«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар – үміт тің жанған шырағы

Жастар – үміт тің жанған шырағы
ашық дереккөз
Жастар – үміт тің жанған шырағы

«Жастықтың аты арындап, Тас қияға өрледің», деп Абай атамыз айтқандай, жастар – адамзаттың ең тынымсыз, тамаша өкілдері. Жақсылық та адам бойына нақ сол бала кезден қалыптасады. Әрбір адам дүниеге келе салысымен, бірнәрсені білуге, үйренуге, тануға талпынады. Жастық шағымыз дүниенің тылсым сырын танып-білуге, білім мен ғылымның сан қырлы тетіктерін меңгеруге арналған уақыт. Бұл шақ – ерлік жасайтын, келешекке сатылай көтерілетін алғашқы баспалдақ. Дәл осы баспалдақта, дәл осы шақта жастар бақытын оқудан, еңбектен, ғылымнан, қалтқысыз қызмет етуден таба алатынын түсінеміз. Адамның бойындағы бұлжымас баянды нәрсе – өзінің жан дүниесіне жас кезінде сіңірген нәрсесі. Сондықтан да әрбір жас жалқаулыққа ұрынбай, оқып, ізденіп, көздеген мақсатына талпынуы тиіс. Кейін сол білімін өз ұрпақтарына үйретуі керек. «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл – әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – перспектива атаулының бастауы» деген болатын түрік әдебиетінің көрнекті өкілі Назым Хикмет. Шындығында, қай қоғамда өмір сүрсек те, бүкіл адамзаттың келешегі жас жеткіншектердің қалай тәрбиеленіп, өсуіне, кемелденуіне байланысты. Сондықтан қай кезде де жастарға бойкүйездік, тоғышарлық жараспайды, қайта үйренсем, білсем деп ұмтылып әр істе төзімділік көрсетіп, көкірегі ояу, көңілдері сергек болу жарасады. Жастық шақ – даналықты игерер кез, нағыз ерлік жасар кез. «Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шақырады. Оған жету үшін талай ізденіңдер!» – дер едім» деген жазушы Ғабит Мүсірепов. Бүгінгі ұрпақ – елдің болашағы. Әрбір мемлекет, тіпті ұлы держава атанған мемлекеттер де әрдайым жастарға үлкен үміт артып отырған. «Жастар – қырандай қырағы, Жастар – үміттің жанған шырағы», – деп қазақ поэзиясының құлагері І.Жансүгіров жас ұрпақтың – келешектің қожасы, елдің тірегі, үмітін ақтайтын мұраты екенін дөп басып айтса, «Жас күнің – өнер іздеу, нақ дер шағың, Халқыңның ойлай берші оңар жағын», – деген қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі М.Сералин. Тағы басқа біртуар азамат ағаларымыз егемен еліміздің көсегесін көгертіп, алпауыт елдердің қатарына қосатын бүгінгі жастардан зор үміт күтті. Сондықтан жастардың мойнына үлкендердің үкілі үміті жүктеліп, Отанымыздың зор сенімі артылып отыр. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп атап көрсеткен болатын. «Еліміздің жарқын болашағы білімді жастардың қолында», деген Тұңғыш Президент жастарға үміт артса, сол жастардың бірі – мен. Осы жылғы мектеп бітіруші түлекпін. Сан арман мен мақсатты арқалаған менің арманым – журналист болып еліме қызмет ету. Әр жазған мақалам арқылы отансүйгіштікті, салт-дәстүр мен дінімізді дәріптеп, қағазым мен қаламым арқылы мынау арпалысқан дүниеде халқыма қорған болу, үміті сөнген жандардың жүрегіне жылу сыйлау. Болашақ... Бұл – әрбір жас адамның арманы, көздеген мақсаты, биік белестерден асып, дегеніне жетіп, ойының жүзеге асуы. Әрбір адамның болашақ туралы ойы, болашаққа арнап құратын жоспарлары жастық шақтан басталады. Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат болуы мүмкін емес. Адамның тер төгіп атқаратын қызметі, яғни оның жас шағында алатын білімі, тәрбиесі және басқа да құндылықтары оның адам болып өсуіне сабақтасып жатыр. Бүгінде еліміздің тарихи беттері тәуелсіз елдің жас түлектерімен, өр өрендерімен ашылуда. «Ел ертеңі бүгіннен бастау алады» десек, болашақтың тізгінін ұстау үшін жақсы білім алып, еліміздің болашағын биік белестерге апаратын азаматтар болуға талпыну керек.

Жалғас ӘБЕНОВ.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар