Дін тақырыбына келген кезде сан алуан пікірлердің туындап жататыны баршамызға мәлім. Әйткенмен барлық зайырлы мемлекеттің ең басты көрінісі – дін мен мемлекеттің бөлек болуы. Ол өркениет көшіне ілескен әрбір елдің ұстанымына айналуы тиіс. Дегенмен діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек болуы мүмкін, бірақ діннің жалпы қоғамнан бөлек болуы әсте мүмкін емес дер едік. Өйткені дін адамдардың сеніміне негізделеді.
Тәуелсіз Қазақстанның басты құжаты саналатын Ата Заңымызда көрсетілгендей, адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дініне сенім артуы конституциялық құқықтарының бірі болып табылады. Оған ешкім де шүбә келтіре алмайды. Солай болуы шартты құбылыс. Сондай-ақ азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге деген көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынғаны тайға таңба басқандай аян. Бұны да қаперден шығармағанымыз абзал. Өйткені зайырлылықтың басты критерийлерінің бірі де сол. Ол аз десеңіз еліміздегі басты құжаттың өзі осыны меңзеп тұр. Конституциямыздағы осы айтылған қағидалар мемлекетіміздің зайырлы сипаттағы һәм демократиялық ел екенін айғақтай түседі. Бүгінде дәстүрлі Ислам дінін көлеңкелеуші ағымдардың қатары арта түскені жасырын емес. Соның бірі – сәләфизм. Сәләфизм ағымының доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, Ибн Таймияға өз уақытында Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарғаны рас. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты, тарата түсті. Тарихқа үңілер болсақ, уаһабшылдық идеология негізінен XX ғасырдың басында, I дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алған деседі. Алайда уаһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, біз «сәләфиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранымен бүгінде «сәләфизм» атымен танылып үлгерді. Оны бүгінгі қоғамда көзімізбен көріп, біліп жүрген жайымыз бар. Қазіргі таңда оларды жақтайтын бір бөлім отандас дінтанушыларымыз сәләфилік ағымды «қалыпты сәләфи» және «қауіпті сәләфи» деп екіге бөліп көрсетуге тырысып жүргенінен хабардармыз. Олардың елімізге «қалыпты сәләфилердің зияны жоқ» деген сынды көзқарастары сол ағымды жақтап тұрғандай көрінеді. Өйткені сәләфилік ағымды «қалыпты сәләфи» және «қауіпті сәләфи» деп екіге бөліп қарауға келмейді. Осыны түсінетін кез келіп жетті. Әлгілердің қай бағытын ұстанушылар болсын, олардың сүйенетін доктриналық әдебиеттері бір. Яғни бәрі Ибн Таймия мен Мұхаммед Абдулуаһһабтың еңбектерінен айналып өте алмайды. Осыдан-ақ нақты тұжырым жасауға болатын секілді. Сәләфилік теріс ағымның басты идеологиясы, ол – «буквализм». Яғни мәңгүрттендіру. Олар өздерінің «буквализмдік» идеологиясын сіңіруде төмендегідей тәсілдерді пайдаланады деуге болады. Құран аяттары мен хадистерді түсінуде сыртқы мәнімен шектелу: Олар «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол — философия, яғни адасушылық» деген түсінікті қалыптастырады. Мақсаттарына жету үшін мешіт имамдары мен белгілі исламтанушы, теологтардың уағызын тыңдауға, кітабын оқуға тыйым салады. Бұл – қағидалары. Олардың уағызын тыңдап, кітаптарын оқыған адам таза сенімі бұзылып, адасады деп түсіндіреді. Соған жанталасады. Сөйтіп, дінге жаңадан келген адамның көңіліне өзгелерге деген сенімсіздік, жауы ретінде қарау танымын сіңіріп, өз айтқандарынан шықпайтындай халге жеткізеді. Аяттар мен хадистердің мәніне үңіліп, діннің рухын ақыл тұрғысынан саралай алмаған адамның мәңгүртке айналары сөзсіз. Сәләфилік ағымның ғалымдары, ислам діні баса мән берген «Ой жүгіртпейсіңдер ме?», «Зер салмайсыңдар ма?», «Ақылды қолданбайсыңдар ма?» деген жүздеген аяттар мен мыңдаған хадистердің мәнін түсінбей қалуы мүмкін бе?! Жоқ, мүмкін емес. Олардың ғалымдары мұның бәрін біледі. Біле тұра істемейді. Яғни олардың мақсаты соңына ергендерді мәңгүрттендіріп, айтқанын істету, саяси мақсаттарына жету болып отыр. Қасиетті Құранның алғашқы аятының «Оқы…» әмірімен түскенін, «ақылды пайдалану» керектігін қатардағы бір діни тұлға да ажырата алады. Бұл «Оқы…» әмірінің білім іздеуді, үйренуді, толғануды, өзгелердің пікірімен санасуды, т.б. көптеген мағыналарды қамтитыны кімге де болса түсінікті ғой. Соған қарамастан, олардың Құран аяттары мен хадистердің мәніне үңілуге тыйым салып, сыртқы мәнімен шектеп қоюы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Осындай шектеулер әлгілердің бағыты мен танымын айғақтап тұрған жоқ па? Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару да солардың ұстанымы. Бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, Оны үйрете алмас ешбір мұғалім» деген ғажап сөзін ескерер болсақ, ата-бабалардың салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылады. Бұл да бір орны толмас қасірет дер едік. Сәләфилік ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізеді. Сол арқылы өз жақтастарын көбейтеді. Нәтижесінде қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзады. Біле білгенге, түсінгенге бұдан артық қасірет жоқ шығар деп пайымдаймын. Мемлекеттегі зайырлылық қағидаттарын мойындамау да солардың негізгі ұстанымы саналады. Сәләфилік ағымындағылардың көзқарасы бойынша, мемлекеттің конституциясы ислам шариғатынан бөлек, яғни Құран мен сүннеттен болмаған саяси жүйе болса болды кәпірге шығарады. Санаға солай сіңіруге барынша күш салады. Зайырлы мемлекеттің Ата заңына қолдау көрсеткен, сол елдің экономикасының өсуіне қолұшын берген жандарды кәдімгі жауы ретінде таниды. Солай түсінік қалыптастырғылары келеді. Елі үшін адал қызмет етіп жатқан адамдарды, тіпті олар мұсылман болса да өз идеологияларын қолдамағаны үшін айыптауға дейін барады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауларының бірінде айтқанындай: «Мәңгілік Елге айналуымыз үшін еліміздің саяси және діни-рухани идеологиясында қарама-қайшылық болмауы қажет». ҚР Тұңғыш Президенті неге көңіл бөлу керектігін шегелеп тұрып айтты ма? Айтты. Алайда сәләфилік ағымын қолдаушылардың мемлекет конституциясына қарсы тұруы мемлекет тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні даусыз. Бұл да мемлекет дамуы жолындағы қауіпті құбылыс екені анық. Ендігі кезекте «Сәләфилік ағымды қалай ауыздықтай аламыз, оның идеологиясын түбегейлі жеңудің жолдары не?» деген сұрақтардың туындары анық. Сәләфилік ағымның идеологиясының ықпалында кеткен адам, әрбір ісіне сәләфилік идеологияның дүрбісімен қарап, сол негізде өмірлік ұстаным қалыптастырады. Оның танымын өзгерту, райынан қайтару көп күш сарп етуді талап етеді. «Отан – отбасыдан басталады» дегендей, отбасындағы ата-анасын кәпірге шығарып қараусыз қалдыру, әйеліне талақ беріп жалғыз басты жесір әйелдер мен тәрбие көрмеген жетімдердің көбеюінің бір ұшы осы идеологиямен тікелей қатысты. Сондықтан оларға қарсы тұрудың ең басты шарты, ол – қоғам мен биліктің өзара үндесуі, ұлттық бірлік. Мақаланың басында біз зайырлылық қағидаттары туралы ой қозғадық. Бүгінде қоғамда мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Осы жағына мейлінше ықыласпен ден қойған дұрыс секілді. Бұл мәселе көбінесе қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін кейбір діннің атын жамылған теріс пиғылды діни ұйымдардың, жат ағым қолдаушыларының зайырлылық қағидаттарын мойындамаудан туындап жататыны тағы бар. Оны баршамыз күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Әлгілердің нені көксейтіні, қандай мақсатты алға қойғаны о бастан белгілі ғой. Ең өкініштісі де сол болып тұр. Өздерінің идеологиясы арқылы қоғамда деструктивті көзқарасты қалыптастыра отырып, сол мақсаттарына жету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланатындығы азаматтарымызға әуелден аян. Бірінші кезекте содан сақ болғанымыз дұрыс. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Америкадағы аты шулы оқиғадан және Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы «араб түрлі-түсті төңкерістерінен» кейін жалпы әлемде және жекелей алғанда біздің елімізде 2011-2016 жылғы террористік актілерден соң діни пиғылдағы экстремизм мен терроризм тақырыбы өзекті мәселелердің біріне айналды. Осыған орай дін мен саясат, ислам мен лаңкестіктің ара-қатынасын нақтылай білгеннің еш сөкеттігі жоқ. Себебі қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері дәстүрлі діни идеяның болмауынан экстремистік және террористік ұйымдардың арбауына түсіп, қыршыннан кетуде. Ең сорақысы, мың төрт жүз жылдық тарихында «бейбітшілік пен бағынушылықтың діні» ретінде көрінген Ислам бас-аяғы отыз-қырық жылдың ішінде лаңкестік пен содырлықтың діні болып шыққаны қынжылтады. Жиырма жыл бойы дінаралық төзімділік пен рухани келісім саясаты жүргізіліп келген біздің елімізде соңғы бірнеше жылдың ішінде аяқ астынан діни пиғылдағы лаңкестік пен содырлық актілер орын алған болатын. Исламның «саясилануының» салдарынан исламшылдық, ислам идеологиясы, фундаментализмі, догматизмі, радикализмі, джихадизмі және т.б. терминдер мен сөз тіркестері кең қолданысқа түсіп, қоғамтанушылар тарапынан бұл күрделі құбылысты шынайы ғылыми тұрғыда зерттеудің қажеттілігімен қатар кедергілерін де тудыруда. Иә, әлемде орын алған лаңкестіктер қай ел үшін де сабақ екені жасырын емес. Өйткені кез келген мемлекеттің басты ұстанымы – татулық, бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Осындай нақты критерийлер біздің елдің де принцпіне айналып отырғаны әу бастан аян.
Самат ОҚАН, исламтанушы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді