Бокстан Азия чемпионаты басталды. алғашқы нәтиже қандай?
- author «Ақ жол»
- 22 сәуір, 2019
- 306
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тайландта бокстан Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Сары құрлық додасына аттанған саңлақтарымыздың жолына үмітпен қарайтынымыз сөзсіз. Бұл додаға жерлесіміз, 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі оғлан Асланбек Шымбергенов те қатысатыны белгілі. Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында екі жүлде бар. Ол медальдар аруларымызға тиесілі. Жеребе тарту рәсімі кезінде 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі Фариза Шөлтай мен +81 килограмм салмақта бақ сынайтын Ләззат Күнгейбаева жарысты жартылай финалдық кезеңнен бастайтыны мәлім болды. Осылайша Фариза мен Ләззат елімізге кем дегенде қола медальмен оралады. Әрине, аруларымыз жартылай финалда және финалда жеңіске жетіп, қоланы алтынға айналдырса дейміз. Жалпы Азия чемпионатының бірінші күнінде бірнеше боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Қайрат Ералиев оңтүстіккореялық Ю Чан Лиді, 64 килограмм салмақтағы Санатәлі Төлтаев индонезиялық Либертус Гаханы, 75 килограмм салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет солтүстіккореялық Чон Ил Хонды, 91 килограмм салмақта Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит ирандық Паури Амириді, 52 килограмм салмақтағы Әнуар Мұзапаров моңғолиялық Енкхмадах Хархууды жеңді. Аттары аталған былғары қолғап шеберлеріміз шаршы алаңда кеше бақ сынаған болатын. Байрақты бәсекеде сынға түсетін жамбылдық жампоз, 69 килограмм салмақтағы боксшымыз Асланбек Шымбергенов ертең рингке шығады. Әрине, Асланбек бірінші кезеңнен іркілмей өтеді деген ойдамыз. Өйткені алғашқы қарсыласы қарымды деуге келіңкіремейді. Қалай десек те Азия біріншілігіндегі ең басты қарсыластарымыз Өзбекстан құрамасы екені талас тудырмайды. Бұл додада қазақ боксшылары өзбекстандық өрендерден есе қайтаруға тырысатыны сөзсіз. Әсіресе 69 килограмм салмақта қазақ-өзбек боксшыларының тартысы қызып тұрғаны анық. Данияр Елеусіновпен бір қатарда өзбекстандық Шахрам Гиясов кәсіпқой боксқа ауысқан соң Асланбек Шымбергенов пен Бобо-Усмон Ботуров шаршы алаңда шайқасты. Азия ойындарында өзбекстандық боксшы Асланбектен айласын асырған еді. Егер екі боксшының жолы түйіссе жерлесіміз есе қайтаруға тырысары сөзсіз. +91 килограмм салмақ дәрежесіндегі қазақ-өзбек тартысы да жанкүйерлерді бей-жай қалдырмас. Қамшыбек Қоңқабаев пен Боходир Жалолов жеңісті жорығын жалғастырса, өзара жұдырықтасатыны анық. Қос боксшы арасында соңғы кездесу Ташкентте өтіп, төрешілер өзбек боксшысының қолын көтерген еді. Сол жолы Қамшыбек қарсыласына қарағанда осал көрінді дей алмаймыз. Сондықтан да Тайландта екеуінің жолы түйіссе Қамшыбектің есе қайтаруға талпынатыны рас. Қалай болған күнде де Азия біріншілігінде жампоздарымыз жасындай жарқырауға тырысады. Бұл жолы Ташкенттегі аламандарда алтын медаль алып үйренген өзбек оғландары қайтер екен? Құрлықтық додада осы екі елдің саңлақтары өзара кім мықтыны анықтайтыны даусыз.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді