Сәкен Сыдықовтың қолөнерді кәсіп еткеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Жалпы бұл – оның қанында, тегінде бар өнер. Атасы Сыдық қария қолы епсекті, ұста кісі екен. Зейнетке шыққанға дейін колхозда ағаш ұстасы болып жұмыс істепті. 83 жасында өмірден озған.
Қанда бар қасиетке ден қоймасқа бола ма! Сәкеннің өзі де ұсталықтың қыр-сырына жасынан қанық болып өскен. Мектепті 1997 жылы тәмамдаған бозбала екі жыл Сарыағаш қаласындағы «Убай ибн Кааб» медресесінде оқуды құп көреді. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне түседі. Тарих-география пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан ол аталған қызметтің де «дәмін» татыпты. Бәрібір ата кәсібіне бүйрегі бұрып тұрған. Қазіргі таңда ол ағаш астау, ас табақ, ожау, қасық, басқа да күнделікті тұрмыста тұтынатын бұйымдар жасаумен айналысып жүр. – Атамның қасында жүріп, ағаштан ойып, алуан түрлі дүниелер жасауды үйренгенімнің өзіме пайдасы да тие бастады. Бастапқыда бұл кәсіппен түптеп айналысуға мүмкіндігім болмады. Отбасымды асырап жеткізуім үшін түрлі әрекеттерге бардым. Ал ағаштан кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар жасауды екі жыл бұрын ғана қайта қолға алдым. Мемлекет тарапынан көмек-қолдау бола ма деген ниетпен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына қайырылған едім. Көмек болды, сонда арнайы курстан өтіп, сертификат алдым. Көп ұзамай-ақ кәсіпкерлер палатасы мен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшыларының қолдауымен 3 миллион теңге грантқа ие болдым. Бұл қаражатқа үйімнен ағаштан тұрмыстық бұйымдар жасайтын шағын цех ашып, оған қажетті қондырғылар сатып алып орнаттым. Адам ниеттенсе барлығын да жасайды екен. Қолға алған ісім өзіме ұнайды. Бұл отбасылық кәсібімізге де айналып үлгерді. Бүгінде маған жарым Айсұлу мен ұлдарым да көмектеседі. Олар дайын бұйымдарды тазалау мен майлауға, лактауға көп көмек беруде. Цехты ашып, жұмысты жаңадан бастаған кезде электрдің үш фазалық желісін орнатуда біршама кедергілер болғанымен, уақыт өте ол да орнымен шешімін тауып кетті. Қарағаштан, еменнен түрлі бұйымдар жасау негізінен қол күшін қажет етеді. Бір ғана ыдысты жонуым үшін шамамен екі күн уақыт кетеді. Соңғы кезде ағаш бұйымдарға деген тұрғындардың сұранысы артып келе жатқаны байқалады. Жақында Қызылорда қаласындағы бір мейрамханадан түскен тапсырысты орындап, ол жаққа 90 дана астауша табақ жөнелттім. Өзіміздің өңірден де тапсырыс түсіп жатыр. Біз жасаған затымыздың қалып қоймай өткеніне қуанамыз, – дейді ол. Шебердің ағаш ыдыстарының күнделікті қолданыстағы форфор ыдыстардан артықшылығын сұрағанымызда, ол ағаш астаушалардың асқа ерекше дәм беретінін, тіпті емдік қасиеті де болатынын айтты. «Шебердің қолы – ортақ» демекші, ағаштың осындай ерекше қасиетін танып біліп, оны күнделікті тұтынатын бұйымға айналдыра білген шебердің қолынан шыққан заттарды «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқаулары сөрелерінен де жиі кездестіруге болады. Ұлттық қолөнеріміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ағаш ұстасы мемлекет тарапынан көмек-қолдау болса, аудан орталығынан өтетін үлкен күре жолдың бойынан «Шеберлер шаһары» жобасын іске асырсам деген ниеті бар екенін жеткізді. Ондағы мақсаты – шет елдерден келетін саяхатшыларға халқымыздың осынау бекзат өнерін танытып, шағын кәсіпкерлік нысанының керегесін одан әрі кеңейтіп, жастарға бұл істің қыр-сырын үйрету.
Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді