Алма Оразбаеваның қабірі табылды

Алма Оразбаеваның қабірі табылды
ашық дереккөз
Алма Оразбаеваның қабірі табылды

Енді оның басына құлпытас орнату тірілердің парызы

2014 жылдың 5 маусымы күні «Ақ жол» газетінің экспедициясы негізінде «Қазақтың қайраткер қызының қабірі қайда?» деген тақырыппен мақала жариялап, онда Алма (шын аты Нұрсұлу) Оразбаеваның өмірінің соңғы 17 жылын бұрынғы Луговой ауданының Луговой (қазіргі Құлан) ауылында тұрып, сонда қаза болғаны, осы елді мекеннің Қарақат ауылына баратын бұрылысындағы зиратта жерленгенін жазған еді. Экспедиция одан кейін де жұмысын тоқтатқан жоқ. Қайта тың деректер табыла бастады.

– Жаңағы сіз айтқан зиратта Сиқым атадан тараған Жарас ұрпақтары, Аламан би атамыз жатыр, – деп бастады әңгімесін Қарақат ауылының азаматы Үмбет Жанәділов. – Қазір жасым жетпісті алқымдап қалды, бірақ көнекөз қарттардың айтқандарын әлі ұмытқан жоқпын. Он жетіге келген кезім болуы керек, бірде ауылымыздың Тоқтаналы Қуанышбеков, Сатыбалды Рахимов және Көлбай Толыбаев сынды қариялары бас қосқан жерге мен де бара қалдым. Марқұм Сейдімбек Үдербаев ағамыз сол тұста Абай колхозында парторг болатын, сол кісі қызбалана сөйлеп отыр екен: «Жолшылар «Алматы-Ташкент» тас жолын менің атам Аламан би жатқан зираттың тура үстімен алып өтпекші екен. Мен әлгі жол салушыларға: «Сендер бұл зиратты айналып өтіңдер, өйткені бұл жерде қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаева жатыр. Егер мені тыңдамасаңдар Москваның тура өзіне арыз жазамын деп әрең тоқтаттым» деген сөзін өз құлағыммен естідім. Бұл дерек «Ақ жол» экспедициясының мүшелері жазған мақаланың кейіпкері 93 жастағы Оңласын Шайхазымқызының айтқандарына тағы бір бұлтартпас дәлел болып қосылды. Ал, Луговой кентінің тұрғыны Р.Оразалиев Алма Оразбаева апамыздың қай қабірде жатқанын тауып бергенде апамыздың басына ескерткіш белгі қою туралы «Ақ жол» газетінің бас редакторы, экспедиция жетекшісі Көсемәлі Сәттібайұлының ұсынысы ойға орала кетті. Сонымен қазақтың өжет те алғыр қайраткер қызының қабірі – Құланда. Бұған дейін мерзімді басылымдарда Алма Оразбаева: «Луговой стансасындағы Октябрь көшесі 150 үйде тұрған, осы елді мекенде жерленуі мүмкін» деген болжам айтылып келген. «Ақ жол» газеті тиянақты зерттеу жүргізу барысында Луговой темір жол стансасында Октябрь көшесінің жоқ екенін, Краснооктябрская көшесінің бар екенін анықтады. Ал, Октябрь көшесі 150 үй сол кезде аудан орталығы болған Луговой (қазіргі Құлан) ауылында екені белгілі болды. Бұл жер үй сол кездегі аудандық партия комитеті ғимаратының дәл түбінде 1969-70 жылдарға дейін бұзылмай тұрған, кейін ол күзетшілер тұратын жай болыпты. Оны сол кезде күзетші болған Данияров деген кісі растап отыр. Сонымен, ХХ ғасырдағы қазақ әйелдерінің көшбасшысы, Коминтерн мүшесі, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Алма Дінмұхамедқызы Оразбаеваға ескерткіш-құлпытас орнату мәселесін аудан әкімі Ж.Айтақов мырза бюджеттен тыс қордан қаражат тауып, шешетін болды. Қазір ескерткіштің жобасы мен эскизін сызу жұмысы жедел қолға алынды. Алма (Нұрсұлу) Оразбаева апамыз 1898 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келген. Демек, биыл ол кісінің туғанына 112 жыл. Ендігі бір маңызды міндет – облыстық басылымның Құлан ауданындағы бір көшені Алма Оразбаева деп атау керек деген ұсынысты да ұмытпау. Өйткені қазақтың асыл қыздарының бірі болған Алма Оразбаева апамыздың есімі мәңгілікке кейінгі ұрпақтың жадында сақталып қалуы тиіс.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Құлан ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы.

Суретте: Қайсар қыздың қабіріне зиярат.

Ұқсас жаңалықтар