
Осы өңірден түлеп ұшқан небір дүлдүлдер мен дарын иелері өз дәуірінде сахна саңлағына айналып, артына өшпес рухани мұра қалдырды. Сол асыл жолдың ізін жалғап келе жатқан ұрпақтың бүгінгі өкілдері – Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары. Өнер ордасы саналатын бұл ұжым өзінің жарты ғасырдан астам тарихында алғаш рет Алатаудың баурайындағы өнердің жүрегі – Алматы қаласына арнайы шығармашылық сапармен барып, «Республика сарайында» концерт берді.
Жамбыл облысы әкімдігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен кеш «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атауымен өтіп, көрерменге көне тарихтың үнін сезіндіріп, өнердің нәзік иіріміне бөледі. Концерттің шымылдығы «Түркі өркениетінің тұғыры – Тараз» атты көркем прологпен ашылып, көрермен қауымды Көне Тараздың рухымен тербеді.
Бұл көркем композиция өңір тарихының терең қатпарларына шегініс жасай отырып, Ұлы Жібек жолының бойындағы сырға толы шаһардың сұлулығын күймен көмкеріп, әнмен әспеттеді. Әулиеаталықтардың сәлемін Алатаудың төріне алып келген өнерпаздар концертке тыңғылықты дайындықпен жеткендігі әрбір әннің әуенінен, әрбір күйдің мазмұнынан сезіліп-ақ тұрды. К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Аида Смағұлованың айтуынша, концертке таңдалған әрбір ән мен күй терең сүзгіден өткен.
«Бұл кеш – Жамбыл жерінің терең тарихы мен мәдениетін айшықтайтын ерекше өнер мерекесі. Сондықтан да ұжымымызда ұлттық өнердің жүрегі саналатын Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің бұл кештегі орны айрықша болды. Концерттің біраз бөлігі оркестрге тікелей байланысты болғандықтан, олардың репертуарын дайындау кезінде әр күйге үлкен жауапкершілікпен қарадық. Әр туынды – біздің өңірдің үні, болмысы, музыкалық мінезі. Соған сай, Мәлгеждар Әубәкіровтің «Талас», Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата», жергілікті композитор Б.Олжастың «Көкдауыл» атты күйлерін іріктеп алдық. Ал Әбдімомын атамыздың «Еркесылқымын» бұл кештен бөлек қарау мүмкін емес еді.
Бұл шығарма – тек күй емес, бүкіл өңірдің нәзік те терең сазы, ұлттық болмысымыздың әсем әуені. Сондықтан оны тыңдарманға ерекше шабытпен жеткізуге тырыстық. Біз бұл концертке жай ғана концерт ретінде қарамадық. Біздің ұжым үшін Алматыдағы «Республика сарайында» алғаш рет өнер кешін өткізу – тарихи оқиға. Сондықтан да, бұл кеште де тарихи қадамның жасалуы заңды. Бұл қадам біздің жамбылдықтардың өнер сапарындағы жаңашыл үні, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі деп білемін.
Мұндай туындылар мен деңгейлі кештер бір күнде пайда болмайтыны анық. Біз бұл жолға жылдар бойы дайындалдық. Сол жолда қолдау білдіріп, шығармашылық серпін берген басшылыққа алғысымыз шексіз», – деді Аида Қанатқызы. Өңір мақтанышына айналған белгілі әншілер қауымы өздерінің дара дауыстары, терең толғамды орындаушылық шеберлігі және танымал репертуарларымен кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Халық жадында сақталған туындыларды алғаш орындап, ән өнерінде із қалдырған сахна саңлақтары да осы кеште көрермен алдына шықты. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әнінің тұңғыш орындаушысы Ғани Мәтебаев, Сәрсенбек Бәкірдің «Аузынан айдың түскен қыз» әнін алғаш шырқаған Маралбек Бабақұлов, ұлттық өнердің шынайы өкілі Айгүл Мақашева, өзіндік тембрімен дараланған Оңал Азаматова, сондай-ақ Жанатбек Кәдіров пен Мадина Сағынбекова сынды өнер тарландары жамбылдық сазгерлер мен халық әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменге шынайы эмоция сыйлады. Үлкен буынның ізін жалғап, өнер көгіне өрлеп келе жатқан жас толқын да бұл кеште лайықты үн қосты.
«Мейкин Азия» ІІІ Халықаралық байқауының жеңімпазы Айна Қалмағанбетова, жастардың жүрегінен өз әндерімен орын алған «Дауыс» квартеті, түрлі телевизиялық жобалар арқылы танылған Құрмаш Қуанышбаев, Әсел Уашева да сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, жамбылдық өнер ордасынан түлеп ұшып, бүгінде республикалық деңгейде танымал болған жұлдыздар – Мөлдір Әуелбекова мен Айбек Жансеитов (Бүркіт) арнайы қонақ ретінде кешке қатысып, шынайы шеберліктерімен көрерменді тәнті етті. Ал филармонияның төл брендіне айналған әйгілі «Тараз» триосы мен олардың өнер жолын лайықты жалғап келе жатқан «Жамбыл» триосы кештің шоқтығын биіктетіп, зал толы тыңдарманның ыстық ықыласына ие болды.
«Бүгін біз Әулиеата өңірінен арнайы келген К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концертіне куә болдық. Бұл кеште Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, атағы алысқа кеткен «Тараз» триосы, олардың ізін жалғап, жаңа тыныс беріп келе жатқан «Жамбыл» триосы сынды «сен тұр, мен атайын» деген өнерпаздар сахнаға шығып, әуезді ән мен күй арқылы көрерменнің жүрегіне жол тапты. Кеш барысында ерекше тебіреніспен қабылдаған шығармам – «Көкшолақ» әні болды. Бұл туынды Жамбыл облысы әншілерін әлемдік сахнаға шығарған ән десем, асырып айтқаным емес. Сол әнді тыңдап отырып, жүрек толқыды, көңіл марқайды. Еске
Кенен атамыздың:
«Тай үйреттім тепсеңге,
Келді Кенен сексенге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де…», – деген жыр жолдары оралды. Міне, дәл осындай киелі топырақтан осыншама талантты, өнерге адал азаматтардың шығуы – заңдылық. Ал сол дарын иелерінің бір кеште сахна төрінде өнер көрсетуі – тарихи сәт дер едім. Бұл – тек концерт емес, тұтас бір рухани оқиға. Себебі жамбылдықтардың өнерін бүгін күллі Қазақстан тамашалады. Ал ол өнер Алматы төрінде, «Республика сарайында» орындалды дегеніміз – ұлттық өнеріміздің үні әлемге естілді деген сөз. Сондықтан да, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, ұлт рухын дәріптеп жүрген Әулиеата өнерпаздарына сәттілік тілеймін. Рух пен салтқа суарылған ән-жырымызды дүниенің төрт бұрышына паш ете берулеріңізге тілектеспін!» – деді кешті тамашалауға арнайы келген ҚР Мәдениет саласының қайраткері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Ән» бөлімінің жетекшісі Дүйсенбек Төребекұлы. Ән мен жырға толы бұл кеште сахна сәнін келтіріп, көрерменге көркем әсер сыйлаған тағы бір ұжым – «Ақкербез» би ансамблі болды. 2012 жылы құрылған бұл ансамбль бүгінде тек филармонияның ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген кәсіби би ұжымы.
Халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткізген ансамбльдің мың бұралған биі – қазақтың ұлттық болмысын, нәзік иірімін сахна арқылы сөйлете білді. Ансамбль репертуарындағы «Қыз ғұмыр», «Арман дала», «Қыз қуу» сынды қойылымдар көрерменге тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің терең мағынасын жеткізді. Әр қимыл, әр хореографиялық бейне – көркемдік пен кәсібиліктің ұштасқан үлгісіндей әсер қалдырды. Кеш бойы орындалған филармония ұжымының әрбір өнер туындысы – айрықша дайындықтың, кәсіби шеберліктің, жүрек жылуы мен ұлттық рухтың көрінісі болды.
Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан өнерпаздардың сахнадағы әр сәті көрермен жүрегіне жол тауып, бұл концерттің тек шығармашылық есеп қана емес, ұлттық рухты ұлықтаған ерекше оқиға екенін айқын көрсетті. «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты бұл кеш – тек өнер мерекесі емес, туған жерге деген тағзым, ұлт өнеріне деген шексіз құрмет, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Алатау төрінде асқақтаған Жамбылдың өнер үні – ел рухын көтеріп, дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте паш етті.
Ғалия АБЫЛАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді