«Озат болмасақ, Баукең рухы бізді кешірмейді»
– Айша Бердешқызы, шынын айту керек, бұл білім ошағы осындай жетістікке сіз басшылыққа келгелі жетті. Мұның сыры неде?
– Иә, осында келгеннен кейін екі-үш жыл барымды сала жұмыс жасауға тура келді. Бәрін шешетін кадр мен тәртіп қой. Осы екеуі бүтін болған жерде, байланысқан жерде білім де алысқа кетпейді. Талапты жақсылап қойсаң, алмайтын асуың жоқ. Осыларды ұстансаң халық та, тіпті, оқушының өзі де мұны түсінеді. Сенің одан не сұрап, нені қажет етіп отырғаныңды ұғынады. Анда-санда артық кеткен жеріңді бала да, ата-ана да кешіре біледі. Өйткені, бұл шырылдаудың артында баланың үлгілі, тәртіпті, білімді болу талабы тұр.
Бұл білім ошағы – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін мөлтек ауданда тұңғыш қазақ мектебі болып ашылған мектептің бірі. Оның үстіне мектебіміз елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлындай тау тұлғаның атында. Мен балаларға ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі екенін ылғи түсіндіріп жүремін. «Осы аталарыңның атындағы мектепте білім ала жүріп, оқуда озат болмасаңыздар Баукең бізді кешірмейді» деймін. Бізде Бауыржантану курсы өтеді. Оның өмір жолын қарап отырсақ, ешқашан төмендемеген кісі. Тек қана алғы шепте жүріп елге үлгі- өнеге көрсетіп келген адам. Батыр Баукең – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі – ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат болған. Оның өзі «Мен халқым ұялатындай ештеме жасамаған адаммын» дейді. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде. Сондықтан бұған біздің де құқымыз жоқ екенін балаларға үнемі айтып отырамын. Оларды рухтандырып, арқаландырып отырамын. Осыдан соң да шығар, Аллаға шүкір, балаларымыздың бойларында патриоттық сезім басым. Оны өткізген әрбір шарамыздан, түрлі іс-шаралардан, сабақ барысында, ата-аналарымыздың айтқандарынан аңғарып отырамыз.
– Бұл мектепке келгісі келетін баланың, баласын бергісі келетін ата-ананың қарасы көп екені де рас. Оқушыны қабылдау тәртібі қандай?
– Осы мәселе қиындау болып отыр. 2000 жылдары 708 бұйрық бойынша гимназияның шартымен конкурстық негізде қабылдайтынбыз. Одан кейін Білім заңы шықты. Министрлік сол бұйрықтардың барлығын Білім заңына негіздеп, өзгерту керек болатын. Бірақ, олай болған жоқ. Сөйтіп, осыған дейін қалт-құлт етіп ескі шартпен келдік. Бұрнағы жылы жаңадан қаулы шықты. Онда сол гимназияның статустары сол күйі қалып, өзімізге қанша үй қарайды, сол үйлердің балаларын ала салатын болдық. Балалардың деңгейіне, дайындығына қарамайтын қаулы болды. Бұл бұйрық бізге қиын болып жатыр. Себебі әр мөлтек ауданда гимназия жоқ. Оның өзінше қосымша сабақтары бар. Үлкен көлемдегі білімді беру үшін баланың қабілеті де, денсаулығы да мықты болуы керек. Одан кейін балада оқимын деген ниет болу керек. Осы жағын неге ескермейміз?! Өзімізге қарайтын 24 үйдің баласын ғана оқытып отыратын болсам, қалғандарының құқықтары тапталмай ма? Себебі Конституциямыз бойынша да, Білім заңы бойынша да бала өзінің қалаған мектебінен білім алуға құқылы. Мұны біз қалай шектей аламыз? Біреу Заңды көтеріп келеді, енді біреуі бұйрықты көтеріп келеді. Тек өз мөлтек ауданымызды қамтитын болсақ, қаланың барлық мектептерінің арасында гимназиялық мектептер болуы керек қой деген мәселемізді министріміз келгенде көтеріп те көрдік. Алайда ол жақтан тағы хабар болмады. Сөйтіп қала әкімі мен мәслихатқа хат жазып жолдадым. Менің мөлтек ауданымда 175 бала бар. Қабылдайтынымыз 75 бала. Қалғандарын қайтемін? Қаланың басқа жерінен келгендердің құқығын қайтемін? Енді осының бір шешімін тауып берсе, жөн болар еді.
– «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейтін қазақ бала тәрбиесін босаңсытып алған сияқты. Ата-ананың баласының сөзін сөйлеп тұруы мен мұғалімге деген сенімсіздіктің төркіні неде жатыр?
– Еркелік жүре келе қалыптасады. Кішкентайынан баланы еркелетіп, оған адамдар қарым-қатынасы арасында белгілі бір тәртіптің болатынын түсіндірместен, сенікі қашан да дұрыс деп өбектей беру балаға кері әсерін тигізеді. Әр бала – өз қалауы бар, өзіндік пікірін қалыптастыруға келген бір-бір тұлға. Сондықтан оған мейірім мен махаббатты сіңіріп, тұлғалық болмысын құрметтей отырып, ата-ана мен мұғалім бірдей көмегін тигізгені абзал. Әсіресе, ата-ана әр нәрсенің мөлшері болуы тиіс екенін ұмытпағаны жөн.
Көбіне бір нәрсені бүлдіргіш, бұзық балалар өзін қызықтыратын нақты бір нәрсені таба алмай жүруі мүмкін. Мен мұндай балаларды жақсы көремін. Олармен жұмыс жасағым келеді. Өйткені, оларда идея көп. Негізі көп мықтылар сол балалардан шығады. Неге? Өйткен олар сабақ қызық болмаса, тыныш отырмайды. Жалығып кетеді. Мұғалімге айтып салады. Кейбір кезде жақсы оқыған балаларға жетіспей жатса да, көтермелеп баға қойған әділетсіздіктерге төзбейді. Ал оның өзіне лайықты тапсырма беріп отырсаң, ол бұзық болмайды. Бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Оның мүмкіндігін пайдалану керек. Дәл осындай бұзықтықты түсінемін. Екінші жағынан ата-ананы да түсінемін. Кім баласының жаман болғанын қалайды? Ал кейде ата-ана тарапынан айтылатын «Барғың келемесе қала ғой. Өзім мұғаліміңе, директорыңа хабарласа саламын» деген әңгімені де жиі еститін болдық. Дұрыс айтасыз, ата-ана баланың көзінше сөзін сөйлейді. Бұл оның психологиясына оң әсерін тигізбейді. Алайда, біз – мұғалімбіз. Ұстаз болған соң біз ата-ананы да тәрбиелеуіміз керек. Олардың барлығы бірдей педагогиканы өткен жоқ қой. Педагог – өзінің құқығын азайтып, міндетін көбейтетін мамандық иесі.
– Депутаттық мандатыңыз бен мектептің басшылық қызметін қатар алып жүруге қалай үлгересіз?
– Депутат халықтың мұқтажымен жұмыс жасаушы өкіл ғой. Әсіресе, өзім айтып отырған мәселелерді көп көтеремін. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау мәселесін, аралық сыныптарда профильдік пәндердің бөлініп оқытылуын, білім саласына, әлеуметтік проблемаларды ортаға салып отырамын. Депутат болмасам, мені кім тыңдар еді? Ал үлгеру мәселесі, аса қиын емес. Табандылық пен үздіксіз еңбек бұл биікті бағындыруға апаратын бірден-бір жол.
– Білім саласында сізді толғандырып жүрген мәселе қандай?
– Білім беру саласындағы мемлекеттік стандартты жөндеу керек деп ойлаймын. Егемендік алған 23 жылда 14 министр ауысты. 14 министр 14 реформамен келді. Бір реформа аяғына дейін жетпей қала берді. Оның бәрі білім саласына оң әсерін тигізген жоқ. Сондықтан осы жағдай тұрақталса деймін. Мемлекеттік білім стандарты ғылымға негізделіп, өмірмен тікелей байланысты болып дүниеге келсе, оқулықтардың сапасы жөнделсе екен. Бұл оқулықтарды жазатын мамандарымыз жеткілікті ғой. Сондай-ақ, білім саласында сауатты құжаттар арқылы, соны басшылыққа ала отырып жұмыс жасайтындай деңгейге жетсек деймін. Айта берсе, білім саласында қордаланып қалған мәселелер көп болып отыр. Әсіресе, кадр дайындайтын жоғары оқу орындары ең төменгі балл жинаған талапкерлерді жауапкершілігі жоғары мұғалімдік, дәрігерлік мамандықтарға қабылдамауы керек. Бұл салаға ең жоғары балл алғандарының қолдары жетуі қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді