Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті турында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» футбол клубын қабылдаған «Тараз» футболшылары жанкүйерлерді қуантты. Шыны керек, премьер-лигада ілініп-салынып ойнап жүрген «Тараз» ойыншылары атақты «Астананы» жеңеді дегенге көпшілік сенбеген болатын. Алайда жерлестеріміз доп домалақ деген қағиданы дәлелдеді. Ә дегеннен-ақ екі команданың футболшылары аңдысып жатпай, бірден шабуылға көшті. Бірде «Астана» футболшылары қауіпті сәттер туындатса, енді бірде жергілікті футболшылар есеп ашуға шақ қалып жатты. Дегенмен қос команда ойыншылары бірінші кезеңде есеп аша алмай тарқасты. Екінші кезеңді алаң қожайындары қарқынды бастады. Ойынның 48 минутында «Тараз» футболшысы Абзал Таубайды «Астананың» ойыншысы ереже бұзу арқылы ғана тоқтата алды. Төреші еш ойланбастан нүктені көрсетті. 11 метрлік айып добын орындаған Серж Ньюадзи қақпашыны бір бұрышқа құлатып, теңбіл допты қақпаның екінші бұрышына топ еткізді. Есеп 1:0. Жанкүйерлердің шаттығында шек жоқ. Бұдан кейін «Астананың» ойыншылары есепті теңестіруге тырысып бақты. Алайда олар стандартты жағдайда да, ойын барысында да түк тындыры алмады. Есесіне «Тараз» жейдесін киген оғландар есепті еселеді. Екінші гол – Эливелтоның еңбегі. «Астананың» бірнеше футболшысын алдап кеткен бразилиялық легионер қақпаға қақырата соққы жұмсаған болатын. Қонақ команданың қорғаушыларының бірі аяғын тосып, тойтарыс берді. Кері серпілген допқа бұрын жеткен Элгуджа Лобжанидзе «Астана» қақпашысы Ненад Эричті қапы қалдырып, есепті 2:0-ге жеткізді. Таблодағы көрсеткіш ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Жасыл алаңда жанкештілік танытқан «Тараз» футболшыларына жанкүйерлер қошемет көрсетті. Біз де «Жарайсыңдар!» дестік. Бұл ойын баршамызды қуантқаны рас. Тек «Таразымызға» көз тиіп кетпесе болғаны...
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Шу ауданында 305 спорт нысаны жұмыс істейді
- 28 сәуір, 2026
Шу ауданында жаңа спорт кешені ашылды
- 22 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




