«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сұлу Жібек арқылы қазағымыздың текті болмысын танытып қайттық»

«Сұлу Жібек  арқылы қазағымыздың текті болмысын танытып қайттық»
ашық дереккөз
«Сұлу Жібек арқылы қазағымыздың текті болмысын танытып қайттық»

 width=Болат Бекжанов, облыстық қазақ драма театрының директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері.

   

Біздің «Қыз Жібегіміз» резонанс туғызды. Шетелдік сыншылар «Бір халықтың болмысын, өткен жолын, махаббатын байқадық, мәдениетін, өнерінің әріден келетінін керемет сюжет, оқиға, ән, би, ишара арқылы аңғардық. Біз Еуропаға көп қараймыз. Осындай ұлттық бояуы қанық шығармаларды аз насихаттайтынымызды мойындауымыз керек», деп баға берді.

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="100525,100524,100522"]

– Облыстық қазақ драма театрының ұжымы Татарстанның Қазан қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың ХІV халықаралық «Наурыз» театр фестиваліне қатысып қайтты. Бұл сапар біздің өнер ұжымына не берді? – Бұл халықаралық театр фестивалі Қазан қаласында жыл сайын өтеді. Осыдан екі жыл бұрын да ұжымның көркемдік жетекшісі Мәлік Ақүрпеков екеуміз барып қайтқан едік. Әркезде әртүрлі сипатта ұйымдастырылады. Алдыңғы барғанымызда оқу, тәжірибе алмасу түрінде өтіп, режиссура, суретшінің жұмысы, музыкамен көркемдеу, жарық беру, актерлік шеберлік бойынша жеке-жеке дәрістер тыңдағанбыз. Спектакльдерін тамашалағанбыз. Сол жолы олардың шеберліктеріне, жоғары деңгейіне қызығып қайтқан едік. Себебі Камалов атындағы Қазан театрының 100 жылдық тарихы бар. Олар Ресейдің театр мектебімен тәрбиеленген. Солармен теке тіресіп, өздерін дамытып, ілгерілеп отырады. Сондықтан түркі тілдес халықтардың ішінде Қазан театрының шоқтығы биік, шеберлігі жоғары. Қазан қаласы – түрік тілді халықтардың мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің бастау алған ошағы. Мұнда кезінде біздің Ахмет Байтұрсынов бастаған алыптарымыз болған. Айтпақшы, бұрын барғанымызда Қазан театрының «Это жизнь» деген қойылымын көрдік. Қойылымның ұзақтығы – 4 сағатқа жуық. Оразаның кезі еді. Біраз актеріміз: «Сонша ұзақ отыра алмаймыз, уақтылы ауыз ашуымыз керек», деді. Бірақ қойылым қалай басталды, ішіне кіріп, өзімізді ұмытып кеттік. Төрт сағат басқа әлемде болдық. Ал ауызашарға асыққандардың да «ауыздары ашылып» қалған екен. Біз Қазан фестиваліне «Қыз Жібекті» апарсақ, сол «Қыз Жібек» шығармасының өзі 1905 жылы Қазан қаласында алғаш рет басылған. Қазан қаласының тұрғындары театрға бейім. Түсінеді. Бұл фестивальде жүлде жоқ, сын айтылмайды. Бірақ сыншылары өз газеттеріне пікірлерін жазады. – Бұл фестивальге «Қыз Жібек» қойылымын алып баруларыңыздың себебі неде? – Қазанға еліміз бойынша екі театр ғана барды. Алматыдан барған «Қуыршақ» театры «Гамлетті», біз «Қыз Жібекті» қойдық. Бұл халықаралық фестивальге қатысу оңай емес. Әуелі спектакльдің бейнетүсірілімін жіберу керек. Оны арнайы комиссия көреді, сараптайды. Биыл еліміздің бірнеше театры сол комиссияға шығармаларының бейнетүсірілімдерін жіберген. Сараптамадан жоғарыда айтқанымдай, қазақстандық екі театр ғана өтіп тұр. Біз корольдер өмірінен қойылған шығармалардың бірін немесе «Отелланы» жіберсек, өтпейтін бе едік. Ондайлар ол жақта миллион рет қойылып жатыр. «Қыз Жібек» – бір халықтың тарихы, болмысы, ұлттық бояуы. Міне, осы жағынан ұттық деп ойлаймын. «Қыз Жібекті» қазандықтар керемет қабылдады. Бізге олар таңғалды, біз олардың түсінігіне таңғалдық. Кабан деген өзендері театрдың дәл түбінен ағады екен. Соған паром жасап, сахнаны суға жүздіріп қойыпты. Біз «Қыз Жібекті», міне, осы сахнада, ашық аспан астында қойдық. Көрермен өте көп жиналып, өзен жағалауын қоршап тұрды. Әуелі тілімізді түсінбейтін шығар деп ойлағанбыз. Олар бізді әбден түсініп, қойылымның қайғылы сәтінде көздеріне жас алып, жылап отырып көрді. Бұл – Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» емес, мұны өңдеп, сахнаға негіздеген және қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов. Мұнда шығарманың барлық мазмұны сақталған, сөз көп емес, әнге, биге, іс-әрекетке құрылған. Қысқасы, осындай фестивальге арналған қойылым дер едік. Біздің «Қыз Жібегіміз» резонанс туғызды. Шетелдік сыншылар «Бір халықтың болмысын, өткен жолын, махаббатын байқадық, мәдениетін, өнерінің әріден келетінін керемет сюжет, оқиға, ән, би, ишара арқылы аңғардық. Біз Еуропаға көп қараймыз. Осындай ұлттық бояуы қанық шығармаларды аз насихаттайтынымызды мойындауымыз керек», деп баға берді. Мұнда Қыз Жібекті – Зарина Асан, Төлегенді – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков, Бекжанды – Мәмбет Қожалиев, Айдарды – Қазақстанның мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, жеңгесін Жадыра Құлтаева ойнады. Олар да халықтың құрметін көріп, керемет әсер алды. Жалпы, 15 адам апарғанбыз, 12-сі – актер. Біз дәл осы «Қыз Жібекпен» осыдан екі жыл бұрын Румынияда өткен Халықаралық театр фестивалінде бас жүлдені иеленген болатынбыз. Қыз Жібекті ол кезде де Зарина Асан ойнаған. Бұл жолы Қазан халқының қошеметіне бөлендік. Бұл фестиваль біздің театр актерлерінің, мамандарының өсуіне, тәжірибе жинауына, басқаша ойлауына әсер етті деп ойлаймын. Әлем дамып жатқанда, әлемнің театрлары да дамуы керек. Осы даму көшінен біздің қазақ өнер ұжымдары да қалмауы тиіс. – Жалпы Қазан қандай қала? Тұрғындарының мінезі, менталитеті, өзгеге құрметі қандай? – Бізге ерекше қуаныш сыйлағаны – Қазан қаласында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атында үлкен орталық көше бар екен. Сол көшені барып, аралап көрдік. Керемет әсер алдық. «Алматыда көшесі бар Абайдың, Кейде оған Абай болып қараймын» деп ақынның өлеңінде айтылғандай, «Қазанда да көшесі бар қазақтың, Мен де оған қазақ болып қараймын» деп қуанып, мерейіміз өсті. Жаңа Қазан қаласы салынып жатыр, ескі Қазанды да сақтапты. Қаланың ішінен Еділ өзені ағады. Қызықтық. Қызығып тұрып: «Біздің Астанада да Есіл өзенінің жағалауы керемет ғажап қой. Ғажайып сұлу қала бізде де бар. Біздің елорданың сұлулығына сырт елден келгендер дәл біз Қазанда тамсанғандай тамсанады екен-ау» деп ойладық. Тұрғындары мәдениетті, өте кішіпейіл. Баратын мекен-жайды сұрай қалсақ, жаны қалмай түсіндіреді. Сәл түсіне алмай қалсаң, алдыңа түсіп, жорғалап сол мекен-жайға жол көрсетіп, апарады. «Керегі жоқ» дегеніңді тыңдамайды. Ұлы да, қызы да сондай. Қазаннан алған әсеріміз өте ерекше. Айтпақшы, олар биылғы фестивальді Башқұртстанның және Башқұрт театрының 100 жылдығына арнапты. Үнемі байланыса берсек, мұндай құрмет біздің театрға да көрсетілер деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Әріптестер Лебізі

Анар Сағымбекова, театр режиссері: – Қазан театрының ашылуына арналған баспасөз мәслихатында сөз сөйлеп, өзіміздің театрдың тарихын, бүгінгі болмысын айтып, хабарлама жасадым. Оны да әр елден келген үздік мамандар ықыласпен тыңдады. Қазандағы әр сәтіміз әсерге толы болды. Жиналған бірнеше елдің театр ұжымдарымен танысып, ой бөлістік. Қазан қаласының қарапайым тұрғындарының ізетіне риза болып қайттық.

Мәлік Ақүрпеков, көркемдік жетекші: – Осындай фестивальдерге бару арқылы біздің театр да өседі, актерлердің шеберліктері шыңдалады. Сондықтан Қазан фестивалінің бергені өте көп болды. Екі жыл бұрын да барып, тәжірибе жинап қайтқан едік. Мұндай халықаралық шараларға қатысуымыз біздің ұжымның абыройын көтереді. Сондықтан осындай сапарға мүмкіндік жасаған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына алғыс айтамыз.

Зарина Асан, актриса: – Жабық сахналарда ойнап жүрміз. Ашық аспан астында ойнау мүлде бөлек екен. Қазан халқы ашық аспан астында «Қыз Жібекті» ерекше қабылдады. Тілі бөлек болса да, қимыл-әрекетімізден, көңіл-күйімізден барлық жағдайды түсініп, қолдап, қолпаштап отырды. Олар да қойылым біткенше бізбен бірге өмір сүрді. Қазан қаласында мәдениеті дамыған, кішіпейіл, театрды жақсы көретін, бағалайтын тұрғындар тұрады екен. Бұл сапардан алған әсерім ерекше. Осы көңіл-күй алдағы өнерімізге де оң әсер беретіні анық.

Ұқсас жаңалықтар