Әке шарапаты

Әке шарапаты
ашық дереккөз
Әке шарапаты

Жуалы ауданының Қосмұрат ауылына жолымыз түскенде Алтынбек Рақышұлының есімімен аталатын көшені көргеніміз бар. Сұрастыра келе, ол кісінің Ұлы Отан соғысының ардагері болғанын білдік. Тұрғындар саналы ғұмырын туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған Алтынбек атаның өнегелі өмірі туралы айтып берді. Алтынбек Рақышұлы Талас ауданының Көктал өңірінде дүние есігін ашыпты. Өздері отбасында 12 бала болған. Алтынбек бес жасқа келгенде әкесі Рақыш өмірден озады. Отызыншы жылдардағы кәмпескелеу саясаты дәулетті тұрған бұл әулетті де айналып өтпеген. Шиеттей балаларды жеткізу аналарына оңай соқпағаны айтпаса да түсінікті. Содан балаларын бауырына басып, таудан асып, жер жәннаты Жуалыға жетеді. Сол кезде үйдің кенжесі Оршай бар болғаны бір жаста болған екен. Бұлар Любимовка деп аталатын, негізінен орыс ұлтының өкілдері көп шоғырланған ауылға қоныстанады. Бастапқыда картоптың қабығын егіп, күн көреді. Бала Алтынбек жастайынан еңбекке араласып, колхоздың жұмысына жегілді. Бидай егіп, соқамен жер жыртты. Ауылшаруашылығында ауыр бейнет кешті. 1939 жылы әскер қатарына алынған. Екі жыл уақыт азаматтық борышын өтеп, «енді елге қайтам, отбасыма пайдамды тигізем» деп жүргенде батыстан соғыс оты бұрқ ете қалады. Жалғыз бұл емес, үш бірдей ағасы да майдан даласына аттанады. Бірақ, олар сол кеткеннен оралмады, хабарсыз кетті. Ал, А. Рақышұлы 1945 жылы елге аман-есен оралды. Майдангер соғыста батальон командирі болып, Смоленск, Калинин, Орск бағытындағы шайқастарға қатысты. Польша, Чехославакия, Венгрия, Румыния қалаларын жаудан азат етуге аянбай атсалысты. Соғыста бірнеше рет жарақат алса да, Жеңіс туы желбірегенше саптан шыққан жоқ. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері оның отты жылдардағы қаһармандығының айқын айғағы еді. Отан үшін от кешіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер бейбіт өмірде де еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Бірінші кезекте сұрапыл соғыстан қажыған, шаруашылықтары шатқаяқтаған ауылдың тұрмысын түзеуге білек сыбана кірісті. Өз ауылына жарық жүргізіп, жол салды. Көпір тұрғызып, клуб ашты. Ауылға автобустың қатынауына мұрындық болды. Жерлестері Алтынбек Рақышұлының осындай жақсылықтарын әлі күнге аңыз қылып айтып отырады. «Әңгіменің де майын тамызып айтатын, жұртты ұйыта түсетін» дейді білетіндер. Ол сонымен қатар Жуалы ауданындағы Максим Горький колхозында ферма басқарушысы болып та абыройлы қызмет атқарыпты. Партияға шын беріліп, айналасына адал еңбегімен өнеге көрсеткен. Алтынбек Рақышұлы үлгілі отбасының да алтын діңгегі болған жан. Майдангер жұмыста ғана емес, шаңырағында да тәлім-тәрбиенің шырағын жаққан. Бүгінде Тараз қаласында тұратын қызы Ұлпаш әпкенің айтуына қарағанда, балаларын үнемі адал еңбек етуге шақырып, біреудің ала жібін аттамауды өсиеттеумен өтіпті. – Ата-анам соғыстан кейін үйленіп, он перзент сүйді. Алпысыншы жылдары оқушы болдым. Әлі есімде, сол кезеңде біздің тұрмыстық жағдайымыз өте төмен еді. Әкем аурушаң, жұмысқа жарамсыз. Шешем Қатшай Исаққызы ауылдың қызылша алқабында күн демей, түн демей еңбек ететін. Біз де қыз баламыз демей кірпіш құйып, сарай соқтық. Жазда шөп оратынбыз. Осылайша шынығып, ширығып, өмірден өз жолымызды тауып кеттік. Әкем денсаулығына қарамастан бәрімізге тәрбие мен білімді қатар берді. «Адал қызмет ет, бірқалыпты, кішіпейіл бол» деп айтудан жалықпайтын. Сол өсиеті менің өмірлік ұраным болды. Шешем болса, түн ортасында тұрып, әкеме ыстық су жылытып, жараланған аяғын таңып беретін. Жыл сайын санаторийға апарып емдететін. Осындай қиындық көрсе де бізге тура бағыт сілтеген ата-анамызға өмір бойы ризашылығымызды айтамыз. Балалардың барлығы да мамандық меңгеріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Өзім 1976 жылы орта мектепті бітірген соң улилище, техникум, институтта білім алдым. Қоғамдық тамақтану комбинатынан еңбек жолымды бастап, басшы орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өттім. 1992 жылдан басқармада қызмет етіп келе жатырмын. Соның бәрі әке шарапаты, ана мейірімінің арқасы деп ойлаймын, – дейді Ұлпаш Алтынбекқызы. Міне, сұрастыра келе майдангер әулетінің осындай өмір жолына қанық болдық. Алтынбек Рақышұлының өзі 1994 жылы 81 жасқа қараған шағында дүние салыпты. Егер тірі болғанда биыл тұп тура 100 жасқа келетін екен. Азаматтың Құдай қосқан қосағы Қатшай ана да ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 2007 жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Өнегелі отбасы туралы жерлестері айтудан жалықпайды. «Жақсының аты өлмейді» деген осы...

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар