды? – Ажырасқанымызға бір жыл болды. Балаларымызға бір тиын алимент төлемейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Табысым – айына 33 мың теңге. Қыста 40 мың теңгеге дейін пәтерге төлеген кездеріміз болды. Жылу мен жарыққа 25 мың теңге төлейміз. Қыста одан да көп шығады. Анамның зейнетақысымен де төлеп шықтық. Арасында несие алдым. Кейде заттарымды саттым. 2009 жылы ажырасып, қайта қосылғанымыз бар. Үлкен ұлым 10 жаста. Кішісі – 5 жаста. Екінші рет қосылғанымызда екінші ұлымды дүниеге әкелдім. Күні-түні маған тыныштық бермей аңдып та жүрді. Біз ажырасқанбыз ғой! Тыныштық бергенін қалаймын. Алиментті төлеттіруге сот орындаушылардың да шамасы келмей жатыр. Үлкен балам әкесін көрсе, айдаладан қашады. Менің қатты күйінетінім алимент төлемейді. Бір ұлыма 1 миллион 800 мың, екіншісіне 800 мыңдай қарыз. Бүгінде жанармай бекетінде оператор-кассир болып жұмыс істеймін. Арасында кафеде жұмыс болса, соған да шығып тұрамын. Ең бастысы алиментті төлесе екен. – Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Қадірәлі САРЫПБЕК.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар