«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әттеген-ай, «Тараз» тағы да сүрінді

Әттеген-ай, «Тараз» тағы да сүрінді
ашық дереккөз
Әттеген-ай, «Тараз» тағы да сүрінді

Қазақстан премьер-лигасына оралғалы бері «Тараздың» айы оңынан туар емес. Футболшыларымыз бір ойында жеңіске жетті демесек, қалған кездесулерде ұпай таратудан алдына жан салмай тұр. Кезекті турда Қарағандының «Шахтер» футбол клубын қабылдаған жерлестеріміз тағы да жанкүйерлерді жабырқатып тастады. Сырт алаңда ұпай алуды қойшы, өз алаңымызда да жарытар емес. Иә, «Тараз» футбол клубының бірнеше ойыншысы жарақат алған. Дегенмен бұлай ақталудың жөні жоқ. Сын сағаты таяғанда қосалқы құрамдағы жігіттер өздерін көрсетуі керек-ақ. Жоқ, олай болмай шықты. Бұл ойында «Шахтер» футболшылары алымды әрі қарымды көрінді. Ойынның бірінші кезеңінде қос команда футболшылары да өткір шабуылдар ұйымдастырып, таразы басын өздеріне қарай аударғысы келді. Нәтижесінде «Шахтер» футболшысы Артем Барановский мергендігімен көзге түсіп, қонақтарды есепте алға шығарды. Кеншілер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Есептегі басымдылықты арттыруға күш салды. Сол мақсаттарына қол жеткізді. Айып алаңының сыртынан шірене тартқан Марат Шахметов есепті 0:2-ге жеткізіп, жергілікті жанкүйерлердің көңілін су сепкендей басып тастады. Тықыр таянғанда барын салған «Тараз» футболшылары қонақтар есептегі басымдықты арттырған соң жауап қайтарудың жолдарын іздестіріп, шабуылға иек арта бастады. Нәтижесінде Серж Ньюадзи бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Арада біршама уақыт өткенде Игорь Пикалкин алаңнан қуылып, «Тараз» командасы он ойыншымен ойнауға мәжбүр болды. Әйтсе де жерлестерімізде таразы басын теңестіретін мүмкіндіктер болған еді. Элгуджа Лобжанидзе екі мәрте мүлт кетіп, мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Сондай-ақ Серж Ньюадзи мен Абзал Таубай жұмсаған соққылар да қақпаға дарымады. Қысқасы, қанша мүмкіндік болса да, «Тараз» футболшыларына бұл күні дәлдік жетіспегені анық. Соңғы ойындарда жарытып ұпай иелене алмай келе жатқан «Тараз» футболшылары тұңғиыққа батып барады. «Таразым» деп біз жүрміз, түк тындырмай «Тараз» жүр. Бұлай жалғаса берсе жерлестеріміз премьер-лигамен қош айтысуы да ықтимал.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар