Дзюдо күресінен Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізген Елдос Сметовтің ендігі арманы – алтын жүлдені иелену. Жерлесіміз сол жолда аянбай тер төгіп келеді. Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейінгі үш жылда бабын жоғалтпаған жампоз жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантып жүр.Түркияның Анталия қаласында өткен Гран-при додасында да Елдостың мерейі үстем болып, жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Елдос бірінші белдесуінде әзірбайжандық Оруж Вализадені вазаримен (жартылай жеңіс ұпайы) ұтып, жарыс жолынан ығыстырды. 60 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген жамбылдық дзюдошы кейіннен бразилиялық Фелипе Китадайды таза жеңіп, мұнан соң болгариялық Валентин Алипиевті алып ұрды. Екі белдесуде де қарсыластарын иппонмен жеңген Елдостың осынау аламанға нағыз спорттық бабында барғанына еш күмәнданбадық. Жанкүйерлерінің сенімін ақтауды мақсат тұтқан Елдос мұнымен тоқтап қалған жоқ. Әрі қарай да жеңісті жорығын сәтімен жалғастырды. Жартылай финалдық бәсекеде Елдосқа қарсы ұлыбританиялық оғлан Эшли Маккензи қарсы тұрды. Эшлиіңіз де осалдар санатынан емес. Әйткенмен, ел намысы сынға түскен байрақты додада Елдос намысты қолдан бермей, ағылшын дзюдошысын да ойқастап жүріп, еркін жеңді. Ақтық белдесуде татамиде өзбек спортшысына қарсы бақ сынады. Соңғы кездері өзбек дзюдошыларын жарқын мәнерде жеңуді дәстүрге айналдырған Елдос сол жүрісінен жаңылған жоқ. Кемран Нуриллаев бар күшін сарқа жұмсағанымен, қазақстандық дзюдошыға шамасы жетпей, жеңілістің ащы дәмін татты. Елдос оны да иппонмен ұтып, алтыннан алқа тағынды. Түркия төрінде өткен аламандағы кезекті алтын жүлде Елдостың әлемдік рейтингтегі жағдайын түзеуге мүмкіндік туғызып отыр. 60 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген жерлесіміз осы турнирден кейін үздік бестіктің қатарына қосылды. Өз салмағында әлемнің үздік бестігіне енген ол алдағы уақытта жеңісті жорығын жалғастырса, көш басына шығуы да мүмкін. Дзюдо күресінде әлемдік рейтингтің спортшының Олимпиада ойындарына қатысуына зор ықпал ететіні мәлім. Сол рейтингте дзюдошы тек әлем саңлақтарымен ғана емес, өз отандастарымен де бәсекеге түсуі ықтимал. Айталық, әр салмақта бір елдің бірнеше дзюдошысы үздіктер қатарында болуы мүмкін. Олардың ішінде рейтингте ең жоғары орынға орналасқаны жолдамаға иелік етеді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
- 23 қараша, 2024
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді