Тотыдайын таранған қала

Тотыдайын таранған қала
ашық дереккөз
Тотыдайын таранған қала
Күннен-күнге көркейіп келеді Тасын түртсең тарихы көрінетін Тараз шаһары соңғы бірер жылдың бедерінде мүлде жаңа кейіпке енді. Орталық «Достық» алаңынан басталған жаңғырту жұмыстары тұтас қала аумағын қамтыды. Жылу құбырлары ауыстырылып, көше жолдары жөнделуде. Жаңа «Бәйтерек» шағынауданының аумағы көпқабатты тұрғынүйлерге толып келеді. Құрылысқа қанат бітіп, кәсіпкерлік нысандарының да қатары артуда. Әйтеуір қала қарбалас құшағында. Бұл бағдарлы жұмыстардың басы ғана. Алдағы мақсаттардың одан да ауқымды екенін Тараз қаласының әкімі Нұржан КАЛЕНДЕРОВПЕН болған сұхбат барысынан аңғарғандай болдық.

– Нұржан Сәбитұлы, қалада атқарылып жатқан жұмыс халықтың көз алдында. Жағымды жаңалықтарды «Ақ жол» да аз жазып жатқан жоқ. Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы қандай? Көңіліңіз тола ма?

23 21– Қаланың алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысына оң баға беруге болады. Осы кезеңде қала кәсіпорындары 82 миллиард 152 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. Физикалық индекс көлемі 107,5 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстыра қарайтын болсақ, қаланың негізгі кәсіпорындары өнім шығару көлемін едәуір ұлғайтты. Мысалы, «Запчасть» акционерлік қоғамы, «Энерджи-Тараз», «Жамбылхимстрой», «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 1,2 есе, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» 1,3 есе, «Жамбылгипс», «Тараз қант зауыты» 1,4 есе өсіріп отыр. Шүкір, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы осындай оң нәтижелерге толы. – Сіздің қаржы саласының маманы екеніңізді жақсы білеміз. Айтыңызшы, республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген мақсатты қаржылар қаншалықты деңгейде игерілді? – Тараз қаласы бюджетінің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы қала әкімдігінің аппараттық отырысында тұрақты қарастырылып отырылады. Қала бюджетінің орындалуының соңғы үш жылдағы динамикасын талдайтын болсақ, орындалу көрсеткіші біршама жақсарған. Мысалы, қала бюджетінің шығыс бөлігі 2011 жылы 99,6 пайыз, 2012 жылы 99,8 пайыз ал, 2013 жылдың қорытындысымен 99,9 пайызға орындалу көрсеткішіне қол жеткізіліп отыр. Ағымдағы жылдың жарты жылдығымен қала бюджетінің кіріс бөлігі 101,5 пайызды құраса, шығыс бөлігі 98,6 пайызға орындалды. Қала бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің басым бөлігі, оның ішінде құрылыс бөлімі есепті кезеңдегі қаражаттарын 100 пайыз игерді. – Облыс орталығының өсіп-өркендеуіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тигізер шарапаты аз болмаса керек. Бағдарламаның жүзеге асу барысы туралы не айтасыз? – Дұрыс айтасыз, аталмыш бағдарламаның тек Тараз қаласы емес, еліміздің көптеген аймақтарына алып келген жақсылығы мол. Өндіріс орындары бой көтеріп, жергілікті жұртшылыққа жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, оған қалай қуанбасқа? Бағдарлама аясында Тараз қаласында 10 жоба пайдалануға берілді. Олардың жалпы сомасы шамамен 35,4 миллиард теңгені құрап, 1841 жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылдың өзінде бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Ол бойынша қосымша 150 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Сонымен қатар индустрияландыру картасына енгізу үшін, республикалық коррекциялық кеңеске ұсынуға тағы 4 жоба бойынша «Полиэтилен-Агро», «Recowaste», «Dai-LTHY-2013», «КазМирСтрой» серіктестіктерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. – Елбасымыз «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп тегін айтпаса керек. Ежелгі Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарының кең ауқымда жүргізіле бастауы, тарихымызды таразылаудың өнегелі өрнегі. Жалпы, қазба жұмыстары қашан толық аяқталмақ? – 1894 жылдары КСРО-ға белгілі археолог В.В.Бартольд пен профессор А.Н. Бернштамның зерттеулерінде Ежелгі Тараздың бүгінгі Тараз қаласының орнында болғандығы нақты көрсетілген. Облыс әкімінің қолдауымен 2011 жылдан бері «Ежелгі Тараз І-ХІХғғ.» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары жылдан-жылға жалғасын тауып, біршама нәтижелерге қол жеткіздік. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, төрт экспедициялық серіктестік қазба жұмыстарымен айналысуда. Олар «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы», «Археологиялық экспертиза», «Археологиялық экспедиция» және «Қазархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Өздеріңізге белгілі, шілде айында облыс әкімдігі мен Мәдениет министрлігі арасында екі жақты Меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта министрлік тарапынан қазба жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Айту керек, қазба жұмыстары барысында ортағасырлық монша құрылысы қалдығының жылыту жүйелері мен ортағасырға тән тұрғын үй іргетастары аршылып, көптеген археологиялық жәдігерлер табылды. Енді «Археологиялық қазба жұмыстары қашан аяқталады?» деген сұраққа келер болсақ, бүгінгі біздің алға қойған мақсатымыз – қалашық орнын «EХРО-2017» Халықаралық көрмесіне дейін аспанасты мұражайына айналдырып, дайындау. Шет аймақтан келген қонақтарға ежелгі тарихымызды көрсете білу және насихаттау, әлемге паш ету. Ал, қазба жұмыстары Баласағұн, Отырар тағы басқа қалалар сияқты 40-50 жылға дейін жалғаса беруі де мүмкін. – Сөзіңіз аузыңызда, шаһарды туристік орталыққа айналдыруға бағытталған нақты жоспар бар ма? Осы орайда мәдени тынығу орындарының ахуалына да тоқтала кетсеңіз. – Үстіміздегі жылдан бастап, «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары іске асатын болады. Ежелгі Тараз шаһарының жоспарына маңайындағы Төле би даңғылының бойы, Қарахан көшесінен Мирзоян көшесіне дейінгі ғимараттардың қасбеттерін үйлестіру мақсатында шығыс стилінде қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін эскиздер әзірленді. Бүгінгі күні 12 гектар жерге археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, туристік кешеннің құрылыс жобасы жоспарлануда. Бұл жұмыстар бойынша 3-4 ай көлемінде Алматы, Астана және шетелдік сәулетшілердің жобалары ұсынылды. Сол ұсынылған жобалар бойынша аталған жерлерге туристер демалатын кешендер салу жоспарланып отыр. Жаңа кешен аумағында қолөнер шеберханасы, өнер қалашығы, қонақ үй, достық үйі, ашық және жабық музейлер, мейрамхана, шығыс моншасы, этноқалашық және нысандар ойластырылған. Мәдени тынығу орындарына тоқталатын болсақ, Қарахан кесенесінен бастап Б.Адамбаев көшесінің бойында туристер демалатын орын қарастырылған. Төле би даңғылынан Қарахан көшесінің бойында Қарахан кесенесіне дейінгі жерге де жоба бойынша шағын сквер, субұрқақтары және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарастырылған. «Саябақтар, скверлер және басқа да жасыл аймақтар бағдарламасын» жүзеге асыру барысында, 106 миллион теңгеге өткен жылы «Мамыр бауы» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағы, темір жол бекеті, Атшабар, Былғары комбинаты, облыс әкімдігінің алдындағы скверлер ағымдағы жөндеуден өтті. – Үкімет қаулысымен Тараз қаласының Бас жоспары бекітілгені белгілі. Соған сәйкес облыс орталығында қандай жұмыстар жүзеге асады? Өзіңіз он жылдан кейінгі Таразды көз алдыңызға қалай елестетер едіңіз? – Орынды сұрақ. Жоғарыда айтқанымыздай, ежелгі шаһар құрылысы бас жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмыстар бойынша 201 аумаққа бөлшектеп жоспарлау жобасы жасалынды. Қазіргі кездегі бас жоспар бойынша Тараз қаласында туристік-демалыс орындары, жеке тұрғын үйге бөлінген алқабтардың және шағын мөлтек аудандарының бөлшектеп жоспарлау жобасын жасау көзделген. Бөлшектеп жоспарлау жобасы жұмыстары аяқталғаннан кейін, сол жерлерге инфрақұрылым жүргізіледі және құрылыс жұмыстары жүзеге асады. 2013 жылға жоспарланған жоба бойынша Қарасай алқабындағы, Автобекет аумағы мен маңындағы, Хамукат ауданындағы, Сүлейменов көшесінің аяғындағы, Орталық базар аймағындағы және «Арай» иініндегі тұрғын алқаптарына геологиялық, геодезиялық ізденіс жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жоспары толық дайындалды. Бекітілген кестеге сәйкес 2014 жылға жоспарланған Комратов көшесі аумағына, Сүлейменов көшесінің бойына, Абай, Төле би, Жамбыл даңғылдарына, Пушкин көшесіне, «Казарма» тұрғын алқабына, 32 саяжай алқабына, Талас өзенінің бойындағы демалыс орнына геологиялық, геодезиялық ізденіс жұмыстарын жүргізуге, егжей-тегжей жоспарларын дайындауға және Тараз қаласының бас жоспарына түзету енгізу бойынша жобалау жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға тапсырыс берілді. Он жылдың ішінде қалада 14-ші шағын ауданы және жоғарыда аталған алқаптарда балабақша, мектептер, сауда орталықтары, сауықтыру кешендері және әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеріп, Таразымыз көркейіп, ұлғаяды деген сенімдемін. – Енді мәдениет және өнер тақырыбына ойыссақ. Салаға қаншалықты көңіл бөлінуде? – Иә, «Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез-келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Тараз қаласында бүгінгі таңда 9 мәдениет ошағы бар. Олар: орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің 8 кітапхана филиалы және 300 орынды 1 қалалық мәдениет үйі. Уақыт өткен сайын қаланың мәдениет саласы да заманауи жаңа технологиямен бірге дамып келеді. Қалалық мәдениет үйі компьютерленген, дыбыс жазатын арнайы студиясы, кино қондырғысы, арнайы оркестрлік орны, ЛЭД экраны, дыбыс күшейткіш құрылғысы бар, сахна акустикасы облыстағы мәдени ошақтар ішіндегі талапқа сай жарақтанған ғимараттың бірегейі болып табылады. Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында биылғы 7 айда 218 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 148178 адам қамтылды. Осы орайда мерекелерде қаланың шет аймағындағы тұрғындардың сырт қалмауын назарға алудамыз. Мәдени іс-шаралардың сапалы, жоғары дәрежеде өткізілуі бөлінген қаржыға байланысты. Жергілікті бюджеттен мәдени көпшілік іс-шаралар өткізу үшін мысалы 2013 жылы 66190,0 мың теңге бөлінсе, 2014 жылдың 7 айына 23 050,0 мың теңге қаралды. Көпшілік іс-шараларға арналған костюмдерге 5000,0 мың теңге бөлінді. Былтыр елімізде алғаш рет Елбасының Жарлығымен 21 мамыр ресми түрде мәдениет және өнер қызметкерлері күні деп белгіленді. Биыл, бұл мереке екінші жыл қатарынан салтанатты түрде аталып өтті. Бұл күні қала мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан азаматтарға қолдау көрсетілуде. Қаламыздағы көркемөнерпаздар арасындағы «Халықтық» атағы бар ұжымдар Мәдениет Министрлігінің 2007 жылғы 28 наурызындағы №93 бұйрығымен «Халықтық», «Үлгілі» атағын беру туралы» Ережесіне сай әрбір үш жыл сайын аттестациядан өтіп, атақтарын қорғайды. Осы орайда ұзақ жылдардан бері түйіні тарқатылмай келген мәселенің оң шешімін тапқанын айрықша атап өткеніміз жөн болар. Міне, биыл Тараз қаласы әкімдігінің 23 сәуірдегі №329 қаулысына сәйкес, мамыр айынан бастап «Халықтық» атағы бар ұжымдарға 15 штат бірлігі бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Бұл әрине, біз үшін де, мәдениет қызметкерлері үшін де үлкен қуаныш. Қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі – аймақтың бірден-бір мәдени ақпараттық орталығы болып табылады. Халыққа қызмет көрсететін кітапханалардың ішінде Мұхтар Әуезов және Ғани Мұратбаев атындағы кітапхана-филиалдарында балалардың оқу деңгейін көтеру және ынталандыру мақсатында тікелей балалар бөлімі жұмыс істейді. Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезде заманның ағымына қарай халықтың көпшілігі интернетке ден қойған, кітапханаға оқырмандардың келуі жылдан-жылға азаюда. Тұрғындарды кітап оқуға тарту мақсатында 2013 жылы алғаш рет «Жазғы оқу залы» жобасы ұйымдастырылды. Биыл да Т.Рысқұлов атындағы саябақта «Кітап – әлемдегі ұлы құпиялы ғажайыптардың бірі» атты жазғы оқу залы жобасы салтанатты түрде ашылды. Бұл жоба аясында маусым, шілде, тамыз айларында Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» және «Арман», «Фресно» саябақтарында әр аптаның жұма күндері күндізгі сағат 4-тен кешкі 8-ге дейін түрлі іс-шаралар өткізілуде. Кітапханалардың бүгінгі күнге жалпы кітап қоры 341680 дана басылымды құрайды, оның ішінде 97747 дана мемлекеттік тілде. Оқырмандар саны – 30306 Сондай-ақ, қалада отандық ақын-жазушылар мен жергілікті қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, Саттар Ерубаевтың 100, Әбділда Тәжібаевтың 105, Сәкен Жүнісовтің 80, Қалдарбек Найманбаевтың 75, Оспанхан Әубәкіровтің 80, Ілияс Жансүгіровтің 120, Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына орай аталған ақын-жазушылардың шығармалары кеңінен насихатталды. Көсемәлі Сәттібайұлының «Шеткері үйдің жарығы» атты туындысы бойынша №5 мектеп- гимназияның жоғары сынып оқушылары арасында кітап талдау іс-шарасы ұйымдастырылды. Жыл сайын қалалық мәдениет үйінде жоғары, арнаулы орта білім оқу орындары, жалпы білім беру мекемелері арасында жас жазба ақындар мүшәйрасы өтіп тұрады. Ұзақ жылдар бойғы үзілістен кейін 2011 жылы қалалық ақындар айтысы қайта жанданып, ағымдағы жылы сәуір айында облыстың 75 жылдығына орай қаланың жас ақындары арасында «Киелі менің мекенім» атты дәстүрлі ақындар айтысы өтті. -Спорттың бұқаралылығын арттыруда нендей жұмыстар жүргізілуде? Қол жеткен табыстар қандай? -Спортпен жүйелі түрде шұғылданатын қала тұрғындары үшін қаладағы 29 спорт нысандарының орналасқан жері мен жұмыс уақыты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық назарына ұсынылған болатын. Қазіргі таңда Тараз қаласында жүйелі түрде спортпен айналысатындар саны 77325 адамды құрады. Бұл Тараз тұрғындары санының 22 пайызын құрап отыр. Саламатты өмір салтын насихаттау, қала тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында жыл басынан бері Тараз қаласында республикалық, облыстық, қалалық деңгейде 99 спорттық іс-шара өткізілді. Тараз қаласының әкімдігі тарапынан 20 спорттық іс-шара өткізіліп, оған барлығы 6145 спортшы мен қала тұрғындары қатысты. Биылғы ақпан-сәуір айлары аралығында қала мектеп оқушыларының командасы 21 спорт түрінен мектеп оқушылары арасында VІІ жазғы облыстық спартакиадаға қатысып, жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді. Мектеп оқушылары арасында қалалық жарыстардан іріктелген командалар «Мектепаралық лига» облыстық жарысына қатыстырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылды. Тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуы үшін спорт нысандарына қол жетімділігін арттыру жұмыстары одан әрі жандана түсуде. «Спортпен шұғылданамын» деген адамға қазіргі уақытта барлық жағдайлар жасалған. -Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. «Қыс шанаңды жаз сайла» деген. Қаланың қысқа дайындығы қалай? – Бүгінгі таңда 2014-2015 жылдардағы қысқы маусымға дайындық аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ына қыс маусымы кезінде қала көшелері мен жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 6 272,0 мың теңгеге 700 тонна тұз және 3 728,0 мың теңгеге 2 560,4 текшеметр құм сатып алуға тапсырыс берілді. Бүгінгі таңда, аталған серіктестіктің қоймасында 319 тонна тұз және 383 текшеметр құм бар. Қар тазалау жұмыстарына 29 бірлік арнайы техникалар дайын. Сонымен қатар 1 бірлік «Газ-53» көлігін, 2 бірлік автогрейдер техникалары мен 5 бірлік қар шығаруға арналған жүк көлігін сатып алуға тапсырыс берілді. Қосымша 2 автогрейдер техникасын сатып алу үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қала бойынша 249,412 шақырым жылу жүйелері бар. Оның ішінде: магистралдық жүйелер 86,242 шақырымды, ішкі кварталдық жүйелер 163,459 шақырымды құрайды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған нысандар саны 1 378 болса, оның 1 190-ы көппәтерлі тұрғын үй, 44-і денсаулық сақтау, 130-ы білім беру мекемелері, 14-і әлеуметтік-мәдениет саласының нысандары. Жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының жоспары бойынша 15,743 шақырым қамтылуы тиіс. Бүгінгі таңда 11,842 шақырым жылу жүйелері жөндеуден өтті. Яғни, 75,2 пайыз. Қалада негізі 1 235 тұрғын үй қоры бар. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үй саны 1 084. Қалғаны баракты типті үйлер. 37 пәтер иелері кооперативімен (ПИК) 400 көпқабатты тұрғын үйге техникалық қызмет көрсетілуде. Кондоминиум нысаны ретінде 948 көпқабатты тұрғын үй тіркеуден өтті. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 2014 жылы 544,0 миллион теңге бөлініп, 23 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары 50 пайызға атқарылды. Облыстық бюджеттен 171,6 миллион теңге бөлініп, 8 денсаулық сақтау нысаны бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл 23 білім беру нысаны жөнделуде. – Қалада шешімін күткен қандай мәселелер бар? – Жыл сайын қала көлемі ұлғайып, тұрғындар саны артып келеді. Осыған байланысты, іргелес аудандардан қала аумағына қосылған елді мекендерге инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізу, баспана кезегінде тұрған тұрғындардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету басымдыққа ие міндеттер. Қалада бұдан басқа да шешімін табуға тиіс мәселелер жеткілікті, біз оларды жақсы білеміз. Жұмыстардың барлығы жоспарлы түрде кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. – Алдағы жоспарлар туралы не айтасыз? – Бірінші кезектегі мақсат қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүдделіміз, азаматтарды жұмыспен қамтуға, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш саламыз. Алға жылжып, даму жолындағы ең басты мәселе ішкі тұрақтылық. Қоғамдық келісім, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі киелі шаһарамыздың одан әрі табысты дамуының негізі болады деген сенімдемін. – Әңгімеңізге рахмет.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,

"Ақ жол".

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар