Бухарестен Төрт балуанымыз жүлдемен оралды
Румыния астанасы Бухарест қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өткізілді. Аталмыш жарысқа әлемнің 28 мемлекетінен 253 спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Халықаралық жарыста бақ сынаған жамбылдық балуандар да жүлделі орындардан көрініп, тақым қысқан жанкүйерлерінің сенімін ақтады.
Бухарестке біздің өңірден төрт бірдей спортшы аттанған болатын. Олардың барлығы да жүлдеге ілінгені әрине, мерей. Халықаралық додада 45 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Мадияр Мадемар жасындай жарқырады. Бозкілемдегі қарсыластарының барлығынан басым түсіп, топ жарған жерлесіміздің аламанға спорттық бабында барғанына күмәніміз жоқ.
Мадиярдан өзге үш спортшымыз да сенім үдесінен шыға білді. Олар екі күміс, бір қола жүлдені қоржынымызға салды. 71 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Нұрдәулет Қуанышбай мен 110 килограмм салмақта топқа түскен Ислам Тагиров тек финалда ғана жеңілістің ащы дәмін татып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал 48 килограмм салмақта бозкілемге шыққан Әбдінұр Нұрланға қола медаль бұйырды. Осылайша Румыния төрінде төрт балуанымыз да атой салды.
Халықаралық деңгейдегі аламанда ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген сайыпқырандарымыздың аяқалысы жанкүйерлерді қуантқаны рас. Аттары аталған жерлестеріміздің әлі талай асуды бағындыратындығына сенім мол. Әрине, олардан облыстың аға бапкері Руслан Сексенбаев та зор үміт күтетіні анық. Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді