Жиырмадан астам азық-түлік тауарларына шектеу қойылды. Неге?

Жиырмадан астам азық-түлік тауарларына  шектеу қойылды. Неге?
ашық дереккөз
Жиырмадан астам азық-түлік тауарларына шектеу қойылды. Неге?

Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына ілуде біреуіміз болмаса, көпшілігіміздің баса мән бермейтініміз анық. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, өзіңіз күнде дүкеннің сөресінен қолға алған затыңыздың жарамдылық мерзімі, шыққан жері басқа да өзіңізге қажетті ақпараттың барлығын саралап барып алғаныңыз жөн. Еліміздің тұтынушылардың құқығын қорғау Агенттігі бүгінде Қазақстанда жиырмадан астам азық-түлік түрлерін сатуға тыйым салды. Мәселен, осы жылдың 28 наурызынан бастап Белоруссияның «Смолевич Бройлер» ААҚ мен Ресейдің «Присколье» ЖАҚ өндіретін құс етінің өнімдерін сатуға уақытша санитарлық шектеу енгізді. Өйткені, бұл еттің құрамында ылғалдың мөлшері көп, сондай-ақ, сальмонел тұқымының бактериялары анықталған. Сонымен қатар Ресейдің «Майкопский құс комбинаты» ЖАҚ, «Курский агрохолдинг» АҚҰ, «Урал бизнес» құс комбинаттарының өнімдеріне де құрамында су мөлшері көп болғандықтан тыйым салынды. Әрі бұл комбинаттардың өнімдерінде кедендік одаққа мүше елдердің мемлекеттік тілі жазылмаған болып шықты. Тағы бір нақты мысал, осы жылдың тоғызыншы сәуірінде украиналық «Ахтыр сыркомбинат» филиалы жеке кәсіпкерлік «Рось», «Приятин сыркомбинаты» АҚ, «Гадячсыр» АҚҰ өнімдеріне де шектеу қойылды. Бұл өндірушілердің өнімі майлы-қышқылдық ақуыздың мөлшері жөнінен талаптарға сай болмай шыққан. Сонымен қатар «чечил», «касичка» адыгейлік ірімшігі де тұтыну талаптарына сай еместігі анықталған. Өйткені, онда өнімнің атауы, өндірушінің мекен-жайы, герметикалық қорабы, мемлекеттік тілде жазылмаған. Мамыр айында да Латвиядан әкелінген шпрот өнімдері мен Италия, Шотландия, Белоруссия, Ресей, Франция және басқа елдерден әкелінген алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған болатын. Сатылуға шектеу қойылған тауарлардың ішінде экспорттаушы «Corporation fruticola de Chincha s.a.s.» жүзімі де бар. Бұл жүзімнің құрамында метомил арамшөбі болған. Сол секілді «Орлепродукт» ЖАҚ өндіретін сиыр етінен жасалған өнімдерге де тыйым салынған. Ол өнімнің құрамында шошқа етінің бактериялары болған. Австралиялық «Рибай Черного Ангуса» сауда белгісімен сатылған сиыр етіне де шектеу қойылған. Бұл еттің құрамында адам ағзасына зиянды тренбалон ацетат ветеринарлық препараты болған. Сонымен қатар биылғы жылдың оныншы шілдесінде шығарылған жері белгісіз жаппай сатылымға шыққан балалар ойыншығы мен ойыны қатаң бақылауға алынған. Біз осы жайға қатысты облыстағы ахуалды сараламақ ниетпен облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Талғат Көпелбек мырзаға бірнеше сауалды көлденең тартқан едік.

– Талғат Оразбекұлы, облыс көлемінде бүгінде қандай азық-түлік тауарларын сатуға тыйым салынған? Олардың түрлерін, сипатын тарқатып айтсаңыз? – Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылық азық-түлік базарларын қауіпті және сапасыз өнімнен қорғау мақсатында осы жылдың 7 айында тағам өнімдерінің өндірілуіне және сатылуына жүйелі түрде бақылау жүргізілді. Осы мерзім аралығында облысымызда сатуға тыйым салынған және жарамсыз деп танылған тамақ өнімдері 9407 килограмды құрады. Бұл жерде отандық тамақ өнімдерінің үлесі – 99,2 килограмм (1,05 пайыз), ал 9307,5 килограмы (98,9 пайыз) импорттық өнімдерге тиесілі. Оның ішінде елімізде өндірілген ет өнімдері - 37,2 килограмм, сүт және сүт өнімдері - 5,31 кг, жарма және ұннан тартылған өнімдер – 3,6 килограмм, нан және нан өнімдері – 3,18 килограмм, басқа да өнімдер – 20,58 килограмм, жеміс-жидектер, бақша дақылдары - 24,3 килограмм құрады. Импорттық өнімдердің ішінен 9291 килограмм сыра, өндірушісі Қырғызстан Республикасы «Абдыш-Ата» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығы, жеміс-жидектер, бақша дақылдары - 16,2 килограмм, (Украина, Иран), қант және кондитерлік өнімдер – 0,3 килограмм (Иран, өнімдері). – Тыйым салуға қандай факторлар себеп болады? – Жарамсыз тамақ өнімдерін сатуға тыйым салуға және жоюға тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың, тауар - ілеспе құжаттардың жоқтығы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тамақ өнімдері, даярлаушы, тасымалдаушының анықтамасы туралы мәліметтердің жоқтығы, тамақ өнімдерінде мемлекеттік және орыс тілінде белгіленетін арнайы таңбалардың болмауы, сақтау жағдайлары талаптарының орындалмауы себеп болады. Мұндай санитарлық ережелерге сай келмейтін тағам өнімдерін сақтау жағдайының бұзылуы және сапасыз тамақтарды сату деректері бойынша жарамсыз тамақ өнімдерін сатуға тыйым салу және жою бойынша хаттама толтырылып, айыппұлдар салынады. Мәселен, жарамсыз тамақ өнімдерін сатуға тыйым салу және және жою туралы 2014 жылдың 2 сәуіріне мораторий жарияланғанға дейін 12 қаулы шығарылып, талап-арыз Жамбыл облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының қарауына жіберілді. – Бүгінде құрамында адам ағзасына қауіп төндіретін элементтері бар тауар түрлері өте көп. Мұндай тауарлардың еліміздің сауда орындарына түспеуі бағытында қандай шаралар атқарылуда? – Кеден одағының техникалық регламентінің және ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін еліміздің аумағына әкелу мен өткізуді шектеу бойынша уақытша санитариялық шаралар енгізу туралы, өнімді қолдануға және өткізуге тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы тұтынушылардың құқығын қорғау Агенттігі осы жылы бірнеше қаулы қабылдаған болатын. Мәселен, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 21-бабының, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының, ел Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2267 қаулысымен бекітілген Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ, кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді еліміздің аумағына әкелуге, сондай-ақ, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу ережесінің 2-бөлімінің 4-тармағының негізінде: мән-жайы анықталғанға дейін, Қазақстан Республикасы аумағына импортталған украиналық ЖК «Рось» «Ахтырский сыркомбинат» филиалы, «Пирятинский сыркомбинат» АҚ, «Золотошский маслодельный комбинат» ЖШС және «Техмолпром» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығының сүт өнімдерін әкелуге тыйым салынған. Сонымен қатар алкоголь өнімдері бойынша Қазақстан Республикасы аумағының тұтынушы нарығына Италия, Франция, Шотландия, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасынан экспортталатын өнімдер ұлттық заңнама талаптарына сай болмағандықтан, оларды әкелуге уақытша рұқсат жоқ. Сондай-ақ, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының жүргізген санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша «Рибай Черного ангуса» тауар белгісімен Австралиядан өндірілетін салқындатылған сиыр етінің сынамасында ветеринарияда ірі қара малдың бұлшық ет массасын жоғарылату үшін қолданылатын және адам денсаулығына көптеген жанама әсерлері бар өсу гармоны болып табылатын тренбалон ацетат ветеринариялық препараты анықталған. Осы жағдайға байланысты аталған сиыр етін елімізге әкелу мен өткізу де тоқтатылып тұр. Бұдан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша Латвия Республикасында өндірілген балық консервілерінде (шпроттар) бенз(а) пирен құрамының артуы анықталып ( рұқсат етілген 0,005мг/кг деңгейден 4 есе артық), көрсетілген энергетикалық құндылықтың сәйкес еместігі, мемлекеттік тілде таңбалануының болмауы бөлігінде анықталған фактілер бойынша материалдарды қарап, Қазақстан Республикасы мен Кеден одағының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының («Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» 021/2011 Ко ТР ) және «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімдері» (022/2011 КО ТР Кеден одағының техникалық регламенттерінің) талаптарының бұзушылығы орын алып, 2010 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы заңымен ратификацияланған Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімінің 5 және 9-баптары, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-тармағы және 21-бабының 8-тармағының 4) тармақшасы негізінде: 2014 жылғы 12 маусымнан бастап Латвия Республикасында өндірілген консерві өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу мен өткізуді шектеу бойынша уақытша санитариялық шаралар енгізілді. Бұдан басқа да арнайы қаулы негізінде сатылуға тыйым салынған тауарлар бар. Ол қаулылардың барлығының орындалу барысы қазір біздің бақылауымызда. Қаулылардың орындалуы бойынша ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар назарына дер кезінде ұсынылды. Тұрғындар арасында акция өткізу кезінде көрсетілген өнімдер анықталған жоқ. – Жалпы, тұтынушылардың құқығын қорғауда жергілікті деңгейде атқарылып жатқан шараларды айтсаңыз? – Өңірде тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылық азық-түлік базарларын қауіпті және сапасыз өнімнен қорғау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Еліміздің 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында декреттелген контингенттермен «Қауіпсіз және салауатты тағамтану – ұлт саулығының негізі» тақырыбында оқыту семинарлары өткізілді. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерлер арасында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша баспасөз жиыны өтті. Меншік түріне қарамастан, тамақ өнімдері өндірісі мен мекемелерінің өкілдеріне, қоғамдық тамақтану және сауда нысандарының жетекшілері, қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметкерлері арасында «Тұтынушыға арналған ақпарат», «Тұтынушы құқығы» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тауар және халыққа қызмет көрсету және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері бойынша ақпараттар департаменттің веб-сайтында: «Пресс служба» айдарында, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» айдарында тұрғындарға кеңес беріліп отырады. Сонымен қатар тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері бойынша жеке кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында әр аптаның бейсенбі күндері «Ашық есік күні» жарияланған. Бұдан бөлек азаматтарды жеке қабылдау және әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша кеңес беріледі. 2014 жылдың мамыр айынан бастап супермаркеттердің фойелерінде, сауда орталықтарында акция өткізу жалғасуда. Жеке кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен, «Нұр Отан» партиясы, құқық қорғау органдары тұлғаларының қатысуымен бірнеше тақырыпта дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар