Ресей журналистері тарихи орындарды аралады

Ресей журналистері тарихи орындарды аралады
ашық дереккөз
Ресей журналистері тарихи орындарды аралады
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="100246,100247,100248,100249"]

Өңірімізде Ресейдің айтулы деген телеарналары мен басылымдарының жиырмадан аса журналисі болып, облысымыздың іскерлік туристік өндіріс ошақтарымен жəне тарихи-мәдени мұраларымен танысты. Олардың жұмыс сапары «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысымен танысудан басталды. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін зауыт ауласында серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров қарсы алды. Мұқаш Зұлқарнайұлы журналистермен зауыттың мәжіліс залында шағын баспасөз мәслихатын өткізді. – Біздің тәжірибемізде Ресейден бірінші рет осындай көлемде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп отыр. Әйтпесе біз сіздердегі тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Олармен әрдайым өзара тəжірибе алмасып отырамыз. Сондай-ақ өніміміздің бір бөлігін Ресейге өткеріп, ол жақтан қажетті құрал-жабдықтар алып, бірлесе жұмыс істеудеміз, – деді бас директор. Оның айтуынша, өңіріміздегі іргелі кәсіпорын ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарумен айналысып келеді. 1978 жылы пайдалануға берілген зауыт өткен жылы қырық жылдығын атап өтті. Ал 2016 жылы зауытқа жүргізілген қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Биыл зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 24 мың тонна азот, 122 мың тонна фосфор тыңайтқышы бар. Алдағы жылдарда өнім көлемін жылына 20 мың тоннаға жеткізуді межелеп отыр. Ішкі нарықты өніммен толық қамтамасыз ете отырып, тыңайтқышты Қытай, АҚШ, БАӘ, Ресей елдеріне де экспорттаған. Одан кейін облыс əкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова сөз алып, облыста бірден-бір іскерлік туризмін дамытуға «Қазфосфат» ЖШС-ның қосып отырған үлесінің зор екенін баяндай келіп, серіктестік басшысына алғысын білдірді. Сондай-ақ осы серіктестікпен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан ресейлік «Криогенмаш» компаниясының директоры Мария Соколова өз сөзінде «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіровке бұдан әрі де бірлесе жұмыс жасайтындығын айтып, өз тарапынан кәдесый тапсырды. Журналистерді зауыттың ішкі ұйымдастыру жұмысының қызықтырғаны анық. Олар бірінші кезекте нысанның басқару орталығының жұмысын көруге асықты. Онда БАҚ өкілдеріне зауыттың бас инженері Надежда Евдакова басқару пунктінің заманауи техникалармен жетілдіріліп, цехтардың жұмысын араламай-ақ бір орталықтан бақылап, басқаруға болатындығын айтты. Ал зауыт директоры Төлепбек Исаев бұл басқару орталығында жақында облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіп, жоғары баға бергенін айта келіп, бұл орталық туралы журналистерге мол мағлұмат беріп өтті. Келесі кезекте ресейлік әріптестер 40 жылдық тарихы бар Жамбыл фосфор зауытында болып, ондағы цехтарды асықпай аралады. Сонымен бірге ресейлік «Криогенмаш» компаниясының құрып берген құрал-жабдықтарының жұмысын бақылап, фосфор өндірісінің жай-күйімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Жалпы зауыттың жұмысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне зауыт директоры Абсамат Керімбаев түсіндіріп, қойған сұрақтарына жауап берді. Мұнда да журналистер бірнеше цехтың жұмысымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Бұдан кейін олар Тараз қаласындағы Төрткүл керуен сарайында болып қазақ тарихымен, мәдениетімен танысты. Қонақтарды керуен сарайдың қақпасынан ақ жаулықты әжелеріміз ақ пейілмен, ыстық ықыласпен, әсем әнмен, тәтті бауырсақпен қарсы алды. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова сөз алып, бағдарламаның өндіріс бөлімінен туристік бөлімге ауысқанын жеткізді. Сөйтіп, қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ежелгі тарихымен таныстыру үшін сөзді тарихшы-өлкетанушы Ескендір Торбековке берді. Ол ресейліктерге Төрткүл керуен сарайына қойылған жәдігерлерді рет-ретімен таныстырып, шаһар тарихынан да мол мағлұмат беріп өтті. Әріптестеріміз бұдан кейін «Ақыртас» қала жұрты, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы және Қарахан кесенесіне соғып, киелі орындарды аралап, қазақ тарихымен тереңірек танысқан болатын. Сапар барысында мәскеулік «360» телеарнаның тілшісі Илья Журавлевті сөзге тарттық. Ол: «2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласына бірінші рет келіп отырмын. Сапар барысында өндіріс ошағымен, туристік нысандармен таныстым. Мәскеуге барған соң көргендерімді ресейліктерге сол күйінде жеткізіп, Таразға саяхаттауды жерлестеріме үгіттейтін боламын», – деп ой бөлісті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар