Қариясын сыйлаған ел азбайды

Қариясын сыйлаған ел азбайды
ашық дереккөз
Қариясын сыйлаған ел азбайды

Кеше облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті V пленумы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Пленум мәжілісінің күн тәртібіне сәйкес, Байзақ және Жуалы аудандық ардагерлер кеңестерінің Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына дайындықтары туралы есептері тыңдалды.

Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәш Шәметұлы өздерінде 9000-ға жуық ардагер есепте тұратынын, 18 ауылдық округте 53 бастауыш және 25 цехтық ұйым барын тілге тиек ете келіп, қарияларға жасалып отырған қайырымдылық шараларына тоқталды. – Бұл ұйым жастар тәрбиесіне де баса назар аударады, – деді Рәш ақсақал. – Мысал келтірсек, өткен жылы мамыр айында Суханбаев ауылы ардагерлерінің ұйытқы болуымен Дихан, Түймекент ауылдарының ақсақалдары бас қосты. Алқалы жиынға округ әкімдері, ұйым өкілдері, мектеп директорлары, әкімшілік пен құқық қорғау орындарының жауапты мамандары қатысып, үш ауылдық округтегі жастар арасында белең алған тәртіпсіздіктерді медиация әдісімен реттеуге қол жеткізді. Аудан орталығында жаңадан құрылған Бәйтерек ауылдық округі ардагерлерінің жұмысы көңіл аударарлық. Бес бастауыш ұйымда есепте тұратын 800-ден астам ардагер- зейнеткер ауылды абаттандыруға, көше тазалығын сақтауға, көгеріштендіруге айрықша мән береді. Аудан ардагерлері ақылшы-кеңесші ғана емес, қолдарынан көп шаруа келетіндіктерін де дәлелдеп отыр. Мысалы, 700-ден астам ардагер егін егіп, мал өсірумен айналысады. 30-ға жуық ардагер тікелей шаруа қожалықтарына басшылық етеді.

26

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай:

– Ауданның 14 ауылдық округінде 14 ірі бастауыш ұйым бар. Жалпы, барлық елді мекендерде 74 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде, 32 мектептің жанынан жаңа бастауыш ардагерлер ұйымдары құрылған. Осы бастауыш ұйымдарда 626 ардагер есепте тұрады. Аудан бойынша зейнеткерлер саны – 4700-ден асады, – деп өңірдегі қариялардың жай-күйіне тоқталды. «Аудандағы әрбір соғыс және тыл ардагерінің үйіне барып, әңгімелесіп, хал-жағдайын біліп, олардың соғыста жүріп өткен жолын анықтау үшін әрқайсысына жеке-жеке карточка толтырдық. Соғыс ардагерлерінің үйіне тақта орнаттық. Аудандық аурухананың әр бөлімшесінен сол кісілерге арнайы бөлме ашылды. Мектеп оқушылары ардагерлер үйіне барып, қолғабыс жасап тұрады. Биыл шілде айында Түктібай елді мекенінде Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған азаматтарға арналып ескерткіш бой көтерді. Ертай ауылында да соғыс ардагерлеріне арналған үлкен ескерткіш салынып жатыр. Ол Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бітетін болады» деді. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың дерегін ерінбей іздестіріп, есімдерін анықтап жүрген азамат, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекқұлы Әліұлы сөз алып, көптеген игі істерін алға тартты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков ардагерлерге көрсетіліп отырған жәрдемдер жайын мәлімдеді. Ардагерлер қойған көкейтесті сауалдарға жауап қайтарды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне, соғысқа қатысушылардың жесірлеріне тұрақты түрде көңіл бөліп, қамқорлық көрсету бағытында өңірімізде атқарылып жатқан тірліктер тұрғысында ой өрбітті. – Ең басты жаңалық – Тараз қаласының қақ төрінен облыстық Ардагерлер үйі құрылысының басталуы болып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен құрылысы жүріп жатқан бұл ғимаратта аймақ ардагерлерінің бас қосып, ой бөлісіп, әртүрлі іс-шаралар өткізуіне жағдай жасалатын болады, – деді ол. – Ардагерлердің негізгі қамқоршысы ұжымдар десек болады. Зейнеткердің өмір бойы жұмыс істеп, зейнетке шыққан жері – ұжым екені белгілі. Сондықтан, ұжымдар олардың жағдайымен жақсы таныс болып, әсіресе, тұрмыс жағынан жәрдем қажет ететін, денсаулықтары төмен ардагерлерді тікелей өздерінің қамқорлығына алулары керек деп ойлаймыз. Бүгінде облыс бойынша 278 соғыс ардагері, 14 соғыс жесірі, 7500-ден аса тыл еңбеккері бар. Олар қартайды, денсаулықтары да төмендеген. Көбі үйлерінен де шыға алмайды. Міне, осыларға – қырғын соғысты, адам айтқысыз ауыр жылдарды бастан өткізген адамдарға шынайы қамқорлық, шынайы адамдық қасиет көрсету біздің күнделікті жұмысымыз болуы керек. Соғыс ардагерлері шипажайларға тегін жолдама алмайды. Бұл түсініксіз жағдай. Осы мәселе қаралса дейміз. Соғыс ардагерлерінің қатарына тыл еңбеккерлерін қосу керек деп ойлаймын. Олар тәуелсіз мемлекеттер басшылары кеңесінің қаулысында соғыс ардагерлері қатарында тұр. Облыс орталығында ардагерлер емделетін, демалатын санаторий жоқ. Осы мәселелер қаралып, шешімін тапса дейміз, – деп қорытындылады сөзін Т. Төребеков. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ардагерлердің қоғамдық тұрақтылық пен татулықты орнықтыруға атсалысып, жастарымыздың бойында ұлтжандылық қасиеттерін орнықтыруға үлкен үлес қосып жүргенін айта келіп, аудан, қала әкімдері әрбір ардагердің қажеттілігін зерттеп, ешқандай әңгімесіз олардың проблемаларын шешулері қажет, бұл жұмыстар қазірден басталуы тиіс, – деді. – Бүгінде ортамызда 278 ғана соғыс ардагері қалды,оның 100-ге жуығы өздігінен жүре алмайды, – деді ол. – Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған алдыңғы толқын ағалардың соғыстан кейінгі бейбіт еңбектегі жанқиярлық жалынды істері бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра, үлкен ұлағат деп есептеймін. Біз әрдайым соғыс және еңбек ардагерлерінің қоғамдағы рөлі мен беделін көтеруді, тұрмыс жағдайларын жақсартуды назарда ұстап келеміз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде «Жеңістің 70 жылдығына дайындықты бүгіннен бастауымыз керектігін» атап өткен. Айтулы мерекеге орай, ел көлемінде жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, ел қорғаған қазақстандық сарбаздардың ерлiгiн көпшiлiкке жария ету бойынша ауқымды шаралар жүргiзілетiн болады. Бұл жұмыстар басталып та кетті. Олардың қатарында түрлі форматтағы бұқаралық, мәдени, спорттық шаралар, мерекелік медальдармен марапаттау, ардагерлердің Астана және Мәскеу қалаларында өтетін парадтарға қатысуы қамтылған. Бұған қоса, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жамбылдық батырларға арналған кiтап, шығармашылық фестиваль мен ғылыми конференциялар өткiзу жоспарланған. Мерекеге орай көзі тірі ардагерлердің ерлік жолдары туралы естелік-әңгімелерін, облыстық мұрағат материалдарын пайдалана отырып, «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты деректі жинақ (кітап) және 30-40 минуттық деректі фильм шығару бойынша «Айтылған тарих» жобасы әзірленуде. Жинақ пен аудио-бейне материалдар облыстық мұрағат материалдары қатарын толықтыратын болады. Бір айта кетерлігі, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай интернет желісінде арнайы сайт ашып, онда аймақта өткізіліп жатқан шаралар кеңінен көрініс табуы керек. Облыста Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналып 173 ескерткіш тұрғызылған. Орнатылған ескерткіштерді жөндеу, абаттандыру жұмыстарына үстіміздегі жылы аудандар мен Тараз қаласы бюджеттерінен 11,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Дегенмен, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін ескерткіштер бар. Қазіргі уақытта барлық ескерткіштердің жағдайы зерделеніп, оларды жөндеу, реконструкция жасау бойынша эскиздер жасалып, шығындары есептелуде. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Тараз қаласында Ардагерлер үйінің құрылысы жүргізілуде (0,09 га жер телімі анықталды, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы бес жыл мерзімге берілген, құрылысты «Тараз Химстрой» ЖШС жүргізетін болады). Бұл нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Облыс орталығынан Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш (бюст) ашу мәселесі қаралуда. Тараз қаласы әкіміне жер телімін тездетіп шешуді тапсырамын. Тілеуқабыл Төребеков ағамыздың әрбір соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін жергілікті жерлердегі кәсіпорындарға бекіту туралы ұсынысы қолдауға тұрарлық мәселе деп санаймын. Бұл жұмыстармен аудандар мен қала әкімдері айналысуы керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған соғыс ардагерлері жоқ. Соңғы бес жылда 77 соғыс ардагеріне тұрғын үй берілді. Зерделеу көрсеткендей, бірқатар аймақтарда соғыс ардагерлерінің тұрғын үйлері жөндеуді қажет етеді. Бұған дейін бұл жұмыс назардан тыс қалған. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне осы жылдың 1 қазанына дейін әр ардагердің тұрғын үй жағдайларына акт жасап, қажет жағдайда жөндеу жұмыстарын келесі жылдың сәуір айына дейін аяқтауды тапсырамын. Бүгінгі күнге соғыс ардагерлері мен жесірлеріне 25 кВт электр энергиясы, 20 текшеметр табиғи газ тегін берілсе, Тараз қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 97 ардагер жылумен тегін қамтамасыз етілген. Тараз қаласының әкімдігі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ауызсу және кәріз жүйесі үшін төлемдерін қаржыландыруда. Дегенмен, коммуналдық төлемдердің көлемі жоғарыда белгіленген жеңілдіктерден артық болып отыр. Осы орайда, Энергетика басқармасына аудандар мен Тараз қаласының әкімдерімен бірлесіп, соғыс ардагерлерін жылуға төленетін төлемдерден алдағы қысқы маусымынан, ал басқа коммуналдық төлемдерден 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап босату бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Келесі жылдан ардагерлерге курорттық-шипажайлық емделуге тегін жолдамалар беруді жандандыру керек. Іс-шаралар жоспарын нақтылау кезінде бұл мәселе ескеріліп, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы нақты шаралар қабылдауы қажет. Бүгінде облыс орталығында хоспис, мейіргерлік күтім көрсететін аурухана ашу мәселесі туындап тұр. Сол себепті, денсаулық сақтау басқармасына 2015 жылы Тараз қаласында босаған денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттарынан хоспис, мейіргерлік күтім көрсететін аурухана ашу мәселесін зерделеуді тапсырамын. Жалпы, 70 жылдыққа байланысты іс-шараларға 170 млн. теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл ұсыныс республикалық жоспар жобасына енгізілді. Аудандар мен Тараз қаласының әкімдері келесі жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде осы іс-шараны жергілікті жерлерде жоғары деңгейде өткізу үшін тиісті қаражат көздерін қарастырулары қажет. Тыл еңбеккерлерін ардагерлерге қосу, демалатын санаторий ашу жөнінде де ұсыныстар айттыңыздар. Жиын барысында айтылған әр ұсыныс назардан тыс қалмай, Жеңістің 70 жылдығына дайындық және өткізу комиссиясының жұмыс жоспарына енгізілетін болады, – деді облыс әкімі. Пленумда қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар