Аренада ауыл жасөспірімдері

Аренада ауыл жасөспірімдері
ашық дереккөз
Аренада ауыл жасөспірімдері

Республикалық додада жамбылдықтар үштікке ілінуді көздейді

Төрт жылда бір рет өтетін дода бейсенбі күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде жас спортшылардың шеруімен басталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов қатысты. Қалижан Серікұлы өз сөзінде республикалық деңгейде өтетін бұл жарыстың ауыл жеткіншектері арасында спорт түрлерін дамыту, кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылатынын тілге тиек етіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ту көтеріп, сап түзеп, ортаға шыққан ауыл жастарына қарап, болашақ олимпиада ойындары­ның жүлдегерлерін көргендей әсерде қалдық. Он төрт өңірден келген өрендердің жеңіске деген құштарлықтары ерен. Жалпы жасөспірімдердің ІІ жазғы Ауыл спорты ойындарында бақ сынау үшін 1375 спортшы келіпті. Жарысты ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, төрт жыл бұрын қатысушылар саны 1300-ге жуық болған екен. Төрт жыл бұрынғы жасөспірімдер жарысында жамбылдықтар үздіктер қатарына іліге алмаған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін облыстағы спорт саласының басшылары дайындық мәселесін ерте бастан қолға алыпты. «Біз осы төрт жыл ішінде ауыл жастары арасында спартакиадалар өткізіп, құрамаға шақыртатын спортшыларды іріктедік. Соңғы оқу-жаттығу жиындары Тараз қаласында өтті. Жамбылдық жастар волейбол, кіші футбол, қазақ күресі секілді бәсекелерде жүлделі орындардан көрінеді деген болжам бар. Негізгі меже – жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарына ілігу», – дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков. Маман сөзінің жаны бар секілді. Ұлдар арасындағы волейбол бәсекесін жамбылдық жасөспірімдер құрамасы жетістікпен бастады. Бірінші кездесуді жерлестеріміз Батыс Қазақстан облысына қарсы өткізген еді. Екі кезеңде де жеңіске жеткен жамбылдықтар қарсыластарын қапыда қалдырды. Қазір Тараз төсін дүбірге толтырған ауыл жасөспірімдері жарысының нағыз қызған шағы. Жас жеткіншектердің кіші олимпиадасында cпорттың 9 түрі бойынша 46 медаль жиынтығы сарапқа салынуда. Спорт түрлеріне қарай бәсекелер «Олимпик», «Атлетик» кешендерінде, «Бокс» мектептерінде өтуде. Бір айта кететіні, бұл додаға Алматы және Астана қаласының командалары қатыспайды.

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар