«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жобалық кеңсенің жұмысы күшейеді

Жобалық кеңсенің жұмысы күшейеді
ашық дереккөз
Жобалық кеңсенің жұмысы күшейеді

Жемқорлыққа қарсы күрестің бірегей жобасы өңірімізде жүзеге асырыла бастағалы біраз болды. Жасалған ауқымды жоспар, жүргізілген нақты жұмыстар нәтижесіз емес. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалар талқыланып, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің есебі тыңдалды.

Экономиканың кез келген саласында ашықтық сақталуы үшін кедергісіз электронды жүйеге көшу маңызды. Облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының жетекшісі Дамир Егізбаевтың айтуынша, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салалары бойынша осы мақсатта 16 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын жеткізді. Асқар Исабекұлы ұсынылған жобалардың бірқатарын маңыздылығы мен өзектілігіне қарай қайта саралау керектігін ескертті. Кейбір жобаларға жұмсалатын қаржы көлемін үнемдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Жиында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының атқарған жұмыстары да тыңдалды. Жобалық кеңсе басшысы Қайрат Меклисов тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру блоктары бойынша атқарылған шараларға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жоба аясында бүгінге дейін өңірде 174 «Адалдық дүкені» ашылса, оның 2-еуі жоғары оқу орнында, 7-еуі колледж және 160-ы мектепте орналасқан. «Артық алаңдарды тиімді пайдалану» бойынша 440 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кабинетінің аумағы 35-50 шаршы метрді құрайтын 74 мектеп директорының кабинеттері 11-20 шаршы метрлік алаңдарға қысқартылған. Босатылған 866 шаршы метр алаңдарға робототехника, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылған. Сондай-ақ 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелері анықталып, өзге қажетті мақсаттарға пайдалануға берілген. Ал 5 мемлекеттік орган коммуналдық меншіктегі ғимаратқа орналастырылып, нәтижесінде 16 миллион теңге қаражат үнемделіпті. Жобалық кеңсенің «Сенім жәшігі» акциясы аясында өңірдегі 3 жоғары оқу орны мен 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 3759 студенті арнайы сауалнамаға қатысыпты. Сауалнама қорытындысы бойынша 125 студент оқытушылардың атын атай отырып, олардың 2000-7000 теңге көлемінде сыйлық алатындығын жазып көрсеткен. Бұл ғана емес, жобалық кеңсенің қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы заңсыз анықтамалар сату, жүргізуші куәлігін беру, жол белгілерін жою, техникалық байқау пункттеріндегі анықталған заң бұзушылықтар да кездескен. Жобалық кеңсе басшысы Қайрат Меклисов өңір басшысынан аудандарда «Сервистік әкімдік» орталықтарын ашуға ықпал етуін сұрады. Асқар Исабекұлы алдымен орталық жұмысының тиімділіктерін анықтап алу керектігін, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Қолға алған жоба өз нәтижесін беру үшін жұмысты одан әрі күшейту керек. Осыны баса айтқан өңір басшысы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының маңыздылығын атап өтті. Асқар Исабекұлы анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы ай сайын тиісті облыс әкімінің орынбасары мен қатысты басқарма басшыларына мәлімдеп, жауапты тұлғалар өз деңгейінде шешім қабылдауы қажет деді. Енді жоба жұмысы тоқсан сайын облыстық әкімдікте қаралып, қабылданған жоспар сараланып отырады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар