«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қараусыз мал – қарақшыға олжа

Қараусыз мал – қарақшыға олжа
ашық дереккөз
Қараусыз мал – қарақшыға олжа

Бүгінде қай өңірде де мал ұрлығының тыйылмауы өзекті мәселеге айналып отыр. Жылдар бойы бағып-қағып, баптап күткен малдарынан бір-ақ сәтте айырылып қалу ауыл-аймақ тұрғындарының ешбіріне оңай тимесі анық. Бұл онсыз да төмен ақылы, маусымдық еңбек жағдайында өмір сүріп жатқан ауылдықтардың материалдық тұрмыстарына кері әсерін тигізуде. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батамын деп ұрлыққа баратындар саны да азаяр емес.

Сонда мал ұрлығының жиі орын алуы ненің салдарынан болып отыр? Құқық қорғау органы қызметкерлерінің дәрменсіздігінен бе, әлде мал иелерінің жауапсыздығынан ба? Екеуі де бар. Содан да айласы асқан қылмыскерлерге құрық салу қиын болып тұр. Мал ұрлығы қылмысының ашылу деңгейінің көңіл көншітерліктей болмауы халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімсіздігін тудыруда. Бүгінде онымен күрес шаралары тіркелген қылмыс санын кеміте алмай отырғаны ешкімге құпия емес. Сарысу ауданының аумағында барлығы 296394 бас мал тіркелген, оның ішінде мүйізді ірі қара – 19959, ұсақ мал – 268760, жылқы – 5601, түйе – 2036, шошқа – 38 бас көлемінде. Мал шаруашылығы – аудан тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі, яғни олардың күнкөрісі төрт түлікпен біте қайнасып жатыр. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы шаруаның қолындағы барын қаққанмен бірдей. Ауданда биылғы төрт айда барлығы 48 ұрлық дерегі тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8-ге артып отыр. Оның ішінде 4 мал ұрлығы орын алып, ұрлықтың бұл түрі де өткен жылға қарағанда артқан. Былтыр осы кезеңде 3 мал ұрлығы тіркеліп, 1 қылмыс ашылған болса, биыл төрт ұрлықтың екеуі ғана ашылған. Осы көрсетілген қылмыс барысында 15 бас мал ұрланған (8-і ұсақ мал, 7-сі мүйізді ірі қара малы). Ал былтыр осы уақытта 17 бас малды өзгелер пайдаға жаратқан. Мал ұрлығы санының азаймай отырғанына орай оған қарсы аудан тұрғындары, жергілікті жердегі ақсақалдар алқасының және көше комитетінің төрағалары бірлесе қимылдап, тосқауыл ұйымдастыру қажет деп санайтын аудандық полиция бөлімінің бастығы Қ. Қапаров қылмыстың ашылуына септігін тигізген азаматтарға ақшалай сыйақы берілетінін хабарлап отыр. Бас полицейдің айтуынша, көбіне ұрланып жатқан өрістегі қараусыз малдар тобы екен. Мал иелері өздеріне тиесілі малдың жоқтығын 3-4 күн өткен соң ғана анықтап, яғни мал ұрлығы дерегінің ізін суытып, қылмыстың ашылуына қиындық туғызатын көрінеді. Аталған себептерге байланысты полиция қызметкерлері тұрғындардан малын кезекпен, не болмаса ақылы бақташыға жайғызуды ұйымдастыру қажет деп санайды. Мәселен, аудандағы Түркістан, Үшбас ауылдарында жылқы, сиыр бағу кезегі ұйымдастырылып, нәтижесінде мұнда мал ұрлау оқиғасы орын алмаған. Осы тәжірибені барлық ауылдарда ұйымдастыру қолға алынса құба-құп. Сондай-ақ тұрғындар өздеріне тиесілі малды ветеринарлық есепке тіркеп, әрбір малға ен салып, сырға тағу қажеттігін басты назарға алғаны жөн. – Ауданда мал ұрлығының алдын алу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері ұдайы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Ұрланған немесе құжатсыз тасымалданатын малды анықтау мақсатында әр аптаның сенбіден жексенбіге қараған түні «Жаңатас – Тараз», «Жаңатас – Шымкент», «Саудакент – Тараз» тас жолдарына бекеттер қойылады. Нәтижесінде жыл басынан бері 12 автокөлікке заңсыз мал тасымалдағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сай шара қолдану үшін аудандық ветеринариялық қызметіне жолданып, құқық бұзушыларға әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында облыстық полиция департаментінің, облыс әкімдігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы облыс көлемінде, соның ішінде Сарысу ауданында орналасқан фазендалар, қашарлар және мал жайылымдарын тексеріп, олардың иелері мен малшыларына мал ұрлығының алдын алу және болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы аудан бойынша 106 фазенда мен қашарға тексеру жүргізілді, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Аманжолов. Мал ұрлығымен күресудегі тағы бір күрделі мәселе, қылмыскерлерді құрықтауда жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құралдары жұмсалып, қылмыстың ашылуына қол жеткізгенде жәбірленушілер кешірім-арыз жазып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы көрсеткендерін өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығарып жататын жайлар да кездесіп, кісі қорасындағы төрт түлікке көз сатқандардың екінші рет ұрлыққа баруына мал егелерінің өздері кінәлі болып жататын жайттар да кездесетін көрінеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кейбір малы жоғалғандар малдарын өз күштерімен бірнеше күн іздеп, соңынан таппаған соң біраз уақыт өткізіп полиция органдарына 3-4 күннен кейін хабарласады. Ал бұл уақытта барымташылар малды сойып, етін өткізіп үлгереді. Қылмыстың ізі суып кеткен соң ұрыларды табу оңайға түспейді. Ал кейде керісінше, ауыл тұрғындары малын қырдан таппаса дереу полицияға мал ұрланды деп арыз жазады екен. Кей кездері полиция қызметкерлері бірнеше күн қызметтік уақыттарын бөліп, қыр асқан малды тауып, егелеріне айдап алып келетін жайттар да кездесетін көрінеді. Мемлекет әрқашан азаматтарды және олардың мүлкін қандайда бір қылмыстық қол сұғудан қорғайды. Алайда қараусыздықтан басқа аумаққа өріп кеткен малды полиция іздеп тауып, егесіне қайтаруға міндетті емес, олар азаматтардың мүлкін тек қылмыстық іс-әрекеттер болған жағдайда қорғауға міндетті екеніне де назар аударған жөн сияқты. Иә, ауылдардағы мал ұрлығымен күрес әлі күнге дейін өткір күйінде қалып отыр. Расында да, мал ұрлығына тек құқық қорғау органдары жауапты емес, бұл індетті жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар және елге жанашыр белсенділер бірігіп жасайтын іс-шаралар арқылы ғана жоюға болады. Жоғарыда айтылғандай, мал ұрлығының жиі кездесуінің негізгі себебі, мал иелерінің жайылымдарға малын қараусыз жіберуі және қораларының тиісті деңгейде жабдықталмауы болып отыр. Шынында қазір қаладан аздаған шақырым шыға қалсаң ауылдардан алыста қараусыз жайылып жүрген малды жиі көресің. Жұрт үйірдегі жылқысы мен табындағы сиырын жайылымға айдап жібереді. Олар өрістегі малдардың көбін қараусыз қалдырғандықтан, көз сүзген ұрылар ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланады. Әрине, бір сиырдың артынан егесі күні-түні жүре алмайды. Дегенмен, төрт түліктің негізінен жайылымдарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Ауыл тұрғындары бірігіп, кезекпен ауылдың малын қарауға немесе ақылы бақташыға жайғызуды ұйымдастыру қажет. Айта кететін жайт, қараусыз жүрген мал тек ұрылардың тегін олжасы емес, бос мал егілген егістіктерді, маяларды таптап, ауыл шаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіріп немесе жойып, екпелерді зақымдайды. Демек, қараусыз мал басқаның мүліктік құқығын бұзып, оларға материалдық зиян келтіреді, мұндай жағдайда мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуға жатады. Қараусыз малдың кейде жол апатына себепкер болып жататынын да қаперде ұстағанымыз жөн. Қараусыз мал – қарақшыға олжа. Сондықтан тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауын тоқтатпайынша, құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі оң нәтижесін бере қоюы екіталай. Сондай-ақ халықтың полиция қызметкерлерінің жұмысына деген сенімі көбіне ұрлықтың осы түрінің ашылуына байланысты екенін құқық қорғау қызметкерлері де ұмытпағаны жөн-ау. Ендеше, полиция қызметкерлері жүйелі тәртіппен жұмыс жасау арқылы өршіп тұрған мал ұрлығының алдын алып, өзгелердің малын олжа қылған ұрыларға тосқауыл қояр деген үміттеміз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар