«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақсатым – Жамбыл театрын жаһандық деңгейге көтеру

Мақсатым – Жамбыл театрын жаһандық деңгейге көтеру
ашық дереккөз
Мақсатым – Жамбыл театрын жаһандық деңгейге көтеру

«Ақыртас – амфитеатрға сұранып тұр»

1Театр – синтездік өнер ордасы. Мұнда бәрі тірі, жанды құбылыс. Көз алдыңда өрбиді. Ежелгі Грекиядан бастау алатын театр өнері бүгінде тәрбие құралына емес, сан алуан образды, психологияны ашып беретін, әредік әр алуан ойға қалдыратындығымен құнды. Облысымыздағы қара шаңырақ қазақ драма театрына ескі де жаңа көркемдік жетекші тағайындалды. Ілгеріде осы ұжымда жұмыс жасап, бірқатар тартымды премьераларымен көрерменнің ықыласына бөленген Қуандық Қасымов өз театрына қайта оралды. Жаңа қызметіне кіріскен көркемдік жетекшімен алдағы жоспары, жалпы театр саласының қыр-сыры хақында әңгімелескен едік. – 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңыраққа қайта оралдыңыз, енді біз театр сахнасынан нендей өзгерістер көре аламыз? Қандай жоспарларыңыз бар? – Шыны керек, бұл театрдың соңғы үш жылында бастан өткерген қиындығын да, келеңсіздігін де, қуанышты сәттерін де біз артқа тастауымыз керек. Бір басыма жетерлік басқа да жұмыстар, өзге де театрлармен бірлескен жобалардың барлығын кері шегеріп, қара шаңыраққа қайта шақырғаннан кейін, ұжым да соған мүдделі екенін сезінген соң жан қалауыммен келдім. Мені осы жұмысқа шақырған облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, облыс әкімдігіне ризамын. Енді мен не істеуім керек? Біріншіден, бұл театрдың тарихы тереңде жатыр. Бүгінде облысымыздың құрылғанына 75 жыл болса, театр одан бұрын құрылған. Облыстың іргесі қаланбай тұрып, Шәріпбай Сәкиев бастаған театр колхоз-совхоздарда қойылымдарын ұсынып, өз жұмысын бастаған-ды. Сол қалыптасқан тарихты біз әрмен қарай лайықты жалғауымыз қажет. Осында он жылдан астам жұмыс жасаған кезде де сол абырой биігінде тұру мақсатын ұстанып, қолымыздан келгенше қызмет еттік. Сол амбицияны әрі қарай ұстанып, ұжымдағы тіс қаққан кәнігі актерлермен, талантты жастармен, жаңадан ұжымға келіп жатқан әртістермен, өз жұмысын тәп-тәуір атқарып жүрген техникалық құраммен, Рахат Сапаралиева бастаған суретшілермен бірігіп, жүкті жұмыла көтеріп, көрерменнің көңілінен шығатын жаңа жобаларды, спектакльдерді таңдауымыз керек. Ақыры таңдаған соң облыстық, республикалық деңгейдегі қойылымдармен шектеліп қалмай, театрымыздың абыройын арттыру үшін әлемдік деңгейдегі фестивальдерде жарқырап көрінетін шығармаларды да іріктей білуіміз шарт. Одан бөлек біз көрерменмен тығыз байланыс орнатамыз. Театрға кішкентай бүлдіршіннен бастап, орта буын, зиялы қауым, еңкейген қарияға дейін қызығып келуі тиіс. Жұмысымызды осы бағытта да ширата түсеміз. Бір сөзбен айтқанда барлық жастағы аудиторияны қамту – парыз. Облыста кішкентай бүлдіршіндерге арналған театр, болмаса опера және балет театры, жастар театры жоқ екенін бәріміз білеміз. Көршілес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында 8 театр бар болса, соның атқаратын барлық функциясын облысымызда өзіміз атқаратындай дәрежеге жетуіміз керек. Одан бөлек, әр қойылымның ілгеріден қалыптасқан қасаң қағидасын керек жерінде бұзып, жаңаша формалармен әдіптеуді, әрлеуді де ойластырып отырмын. Осыған орай дүниеден озған қазақтың белгілі режиссері Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» деген балаларға арналған қойылымын жас актерлеріміздің дене бітімін, пластикасын пайдалана отырып, қайта жаңғыртуды көздеп отырмын. 1999 жылы қойылған бұл спектакль республикалық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған. Ендігі кезекте сол кезеңдегіден де биік деңгейде қойып, мазмұнын тереңірек ашсақ деген ой бар. Сосын жаңа айтқанымдай әр спектакльдің болашағын ойлауымыз қажет. Шетелдерде осындай пластикалық спектакльдерге арналған фестивальдер бар. Бәлкім бұл қойылым да солардың бағдарламасына енгізіліп, әрі қарай өтіп кетіп жатса, ол да абырой. Театр комедиясыз болмайды. Елдің көңіл-күйін көтеріп әрі салмақты ой тастайтын қойылымдар ретін де сұрыптап алмақшымыз. Шыны керек, бүгінде бұл жанр елімізде кенжелеп бара жатыр. Драматургтер де соншалықты бір көңіл бөлмейтін болып алды. Қалтай ағамыз, Сәкен Жүнісовтің бір кездегі шығармаларынан кейінгі буынның шығармаларын көре алмай келеміз. Енді қайтеміз, амал жоқ, алыс-жақын көрші мемлекеттердің туындыларын пайдалануға тура келеді. Біздің болмысымызға негізделген, лайықтыларын аударып, сахналау қажет болып тұр. Сондықтан қазір өзбектің драматургы Ибраһим Садықовтың «Әпендінің бес қатыны» деген музыкалық комедиясын жаңа маусымға дайындап жатырмыз. Ол жерде жарасымды характерлер бар. Соның бәрін халыққа сапалы етіп ұсынбақшымыз. – Театрда орта буын актерлердің тапшылығы бар ғой. Сол сезілмей ме? – Орта буын актерлердің тапшылығы шын мәнісінде байқалады. Өйткені, қазіргі аға буын әртістеріміз бұрын біз келгенде жас еді. Айталық, мен театрға келген 1984 жылы іле-шала Жүніс Әлімбеков келсе, оның алдында Алтай Сәтібеков театр табалдырығын аттады. Одан кейін жұмысқа орналасқан екі-үш актеріміз бар болатын. Олар қызметтен кетіп қалды. Сол аралықта орта буынның жалғастығы үзіліп кетті. Енді орта буын сабақтастығын үзбеген Жүніс Әлімбеков пен Алтай Сәтібеков аға буын өкілдеріне айналып үлгерді. Бүгінде Анар Сағымбекова, Ұлан Абзалиев, Әбу Шоңбаев секілді актерлер сол сабақтастықты әрі қарай жалғастырады. Ал қалғандары жастар. Университетте, колледжде оқып жүрген кездерінде өзім тапқан талантты қыз-жігіттер. Яғни, тапшылық аңғарылады. Оны жою қиындау. Рас, жақсы актерлер баршылық. Бірақ, оларды жұмысқа шақырған соң, жағдай жасау қажеттігі туындайды. Өздеріңіз білесіздер, аймақтық театрлардың жалақысы төмен. Қаржылық қуаты да мықты емес. Оны мәдениет министрлігі де сөз етті. Мәселе ретінде қарастырды. Білуімше, бүгінгі таңда министрлік тарапынан осы біздің өнерге қатысты жаңа консепция құрылып жатыр екен. Бәлкім болашақта жалақы көтеріліп, Үкімет тарапынан жағдай реттестірілсе, актерлерді шақыратын мүмкіндік те туындай жатар.

«Иманбаеваның театрынан жалақы алған жоқпын»

– Өзіңіз театрдан кеткеннен кейін басқа жұмыстар атқардыңыз. Қайда болдыңыз, нендей тірліктер тындырдыңыз? Айгүл Иманбаеваның театрында көркемдік жетекші болғаныңызды білеміз... – Алдымен мен шаһарымыздың бас білім ордасы саналатын М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың өнер кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқардым. Аталмыш университетте 2003 жылдан бергі аралықта қызмет етіп келемін. Әлі күнге сол жерде жұмысым бар. Ал Айгүл Иманбаеваның театры 2011 жылы құрылғаннан бергі аралықта көркемдік жетекші қызметіне тағайындады. Ол жерден тіпті айлық та алған жоқпын. Аты аталған театрда негізінен спектакльдерді көркемдеп, реттестіріп, шетелдердегі әртүрлі фестивальдерге, форумдарға қатысып қайтып жаттық. Иманбаеваның театрында көркемдік жетекші ретінде қала беремін. Оның ешкімге кедергісі, зияны жоқ. Қолым бос кезде ол театрмен де шығармашылық байланысымды үзбеймін. – Айгүл Иманбаеваның театрында жүріп, «Медея» спектаклімен Македониядағы халықаралық фестивальден бас жүлде еншілеп қайтқаныңызды білеміз. Басқа қандай қойылымдар қойдыңыз? – Ол театрда «Медея» спектаклімен шымылдық ашқаннан кейін өзбек драматургі Шароф Бошбековтің «Темір қатын» атты қойылымын сахнаға шығардық. Одан өзге де спектакльдер театрдың репертуарында бар. Төрт жанрды қамтыдық. Сол жердегі труппаның басы-қасында жүрген жас азамат Жұлдызбек Жұманбай болатын. Жұлдызбекті шетелге Гиттеске оқуға жібердік. Ол жігіт режиссураның магистратурасын бітіріп келді. Ендігәрі Айгүл Иманбаеваның театрының ауыр жүгінің негізгі бөлігін сол жігіт көтереді деп отырмыз. Қалыптасқан үрдісті өзі әрмен қарай жаңаша ойымен, қарқынымен жалғастырып кете алатын мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Иманбаеваның театры мен біздің облыстық қазақ драма театрының арасында шығармашылық байланыс орнатуды ойластырып отырмын. Кезінде Айгүл өздеріңіз білесіздер, бізге келіп, «Сыған серенадасында» Изольданың рөлін жап-жақсы ойнап шыққан болатын. Сондай тірліктерді әрі қарай бірлесе атқарамыз деген де ниетіміз баршылық. Бұдан басқа Шәмшінің рөлін сомдаған белгілі актер Бекжан Тұрысты да шақырып, онымен де байланысымызды нығайтуды көздеудемін. Сондай-ақ, өңірімізден шыққан өнер тарландары Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлжан Әспетова сынды аға-апайларымыздың басын қосып, соларға лайықталған қойылым әзірлеуді де мақсат етіп қойдым. Ол спектакльде әйгілі аға-апайларымызбен қатар театрымыздың жас актерлері де рөлдерде ойнайды. Бұл бір жағы жастар үшін тәжірибе толыстырудың мүмкіндігі болса, екінші бір жағынан көрермен үшін де қызық болады. Сонымен қатар шет жақтан жақсы режиссерлер келіп, өз қойылымдарын тараздық көрерменге ұсынады деген де жобам бар. Әрине, ұсыныстың көп болатыны түсінікті. Дегенмен, солардың ішінен таңдаулы деген мамандарды шақырмақпыз. Менің талғамыма сай тәжікстандық Бағзу Әбдразақов деген режиссер азаматтың қойылымы жұртшылыққа ұнауы керек. Бүгінгі таңда ол азамат қырғыз елінде қызмет етіп жатыр. Мәскеуде оқыған. Актерлермен жұмыс жасау үрдісі өте тамаша. Оның спектакльдері әлемдік деңгейдегі байқауларда бас жүлделерді, түрлі номинацияларды алып жүр. Одан да бөлек режиссерлерді шақыру ойымызда, жоспарымызда бар. Сербияда фестивальде жүрген кезімде ұлты румындық Никулару есімді профессормен таныстым. Білікті маман. Қазақстанға келіп, өз жұмысын көрсеткісі келетінін айтып қалды. Македонияға барған кезде де жақсы актерлермен, режиссерлермен таныстым. Сол елдің де мықты режиссерлерімен байланыс орнатсақ жаман болмас еді. Өйткені, Македония театр өнері өте тамаша дамыған ел. Ойлау деңгейлері де өте жоғары. Антикалық драма мен антикалық театр дүниеге келген мемлекетпен қарым-қатынас орнатсақ, нұр үстіне нұр. Мұның бәрі енді қаражатқа да байланысты. Мықты режиссерлерді шақырып, олардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін актерлерімізге көрсетіп жатсақ, ол тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызады. Әрі актерлеріміз шыңдала түседі. Сондай-ақ, Никулару келіп жатса, біз ол жұмыс жасайтын ел АҚШ-тағы әлемдік фестивальге лайықталған қойылым да әзірлер ме едік. Мақсатым – Тараздың театрын әлемдік деңгейге көтеру.

«Троя аруларын» Македониядағы фестивальге ұсынбақпын»

– «Медея» спектаклінің Астанада қойылғаны есімде. Македония амфитеатры жөнінен әлемдегі озық ел ғой. Білуімізше, фестиваль амфитеатрда өтті. Соған байланысты қойылым да біраз өзгеріске ұшыраған болар... – Қойылым шынында да өзгерді. «Медея» алдымен Украинадағы «Босфорские огони» атты халықаралық фестивальге барған кезде өзгеріске ұшырады. Өзгерген себебі, бізге ашық алаңда, көне қаланың орнында көрермен назарына ұсыну туралы ұсыныс түсті. Амфитеатрда ойнайтын мүмкіндік туған соң біз «Медеяны» соған бейімдедік. Ол жерде декорацияны ілетін жер жоқ, тағысын-тағы мәселе туындады ғой. Сол қалыбында біз Сербияға да апардық. Македонияның Стоби қаласында да ашық алаңда қойдық. Сол жобаны Астанада да көрсеттік кейін. Өзгерген жері қойылымдағы қызыл мата өзінің миссиясын одан әрі ұлғайтты. Қырымға барған кезде де, Македониядағы сапарда да сол елдің мамандары менің қойған спектаклімді сол қалпында қоюға рұқсатын берді. Ұйымдастырушылар спектаклімді өзге де фестивальдерден көруге ниетті екендіктерін байқатты. Солтүстікте қойған Софоклдың «Еділ патша» атты спектаклім алдағы уақытта Қырымдағы халықаралық фестивальге қатысуға рұқсатын алды. Македониядағы фестивальге Еврипидтің «Троя арулары» атты Троя қирағаннан кейінгі әйелдердің тағдырын сипаттайтын трагедиялық туындысын өзіміздің театрдың актерлерінің қатысуымен ұсынбақ ойым бар. Мәкен Рақымжанова, Майра Әлімбетовалар жап-жақсы ойнап шығады деген ойдамын. Ұсынып көремін, өтіп жатса, нұр үстіне нұр. – Амфитеатр туралы сөз қозғап қалдық қой. Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар. Біздің өңірде амфитеатрға лайықты орын бар ма өзі? – Мен өзім шет жағасын көрген Ақыртасты көп адамдар лайық деп айтып жатыр. Мүмкіндік болса, сол Ақыртасты амфитеатр ретінде пайдалануға болатын сияқты. Македониядағы Стоби қирап жатқан қала ғой. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жәдігер табылған аймақтардың айналасы амфитеатр ретінде пайдаланылуда. Егер Ақыртас мұражайдың иелігіне өткен болса, консепцияға кірсе, ірі фестивальдерді сол жерде өткізгеннің еш айыбы жоқ шығар. Әрине, оңтайлы жер табылатын болса. Менің естуімше сол аймақ амфитеатрға сұранып тұр. Бұл бір жағынан туризмнің дамуына ықпал болар еді. Халықаралық фестиваль өтсе, оған келгендер тарихи жерді көреді. Мәселен, «Босфорские огони» атты фестиваль тек театрға арналмаған. Онда ақындар өлеңдерін оқыса, суретшілер көрмесі де ұйымдастырылады. Бұл дегеніміз думан. Бізде де сондай форматтағы іс-шара өтсе, одан еш ұтылмаймыз. – Әлем әдебиеті классиктерінің драматургиясынан тараздық көрермендер алдағы уақытта қандай қойылымдарды көреді? – Шекспирдің «Отеллосын» алсам ба деп отырмын. Өзіміздің Мұхтар Әуезовтің «Қобыландысын» қойсам ба деген жоспарым бар. Бірақ енді, бұрынғы қалыптасқан қағидаттан арылып, басқаша формамен келуді ойластыру үстіндемін. «Қобыландының» консепциясы, мазмұны бәрі қалады. Тек бүгінгі заман ағымына сай аз-кем өзгерістер орын алуы мүмкін. «Гамлеттің» де негізін ойластырдым. «Гамлетті» бір тілде емес, үш тілде ойнайтын актерді тапсам деген арманым бар. Ол керек. Режиссер Әлия Баймахан да өз жоспарын әзірлеп жатқан жайы бар. Оның да ойында тартымды дүниелер ұсынсам деген ой бар шығар. – Әлия Баймахан туралы айтып қалдыңыз, былтыр сол режиссердің қойған «Айша бибісі» екіұшты пікір туындатқан болатын. Біреулер мақтаса, біреулер тіпті «театрдың репертуарынан алып тастау керек, бізге бұрынғы классикалық үлгісі қажет» деп жатты. Сол спектакль туралы ойыңызды білсек... – Мен өзім аталмыш қойылымды көре алмадым. Сондықтан көзбен көрмеген соң нақты бір байламды пікір айта алмаймын. Бәлкім ол шын мәнісінде керек болар, мүмкін шалалығы бар шығар. Бірақ, ол қыздың ойын естіген болатынмын. Егер қойылым халықтың көңілінен шығып жатса, көрерменге ұсыныла береді. Бұл қойылым туралы ойымды көргеннен кейін айтқаным дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы режиссер спектакль халықтың көңілінен шығатындай жобамен келуі керек. Қазақтың ұлттық санасына, болмысына сай дүниелер ғана сахналануы қажет. Бұл спектакль болсын, басқа спектакль болсын керек емес болса, ол репертуардан шығарылады. Тіпті, менің өзімнің бүгінгі заманның ағымына келмейтін қойылымдарым бар. Оларды да тазалаймын. Біз әлемдік деңгейге шығатын болсақ, өзіміздің қазақы болмысымызбен баруға тиістіміз. Шетелге Әуезовті, Мүсіреповті шығарсақ та, Шекспирдің деңгейінен кем түспейтіндей қаламгер екенін таныта білуіміз шарт. Ол үшін жаңаша ізденістерге, тың шешімдерге барудан қорықпаймыз. Тек, алдымызға қойған үдеден шығу – міндет. – Драматургия қартайып бара жатыр деген пікір қалыптасты. Жас драматургтер жоқ дейміз. Сіздіңше жастар неге драматургиядан алшақтап барады? – Рас, драматургия қартайып бара жатыр. Бүгінде Думан Рамазан, Роза Мұқановалар жазып жүр. Олардың өзінің жастары қырықтан асып қалды. Алайда «міне!» деп көрсететін жас драматургтер жоқ. Академия оқытудай-ақ оқытып жатыр. Бірақ, солардың барлығы дерлік драматургияға емес, телесериалға, болмаса басқа бір әлемге кетіп қалып жатыр. Өйткені ақшасы дұрыс төленбеген соң, нәпақа табудың жолына кетеді. Драматургия оңай жанр емес. Диалогтарды құрудың өзі қаншама ойды, уақытты талап етеді. Мехнаты мол тірлік. Драматург ол туылуы керек. Бүгінгі заманның ағымына сай болуы шарт. Мәскеуде тұратын Олжас есімді қандасымыз бар. Ол орысша жазады екен. Бірқатар театрларымыз оның шығармаларын сахнаға шығарыпты. «Жұт» деген туындысын Ақтаудағы Н. Жантөрин атындағы театр қойыпты. Сондай жастар бір жерде шыға алмай жүрген шығар мүмкін. Солардың бәрін ұйымдастыру керек. Ресейде бір риза болатыным, қазіргі заманның ағымына сай жазылған шығармаларға байқаулар өткізеді. Соның ішінен іріктелгендерінің шығармалары тек Ресей емес, әлемге таратылып жатыр. Бізде де сондай көзқарас қажет. Мүмкін сол жұмысты біздің Тараздан бастау керек шығар. Таразда өтсе, тәуір шығармаларды таңдап алу мүмкіндігі өзімізде болар еді... – АШТ-тың «Метрополитені», Ресейдің «Үлкен театры», Италияның «Ла Скаласындағы» қойылымдардың декорациясына кететін қаражат көлемі біздің әкемтеатрдан 10-15 есе көп екен. Аймақтық театрлардың жағдайы енді тым төмен. Осыдан барып, декорация жұтаң болып жатады. Ал, декорация спектакльдің сәні ғой... – Рас. Қаражат аз болған жерде жұтаңдық байқалады. Мысалы, біздің актерлердің киіп жүрген киімдері жоқтан бар жасалған дүние. Декорацияңның да, жарық сәулесінің эффектілерін арттыру үшін де қаражат керек. Сонда шешімдер де, басқа да сәтті шығады. Бізді неге шетелдікіндей шықпады деп сынап жатады. Техниканы мықты меңгеретін мамандар керек. Техникалық құрам оқып жатқан жоқ. Жарық беретін адамдар бұрынғы аппараттармен жұмыс жасайды. Олар жаңа бағдарламаларды қалай меңгереді? Театрлар өздері қаржы тапсын деген пікір бар. Ол мүмкін емес. Шағын театрлар ақтауы мүмкін. Оның өзі Мәскеу секілді мегаполисте болса ғана. Спектакльдер керемет шығуы үшін де Үкімет тарапынан субсидия бөлінуі қажет-ақ... – Әңгімеңізге рахмет!

2Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар