Бүгінгі таңда қала тұрғындарының әлеуметтік желіде жарыса жазып жүрген өзекті мәселенің бірі тұрғындарға ыстық судың берілуі тұрғысында. Рамазан айында бір ай берілген ыстық су қазір қайта тоқтатылды. Ал сәуір айынан басталып кеткен қалаішілік жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Осыған байланысты бірқатар көшелердің жол қозғалысына шектеу қойылып, жолдың орта тұсы қазылуда. Қазіргі кезде екінші магистраль бойынша Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелеріндегі және Жамбыл даңғылы, төртінші магистральда Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Д.Қонаев көшелеріндегі шаһар тұрғындары ыстық судан ажыратылып отыр. Бұл жұмыстарды атқару үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тиісті қаражат бөлініп, оған 9,3 шақырым жылу желілерін ауыстыру межеленіпті. Бірінші кезекте бұл – тұтынушыларды қыс уақтысында сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін жасалуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев айтып берді. Оның айтуынша, жылумен қамтитын кәсіпорындардың жылу жүйесі мен қазандықтарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 626,83 миллион теңге қаржы қаралыпты. «Жамбыл-Жылу» кәсіпорынның РК-1 қазандығынан қаладағы 82 көп қабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылып отыр. Соның ішінде «Қаратау» мен «Қарасу» шағын аудандары, «Массив Қарасу» мен «Қант кенті» массивтері бар. Оларда ыстық су тоқтаусыз берілетін болады. Ал шаһардағы 714 көп қабатты тұрғын үйдің 610-ында ыстық су беру тоқтатылған. Сондай-ақ «Темір жол-Жылу» кәсіпорны бойынша «Газовая» қазандығынан Байзақ батыр көшесіндегі 19 көп қабатты тұрғын үй де ыстық судан ажыратылып отыр. Жылу желілерінің ауыстырылуына байланысты жоғарыда аталған учаскелерде ыстық су қыркүйек айына дейін тоқтатылмақ. Баяндамашы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала тұрғындарын түсіністік танытуға, өздері тұратын көп қабатты тұрғын үйлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын пысықтауға шақырды. – Тараз қаласындағы жылу тарату жүйесінің ауыстырылмағанына 47 жыл болыпты. Біз жылда қаланың жылу жүйесін бөліп-бөліп жаңарту үстіндеміз. Бәрін бірден жаңғыртуға көп қаржы қажет. Бұл жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтайтын боламыз. Қала тұрғындары бұл іске түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытқаны жөн, – деді басқарма басшысының орынбасары өз есебінде. Одан кейін жылыту маусымына байланысты ағымдағы және күрделі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Абуталип Серікбаев, «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жогибаев, «Темір жол-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Гайд Константин таныстырып өтті. «Таразтрансэнерго» МКК-ның айтуынша, ыстық су айналымы болмағандықтан да өткен айда кейбір көп қабатты тұрғын үйлерге ыстық су тиісті температурада жетпеген. Ал бұл мекемеге тұтынушылардың 400 миллион теңге берешегі бар. Бүгінгі таңда 158 миллион қарызы бар жүздеген тұтынушының ісі сотқа жолданды. Жиын соңында баяндамашылар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап қайтарды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді