
Жалғас Қуанышбекұлы – «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-ның Калифорния штаты Лос-Анжелес қаласындағы «Нью-Йорк» фильм академиясында режиссура бағыты бойынша магистратуралық білім алып жатқан түлек. Жақында ғана Жалғас Абенов «Айша» деп аталатын қазақ әйелдерінің ауыр тағдырын суреттейтін қысқаметражды фильм түсірді. «Айша» фильмі – тек кино емес, қоғамдағы ең өзекті мәселе тұрмыстық зорлық-зомбылықты, нәзік жандардың үнсіз жанайқайын қозғайды.
– Фильм әйел адамның өмір жолы, ана ретінде балалары үшін күресі, оның жанайқайы мен жүректегі жарасын шынайы бейнелейді. Фильмде бір ғана әйел адам ойнағанымен мұнда қазақ әйелдерінің тағдыры баяндалады. Тағдыр қанша сынаққа алса да өз болашағы үшін, балалары үшін бар қиындықпен күрескен қайсар әйелдің бейнесі көрерменге ұсынылды. Фильмнің сценарийі өткен жылы жазыла бастаған. Бұл жоба бірнеше ай, тіпті жарты жылдан аса уақыт бойғы үздіксіз еңбектің, ұйқысыз түндердің нәтижесі. Бұл өзіме ең жақын, ең қымбат тұңғыш туындым. Сценарийді жазу барысында фильммен бірге өмір сүргендей болдым, – дейді жас режиссер.
Жалғасқа сөз өнері, кино саласы да жат емес. Жалғастың анасы елімізге танымал журналист, қара сөздің шебері, ақын Ғайни Әлімбекқызы. Журналистика саласының майталманы зейнетке шықса да әлі де қаладағы «Taraz 24» телеарнасында жұмыс істейді. Ол «Биіктік» атты хабардың авторы. Жақында ғана соғыс ардагері Ыбырайым Сүлейменов туралы жасаған бағдарламасы республикаға танымал болып, көпшіліктің көзайымына айналды. Демек «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші дана да, дара анадан тәлім алған Жалғастың болашағы зор, қазақ киносына қосар үлесі көп деп ойлаймыз.
– Жалғас шындығында бала күнінен небір сақа журналисттер мен сөздің мәйегін ағызған ақын жазушылардың, режиссерлердің ортасында өсті. Бастауыш сыныптан бері телеарнада менімен бірге саланың қара қазанында бірге қайнады, бірге толғанды. Кей кейде ақылшым болды, ой қосты. Небір танымал бағдарламаларымның жемісті жүзеге асуында, оның қиындығы мен қызығында балам жанымда болды. Бәрін көзбен көріп өсті, – дейді анасы, журналист Ғайни Әлімбекқызы.
Жалғас мектепті №8 мектеп-гимназиясында аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскен. Оны қызыл дипломмен үздік тәмәмдап, «Болашақ» бағдарламасымен Америка құрама штаттарының Калифорния штаты, Лос-Анджелес қаласында магистратураны оқуда. Әлі де арманы аласармай кино саласына өз қолтаңбасын қалдырсам дейтін Жалғастың жазары да, айтары да көп.
– Фильм Таразда түсірілді. Шығармашылық топ құрамында Қазақстан мен Ресейден келген мамандар болды. Ресейден келген команда жарық қою сынды техникалық жұмыстарға жауапты болды. Осы фильмде аты ерекше аталуы тиіс адам – қоюшы оператор Давид Лихтенфельд. Екеуміз бірге Лос-Анджелесте бірнеше жобалар бойынша жұмыс істедік. Давид өте дарынды және талантты маман, менің көзқарасымды, ойымды бір ауыз сөзден-ақ түсіне алады. Біз жақсы тандембіз деп айтуға болады. Түсірілім алаңында бірден тіл табысып, бір жылдан астам бірге жұмыс істеп, ойымыз бір жерден шығатындай дәрежеге жеттік. Командадағы адамдар да біздің шығармашылық дуэт екенімізді жиі айтады. Фильмде қазақ мәдениеті кеңірек көрініс тапты. Ұзату тойы, ұлттық киімдер, киіз үйлер, алтыбақан, домбыра, халық әндері мен қазақи би – барлығы осы фильмнің маңызды бөлшегі болды, – дейді Жалғас Абенов.
Адамның өз ісін табуы – үлкен ризық. Хакім Абай «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел» деп бойында қайраты бар жастарға мал тауып, кәсіп етіп, өнер мен білім үйренудің қажеттілігін айтып кеткен. Дүние тіршілігінің сәні де еңбек ету емес пе? Жалғас Абеновтың кинотуындылары әлемді шарпитынына сенімдіміз!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді