«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық шаруалар көш бастап тұр

Жамбылдық шаруалар көш бастап тұр
ашық дереккөз
Жамбылдық шаруалар көш бастап тұр

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Үкіметке еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтуді тапсырғаны белгілі. Жалпы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында қабылданған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісі өз жемісін берді. Соның есебінен мал басы еселеп артып, бүгінде ет экспорты жандана түскенін көріп отырмыз. Бұған дейін ет бізге шет елдерден келетін болса, енді біз мұндай өнім түрін оларға жөнелту әлеуетіне ие болдық. Бүгінде қой етін экспорттау бойынша республикада өңіріміз көш бастап тұр. Атап айтсақ, өткен жылы елімізде 3800 тонна қой еті шетел нарығына шығарылса, оның 44 пайызы әулиеаталық тауар өндірушілерге тиесілі екен. Яғни біздің өңірде 1700 тонна ет өндіріліпті. Енді биыл аймақ тауар өндірушілері өнім көлемін 2000 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Әсіресе шетелдіктердің қозы етіне деген сұранысы жоғары. Тауардың негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасы мен Бахрейн Корольдігіне және Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне жіберілуде. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 900 тоннаға жуық сиыр мен қой еті экспортталған. Қазір ет экспорты әлеуетін арттыру мақсатында өңірімізде арнайы бағдарлама қабылданып, шетелден етті бағыттағы мүйізді ірі қара малы көптеп жеткізілуде. Облыста 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімдік салалық бағдарлама қабылданып, өңірімізге «Сыбаға» бағдарламасы аясында алыс-жақын шет елдерден 36 мың мүйізді ірі қара малын әкелу межеленіпті. Ал биыл 4000 бас мал сатып алу жоспарлануда. Шет елден әкелінетін әрбір мал басына 225,0 мың теңге субсидия төлеу көзделген. Мәселен, өткен жылы облыс шаруалары 1800 мүйізді ірі қара сатып алса, биылғы жылдың басында 850 бас мал алып келіп отыр. Одан бөлек Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм Агро» және «АгрофирмаТүркпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 1000 бас мал алып келген екен. Бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу үшін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевті сөзге тарттық. –Бағдарламаның негізгі мақсаты – шет елден сатып алынатын ет бағытындағы малдың генетикалық әлеуетін пайдалана отырып қолдағы малдың өнімділік көрсеткішін жоғарылату. Бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесінде сиыр етінің экспорттық әлеуетін арттыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Атқарылған шаралардың аясында жылдан-жылға ет экспортының ауқымы да ұлғайып келеді. Жыл басынан бері жамбылдық аграршылар 519,9 тонна сиыр, 347,3 тонна қой етін экспортқа шығарды. Өткен жылы облыс тарапынан 1014,1 тонна сиыр, 1637,1 тонна қой еті шет елдерге жөнелтілген болатын. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сиыр еті мен қой етінің көлемі тиісінше 8,9 және 5 есеге артып отыр, – деді ол. Өңірімізде ет экспортымен тұрақты айналысатын бірнеше серіктестік бар. Атап айтсақ, олар – Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік Халал тағамдары», Меркі ауданындағы «Меркі ет», Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бүгінгі таңда бұл агроқұрылымдар ет өнімдерін Иран Ислам Республикасы, БАӘ, Бахрейн Корольдігі, Кувейт, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттеріне экспорттап отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар