Бокстан Тайландта өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде бақ сынаған Қазақстан ерлер құрамасы екі алтын, екі күміс, үш қола жүлдені қоржынымызға салып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Өкінішке қарай құдайы көршіміз Өзбекстан құрамасы бұл жолы да алдымызды орап кетті. 49 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Теміртас Жүсіповтің алтын жүлде алатын мүмкіндігі мол болған еді. Алайда боксшымыз ширек финалда алған жарақатына байланысты жартылай финалдық жекпе-жекке шыға алмай, қола жүлдені қанағат тұтты. 60 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Зәкір Сафиуллинге де алтын медаль бұйырмады. Жартылай финалда үндістандық Шива Тапиямен қолғап түйістірген отандасымыз қарсыласын жарқын мәнерде жеңіп, ақтық сынға жолдама алған еді. Өкінішке қарай финалдық шайқаста ол моңғолиялық Цендбаатар Эрденебатпен жұдырықтасып, қарсыласына есе жіберді. Нәтижесінде күміс жүлдегер атанды. 64 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Санатәлі Төлтаев та үздік үштікті түйіндеді. Жартылай финалдық шайқаста тәжікстандық Баходир Усмановпен кездескен ол қарсыласынан айласын асыра алмай, қола жүлдені мойнына ілді. Есесіне 75 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Тұрсынбай Құлахмет жанкүйерлерді қуантып тастады. Жартылай финалдық жекпе-жекте түркіменстандық Нұрсахат Паззыевпен жұдырықтасқан Тұрсынбай 20 секундта жеңіс тойын тойлап, финалдың жолдамасына қол жеткізді. Ә дегеннен шабуылға көшкен қазақ боксшысы қарсыласының мұрнын бұзып, дәрігерлер мен төрешілер кездесуді тоқтатты. Ақтық айқаста үндістандық Ашиш Кумардың шамасын байқап көрген Тұрсынбай өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, алтыннан алқа тақты. Тұрсынбай бұл салмақта ұлттық құраманың көшбасшысы саналмайды. 75 килограмм салмақтың көшбасшысы жамбылдық былғары қолғап шебері – Әбілхан Аманқұл. Дегенмен Әбілханның жарақат алуына байланысты бапкерлер берген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған Тұрсынбайға қалай риза болмассың?! 81 килограмм салмақ дәрежесінде Әділбек Ниязымбетовтің орнын басқан жас пері Бек Нұрмағанбет мамандар мен жанкүйерлер артқан сенімді ақтады. Жартылай финалда қырғыз оғланы Эркин Адылбекуулунан айласын асырған Бек финалда да жасындай жарқырады. Шешуші жекпе-жекте филиппиндік Джон Марвинмен жұдырықтасқан Бек айқын басымдылық танытып, қоржынымызға екінші алтын жүлдені түсірді. Жанкүйерлердің өкінішіне қарай 91 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Василий Левит төрт дүркін Азия чемпионы атағына қол жеткізе алмай қалды. Жартылай финалда оңтүстіккореялық Ким Хьен Кюмен шайқасқан ол үшінші раундта екі мәрте нокдаун алды. Екінші нокдауннан кейін төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Енді Вася тезірек спорттық бабына келсе дейміз. Үш рет Азияда атой салған оғланымызға бұл жолы қола медаль бұйырды. +91 килограмм салмақта бақ сынаған Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдегер атанды. Ол финалда өзбекстандық Боходир Жалоловқа жол берді. Қазақстан қыздар құрамасы бұл додадан төрт қола жүлдемен қайтты. Аруларымыздың ешқайсысы финалға шықпағаны бапкерлерді ойландырса, қанеки?!
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді