Жұмаханның көшеті Израильде бүр жарды

Жұмаханның көшеті Израильде бүр жарды
ашық дереккөз
Жұмаханның көшеті Израильде бүр жарды

0008

Жеміс-жидек ауылының тұрғыны Жұмахан Хамировтың бүгінгі тірлігі, іс-әрекеті ерінбесең, құнт қойсаң, қабілетіңе қарай қалаған кәсібіңнің нәтижесін көретіндігіңнің дәлеліндей. Сәндік ағаштар мен гүлдейтін бұталар өсірумен айналысатын кәсіпкердің еңбегі көпке танымал, шаруасы бір ізге түсіп, қалыптасып үлгерді. Оны өмірден өз орнын табуына өмірдің өзі икемдеп, алып келгендей. Тағдырдың сан соқпағынан өткізгені де есінде. Бұрынғы «Жеміс-жидек» кеңшарында қатардағы жұмысшы, қойма меңгерушісі, директордың орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, тағы басқа қызметтерде істеуі өмір мектептеріндей көп нәрсеге үйретті. Кейінірек орман шаруашылығында еңбектенуі өсімдік әлеміне бүкіл ой, болмысымен сіңісіп кетуіне себеп болды. Мамандығы бойынша агроном-ғалым, орманшы-инженер ауданымызда орман алқабын ұлғайтып, жаңғырту үшін үлкен бір питомник жасауға талпынған. Сол тұста көптеген кездескен қиындықтар бар, қоғам да өзгеріп, бұл әрекетінен өзі күткендей нәтиже шыға қойған жоқ.

Жылдар өте келе «көшет өсірсем» деген ойын жүзеге асырудың тағы бір сәті түсті. Жеке кәсіпкер атанып, жасыл желекті күтіп, өсіре бастады. Бұл – 2007 жыл еді. Жұбайы Фарида екеуінің өмірге деген көзқарасы сәйкес, ынтымақты отбасы болуынан бұл шаруамен айналысу қиынға соққан жоқ. Фариданың да мамандығы – агроном, есепші-экономист. Қалаған істерін жолға қойып алды. Ешқандай несие де алған жоқ. Мүмкіндіктеріне қарай, өз күштерімен тірлік жасауда. Өсірген гүлдері мен сәнді, жеміс-жидек ағаштарын республикамыздың облыстарына, өз ауданымызға, көрші аудандарға өткереді.

Алматыда «Тастақ» шағын ауданында бір сауда нүктесін жыл сайын күзде және көктемде жалға алып, көшеттерін сатады. Бірде осында саудаға қойылғандарды аралап көрген бір азамат – кейін білгеніндей израильдік екен – алманың «Золотая превосходная» сұрыпына назар аударып, Жұмаханмен әңгімелесе кетті.

– Нағыз «Превосходнаяның» өзі ме? – Дәл өзі, қателеспейсіз. – Көрейік онда, 10 түбін алысқа апаратындай етіп дайындап бере аласыз ба? – Жарайды, – деген Жұмекең, көшеттердің тамырын жақсы сақталатындай етіп орап, шетелдіктің үлкен шамаданына сиятындай ұзын ұшын кесіп берді. Сөйтіп, қасиетті Меркі жерінің жеміс ағашы ұшақпен Израиль асып кетті. Кейін сол израильдік көшеттің бүр жарғанын айтып, хабарласқаны бар. Істің ыңғайы, реті келіп жатса, отбасы жағдайына да оңды ықпалын тигізбек. Жеке бизнесімен жұмысын өзі ойластырғандай игілікті жүргізіп отырған Жұмахан тағдырына риза. Бағбандық бүкіл үй-іші болып айналысатын кәсіпке айналды. Соның арқасында кішкентай бала, немерелеріне дейін уақыттарын пайдалы іске жұмсайды. Бес баласы, екі келіні барлығы жоғары білімді. Үлкен ұлы Әділбатыр әскери қызметін қойып, әкесінің жұмысын үйреніп, одан әрі жалғастыруға біржола бет бұрды. Аудандық салық комитетіне тіркеліп, ол да жеке кәсіпкер атанды. – Келініміз Ердинаның енесі сияқты бейнетқор болғанына, сөйтіп, өмірге дұрыс бейімделе білгеніне қуанамыз, – дейді Ж.Хамиров, – кіші балам Дамир де шаруаға пысық болып өсті. Мұның бәріне шүкіршілік. Жұмекеңнің еңбексүйгіш, ынтымақты отбасы жеке бизнестерін жылдан-жылға дамытып келеді. Өткен жылы 1 миллион теңгеге жуық таза табыс алды. Бұл анау-мынау шаруа қожалықтарының өзі қолы жете бермейтін нәтиже. Ағын судың жетімсіздігінен биыл көктемде бақшаға оны автокөлікпен бөшкелеп тасығанын айтсақ та жеткілікті. Бұл проблемадан шығу үшін Жұмахан биыл ұңғы арқылы тереңнен су шығарып, оны үлкен бөгенге толтырып, пайдалануды ойластыруда. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стартегиясында: «...біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек», деп айтқаны белгілі. Өзіміз көз жеткізгендей, Ж. Хамиров мемлекеттің қаржылай қолдауына арқа сүйемей-ақ, жаңа іске бел шеше кірісті. Отбасы мүшелерін жұмыспен қамтып, үлкен ауқымда халықтың көшетке деген қажетін өтеуде. Әркім осылай мемлекет жұмыс тауып берсін деп қарап отырмай, қабілетіне, мүмкіндігіне қарай әрекет ете білсе, мәңгілік ел болуымызға берік негіз қалана түспек. ... Жеміс-жидек ауылындағы Дружба көшесіндегі Жұмаханның үйі, аула, бақшасы өзіндік көрік, ерекшелігімен көз тартып тұрады. Үйге кіре берістегі алаңқайдағы жағалай өскен неше түрлі гүлдер, сәндік бұталар, ертегі әлеміндегідей үйшік, балалардың ойын құралдары – бәрі-бәрі тұрғын үйге емес бүлдіршіндер бақшасына кіріп келе жатқандай әсер қалдырады.

Бақтыбай Абай, журналист.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар