«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыл сенсациясы: Джошуаны да есінен тандыратын ер шықты

Жыл сенсациясы:  Джошуаны да есінен тандыратын ер шықты
ашық дереккөз
Жыл сенсациясы: Джошуаны да есінен тандыратын ер шықты

Кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызы, аса ауыр салмақтағы ең үздік боксшылардың біріне телінген ұлыбританиялық Энтони Джошуа АҚШ намысын қорғаған мексикалық Энди Руиске есе жіберді. Бұған дейінгі 22 жекпе-жегінің барлығында жеңіс тойын тойлап, 21 қарсыласын баудай түсірген Энтони Джошуа Энди Руиске жеңіледі дегенге ешкім сенбеген еді. Тіпті мамандар Джошуа қарсыласын алты раундтың шамасында жүрісінен жаңылдырып, WBA, WBO, IBF, IBO тұжырымдары бойынша өзіне тиесілі атақтарын сәтті қорғайды дегенді алға тартқан. Жоқ, олай болмай шықты. Кезінде Джозеф Паркерге ұпай санымен ұтылған Руис бұл жолы барын салды. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ қарсыласын дөп соққылармен қаймықтыруға тырысқан Энтони Джошуа үшінші раундқа дейін қателікке бой алдырған жоқ. Кездесудің үшінші раунды шешуші үш минуттыққа айналғандай көрінді. Алдымен ағылшын боксшысы қарсыласын жойқын соққысымен жер бауырлатып алды. Бұрын-соңды нокдаун алып көрмеген Руис жедел орнынан көтеріліп, бойын тіктеп үлгерді. Осы кезде шабуылын үдетуге күш салған Энтони Эндидің жойқын соққыларын өткізіп алды да, ринг төріне өзі сұлқ құлады. Энтони тез-ақ есін жиды. Дегенмен оның аяқ алысы әлі де болса нокдауннан толық айықпағанын байқатты. Мұны жете түсінген Руис қарсыласын соққының астына алып, раунд соңында Джошуаны екінші мәрте сұлқ түсірді. Еңсесін тіктеген Энтониді гонг үні аман алып қалғандай көрінді. Энтони Джошуаның төртінші раундтағы қимылдары да көңілге күдік ұялатты. Руистің соққысынан кәдімгідей сескенетіні аңғарылып тұрды. Бесінші үш минуттықта ағылшын боксшысы белсенділік танытқанымен, тапал бойлы Эндиді алыс қашықтықта ұстай алмай, бірнеше соққыны жіберіп алды. Алтыншы кезең де алма-кезек шабуылдар арқылы өрбіді. Дегенмен мұнда ұлыбританиялықтың басымдығы байқала бастады. Жетінші раунд шешуші кезеңге айналды. Есін жиған Энтони Джошуадан жұртшылық жарқын жеңіс күтіп отырғанда Энди Руис қарсыласын тағы да шалқасынан түсірді. Джошуа қинала-қинала орнынан көтерілді. Әйгілі қарсыласын еш жиғызбай соққының астына алған Руис тағы да ағылшын ұлын нокдаунға жіберді. Джошуа орнынан әрең көтерілді. Дем алуы қиындаған ол рингтегі төрешінің «шайқасты жалғастырасың ба?» деген сауалына «иә» деп үн қатқанымен алға жылжи қоймады. Боксшының беті қайтып қалғанын бірден түсінген төреші кездесуді тоқтатып, техникалық нокаут тіркеді. Міне, сенсация! Тұңғыш рет тарихта мексикалық былғары қолғап шебері аса ауыр салмақта әлем чемпионы атағына ие болды! Джошуаның бұл жеңілісі кәсіпқой бокс әлемін дүр сілкіндірді. WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деонтей Уайлдер: «Ол ешқашан нағыз чемпион саналған емес. Кімнің кімнен қашқанын енді түсінген боларсыздар?» деп, ағылшындық боксшыны табалауды ұмыт қалдырмады. Негізі осы жылдың аяғында немесе келесі жылы Энтони Джошуа украиналық Александр Усикке қарсы шаршы алаңға шығуы тиіс еді. Әзірге ол жоспардың күл-талқаны шықты. Дегенмен Джошуа келісім - шартта көрсетілгендей қарымта шайқасқа шығып, Руистен чемпиондық белбеулерді тартып алатын мүмкіндікке ие. Қарымта шайқастан Энди Руис те бас тартып отырған жоқ. Алыптардың салмағында қызық енді пайда болды. Бұл шиеленіс алдағы күндері қалай жалғаспақ? Бәріне уақыт төреші.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар