Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 2002-2003 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Азия кубогі додасы өткізілді. Құрлықтық жарысқа Азияның мықты деген жасөспірімдері қатысып, жеңіске жету жолында бар күшін аяп қалған жоқ. Байрақты бәсекеге қазақстандық дзюдошылар да аттанған болатын. Олардың қатарында жамбылдық оғландар да бар. Ташкент төрінде төселген татамиде он бір жамбылдық дзюдошы бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінуге күш салды. Әрине, құрлық кубогі сарапқа салынған додада барлық елдің жасөспірімдері бәсеке көрігін қыздырды. Дегенмен бұл аламаннан жамбылдық дзюдошылар құр қайтқан жоқ. Оразалы Ермекбаев баптап апарған жерлестеріміз төрт бірдей жүлдені қоржынымызға салды. Жарыста жасындай жарқырағандардың бірі – Нұрқанат Серікбаев. 50 килограмм салмақ дәрежесінде татамиде атой салған ол қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, жеңістің ең биік тұғырынан көріне білді. Осылайша алтын жүлдені мойнына іліп, мерейі тасыды. Сондай-ақ 52 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Аяулым Қуанышева, 57 килограмм салмақта сынға түскен Шапағат Дәулет, 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Қазыбек Рақышев Азия кубогі аламанының қола жүлдегері атанды. Жалпы алғанда Өзбекстан елінде өткен додада төрт бірдей жүлдеге қол жеткізген жасөспірімдеріміздің жетістігі көңіл қуантады. Олар алдағы уақытта да жеңісті жорықтарын жалғастыруға ниетті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




