Сондықтан бақылауды босаңсытуға болмас
Білім күні таяп қалды
Жиырма күннен кейін мектептерде алғашқы қоңырау соғылады. Облысымыздағы білім беру мекемелері жаңа маусымға толық дайын ба? Жөндеу жұмыстары аяқталды ма? Білім күні қарсаңында қанша білім ошағы пайдалануға беріледі? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жаңа оқу жылы және әлеуметтік нысандардың қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, жаңа оқу жылында 4 бастауыш мектеп жабылып, Жуалы ауданында бой көтеріп жатқан 300 орындық орта мектеп жаңадан ашылатын көрінеді. Ал Тараз қаласындағы №30 орта мектеп бастауыш мектеп болып қайта құрылмақшы. Сөйтіп білім күнінде оқушыларды қысқарғаны бар, ашылатынын қоса есептегенде 450 білім ошағы қабылдамақ. Мектепке баратын балалардың саны 190 мыңнан асады. Оның 27289-ы білім ордасының табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндер екен. Мәселе, жеткіншектерде емес, солар білім алатын мекемелердің жаңа оқу жылына дайындығында. Жалпы, биыл облыс көлемінде 30 білім нысанының құрылысына 9,9 миллиард теңге бөлінсе, соның үшеуінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. 8 нысан білім күніне дейін, ал қалғаны жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Жаңа құрылыстардың есебінен биыл 2 апатты жағдайдағы мектептің мәселесі шешімін таппақ. Десек те, мұнымен осындай «санатқа» жатқызылатын білім ошақтарының саны азаймай отыр. Апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі Мемлекет басшысының назарында тұрғаны белгілі. «Елбасы 2015-2016 жылдың аяғына дейін апатты мектептер мәселесін шешіп, үш ауысымды жүйені жоюды тапсырды. Ал облыста жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының есебінен мұндай білім мекемелерінің саны азаюдың орнына көбейіп келеді. Бұл қалай?» – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мұның себебін Сұлушаш Сәтбекқызы жыл ішінде тағы да 3 мектептің апатты жағдайда деп танылғандығымен, олардың саны саманнан соғылған мектептердің есебінен көбейіп отырғандығымен түсіндіреді. «Өңірімізде әлі 77 саманмен соғылған мектеп бар. Бірақ, ол мектептер қазіргі уақытта жарамсыз болып қалған жоқ», – дей келе облыс әкімі басқарма басшысына комиссия құрып, мектептердің жай-күйі бойынша талдау жүргізуді тапсырды. Аппарат кеңесінде облыстағы Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Салтанат Досматова мектептердің жай-күйі туралы саралау жұмыстарын жүргізу барысында Т.Рысқұлов ауданындағы Қызылту орта мектебінің қосалқы ғимаратының шатыры құлап, жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді. Білім ошағының 60 орындық негізгі ғимараты қазіргі таңда таршылық жасап, мектеп үш ауысымды жүйеге көшкелі отырғанын жеткізді. Сұлушаш Құрманбекова биыл 42 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 3 миллиард 469 теңге бөлінгенін айтты. «Былтыр 152 мектепке күрделі жөндеу қажет деп табылса, соның 34 пайызы осы жылы қамтылып отыр. Қазіргі кезде екі нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды, 35-інде жалғасуда. Тағы 5 мекемеге «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қосымша қаржы қарастырылды, құрылыс жұмыстары енді басталмақ. Оның біреуінде жылу қазандығы газбен жылытылатын қазандыққа ауыстырылса, бір мектеп интернаттың спорт залы мен асханасына, екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты екі мектептің оқушылары жақын орналасқан мектептерге тасымалданып, уақытша оқытылады», – дейді басқарма басшысы. Оқулықтармен қамту, мектептерді отынмен қамтамасыз ету, балаларға ыстық тамақ ұйымдастыру, білім ошақтарының санитарлық жағдайы, ауылдық жердегі арнайы тасымалданып оқытылатын оқушылардың транспорттық қауіпсіздігі, мектептегі медициналық көмек... Тізе берсек, жаңа оқу жылына дайындық барысында қатаң қадағалауда ұстайтын мәселе көп. «Барлығы назарда болуы тиіс. Тиісті мекеме басшыларына тамыздың 25-іне дейін осы жұмыстардың орындалу барысы туралы толық ақпарат беруді тапсырамын», – деді бақылауды босаңсытуға болмайтынын ескерткен Кәрім Көкірекбаев.
Қыс шанаңды жаз сайла!
Қысқа дайындық – күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. «Қыс шанаңды жаз сайла!» деген сөз бекер айтылмаған. Аппарат кеңесінде жылыту мерзіміне дайындық мәселесі бойынша хабарлама жасаған облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев аудандарда қазандықтардың 58-70 пайызы жөндеуге қойылғанын мәлімдеді. Мұхтар Сәлкенұлының айтуынша, облыс бойынша қуаттылығы сағатына 100 Гкал 374 қазандық орнатылған. Оның 337-сіне жөндеу жұмыстары жоспарланған екен. Қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге 27 қазандыққа ғана қаражат қарастырылыпты, 307-сіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде Қаратау, Жаңатас қалаларында жылумен қамту желілерін қайта жаңғырту бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Жылу беру маусымына дайындық мәселесі қозғалғанда алдымен, әлеуметтік нысандардың жайы айтылатыны белгілі. Бүгінгі күнге білім ошақтарының 66 пайызында, емдеу мекемелерінің 69 пайызында, әлеуметтік-мәдени нысандардың 70,5 пайызында, көппәтерлі тұрғын үйлердің 71,6 пайызында қысқа дайындық жұмыстары аяқталыпты. Мұхтар Сәлкенұлының сөзіне сүйенсек, қазандықтары жөндеуді қажет ететін мекемелер әлі де бар. «Сарысу ауданындағы Сыздықбаев атындағы орта мектептің қазандығы бірінші қабатта орналасқан. Жылыту қазаны құрылыс ережелері мен нормаларына сәйкес келмейді. Қазандықты жеке тұрған ғимаратқа ауыстыруға жобалық-сметалық құжат бойынша 56 миллион теңге қаржы қажет, бірақ қаражат бөлінбеген», – дейді ол. Осындай кемшіліктер Талас, Шу, Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов, Жуалы, аудандарындағы білім, денсаулық, мәдениет нысандарында да бар көрінеді. Қысқа дайындық жайбасарлықты көтермейді. Қазірден қамданбасақ, қапы қалатынымыз анық. Облыс әкімі аудан әкімдері, басқармалар мен мекемелер басшыларына осыны ескертіп, дайындық жұмыстарын дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді