Тайпейде бокстан сол елдің кубогы жолында байрақты бәсеке болып өтті. Бұл сынға әлемнің бірқатар елінен жаны нәзік болғанымен, жұдырығы күрзі қыздары да қатысты. Шаршы алаң төрінде олар кім мықты екенін өзара анықтады. Бақтарын сынаған боксшылардың қатарында жамбылдық былғары қолғап шебері Әйгерім Асқарова мен Юлдуз Маматқұлова да болды. 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған былғары қолғап шеберіміз ел намысын абыроймен қорғап, қола жүлдені қанжығаға байлады. Жартылай финалға алқынбай жеткен Әйгерім Асқарова финалдық жолдама сарапқа салынған сында тайпейлік Цин Циан Хюге 2-1 есебімен жол берді. Шыны керек, бұл жекпе-жекте бұра тартушылық болғанын мамандар да сөз етті. Ашық айтты. Ринг қожайынына төрешілер жәрдемдеспегенде тараздық ару алтын жүлде үшін таласта да бағы жанар ма еді деген ой қылтияды. Дегенмен, жерлесіміздің еншілеген қола жүлдесінің өзі үлкен табыс екені анық. Сондай-ақ Тайпей шаршы алаңдарында жұдырықтасқан жерлестеріміз Юлдуз Маматқұлова (75 кг) қола медальді иеленсе, Әмина Әбдірембаева финалда тайландтық боксшы Супида Сатумпрумге 0-3 есебімен жол беріп, турнирдің күміс медалін еншіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, жартылай финалда қазақстандық аруларға төрешілер тарапынан қысастық жасалды. Әйтпесе, қарсыласынан кем түспеген Юлдуз Маматқұлова да финалда өнер көрсетуге лайық еді. Мұны мамандар да растап отыр. Жершілдік пе, әлде басқаша бір көзқарас болды ма әйтеуір Юлдузды да төрешілер 2-1 есебімен қарсыласына жол берді деген шешім шығарды.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді