«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Бармақ басты, көз қысты» әрекет абырой әпермейді

«Бармақ басты, көз қысты» әрекет абырой әпермейді
ашық дереккөз
«Бармақ басты, көз қысты» әрекет абырой әпермейді

Transparency International халықаралық ұйымы әлем елдерінің сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша 2018 жылдың қорытындысына сәйкес дәстүрлі рейтингісін жариялаған екен. Бұл тізімде Қазақстан 100 балдың 31-ін жинап, 180 елдің ішінде 124-орыннан көрінген. Ал көршілеріміз Қырғыз Республикасы 29 балмен – 132, Ресей – 138, Әзірбайжан мен Тәжікстан 152 және Өзбекстан 158-орынға тұрақтаған. Өзгелерге қарағанда, көш ілгері болғанымызбен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттері, әсіресе қызметтік мансапты асыра пайдалану арқылы мемлекеттік қызметке кір келтірумен қатар, қоғамды жегідей жеп келеді. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілер арасындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді, азайту мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесін саралады. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жиылған басқосуға ұлттық бюро департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Өмірзақов, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев қатысты. Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу басқармасының басшысы Жаннұр Тасқұлов мемлекеттік кірістерді басқарудың бірнеше тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы айтып өтті. Атап айтқанда, былтыр Жуалы ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы өзінің функционалдық міндеттерін асыра пайдаланғаны анықталған. Ол салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген Д. есімді азаматтың белгіленген мерзімде мемлекеттік кіріс органына салық төлемегені үшін одан ақша талап еткен. Жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтату және белгіленген мерзімде мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін ұсынбауына байланысты айыппұл салмас үшін бас маманның әрекеті қызметтік кабинетте кәсіпкерден 50 000 теңге алғаннан кейін әшкереленген. Сонымен мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұрып парақорлыққа барған. Соған сәйкес Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Бүгінгі таңда оған қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ал биыл облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеу басқармасы Байзақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы Еламан Бижігітовке қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған. Ол аудандағы Қалдыбеков деген азаматтың автокөлігінің соңғы бес жылдағы салық берешегін «Орталықтандырылған бірыңғай дербес шот» бағдарламасы арқылы бет есебіне енгізбеу ниетімен одан 45 000 теңге алған. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша Байзақ аудандық сотының үкімімен Бижігітов кінәлі деп танылды. Енді ол айыппұл төлеумен қатар, өмірбақи мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Жаннұр Мұсаұлының айтуынша, Жуалы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы және Бижігітовтің сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылық деректері, Жуалы және Байзақ аудандарының басқарма басшылығы тарапынан тиісті ведомстволық бақылаудың болмауы салдарынан және бағынышты адамдар арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстары жүргізілмегендіктен орын алған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев осы кірістер департаментінің өзінде былтыр мемлекеттік қызметке кір келтіріп, заң бұзғандар кездескенін айтады. Атап өтсек, 2 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған. Олар Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы К.Мұхтаров пен бас маман Б.Жігітеков екен. Аталған істің нәтижесі бойынша Мұхтаров лауазымынан босатылған. Нұрлан Тәңірбердіұлы сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмыстарға тарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен «Адал жол» жобасы аясында да жасалып жатқан жұмыстар барысын тілге тиек етті. Оның бірі – былтыр тамыз айында бастау алып, темір жол көлігі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себептері мен шарттарын анықтау мақсатында қолға алынған «Құпия сатып алушы» әдісі. «Тексеру барысында темір жол бекеті қызметшілерінің заңсыз түрде билет табуға және билетсіз жолаушыларды отырғызуға өз көмектерін ұсыну фактілері анықталған. Нәтижесінде, Жамбыл темір жол вокзалының 2 қызметшісі билет табуға және билетсіз жолаушыларды қабылдауға заңсыз делдалдық жасағаны үшін жұмыстан босатылды. Сонымен қатар «Билетсіз жүріс жоқ» акциясы аясында пойыздарды тексеру барысында жолсеріктердің билетсіз жолаушыларды қабылдау фактілері анықталып, 4 жолсерікке қатысты әкімшілік айыппұл салынды. Одан бөлек, 2018 жылы лауазымды тұлғаларға сыйлық ұсынғаны үшін жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 1 миллионға жуық айыппұл салынды», – деді ол. Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тұрақты түрде қылмыстық құқық бұзушылықты және басқа да заң бұзушылықтарды жасайтын жағдайларды жоюға бағытталған материалдарды қарау үшін еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуді қолға алған. Сондықтан ұйымдастырушылар кездесу соңында Жуалы және Байзақ аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшылығының тәртіптік жауапкершілігін қатаң түрде қарау үшін және келешекте мұндай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне ұсыныс жолдады.

2018 жылдың қорытындысына сәйкес дәстүрлі рейтингісін жариялаған екен. Бұл тізімде Қазақстан 100 балдың 31-ін жинап, 180 елдің ішінде 124-орыннан көрінген. Ал көршілеріміз Қырғыз Республикасы 29 балмен – 132, Ресей – 138, Әзербайжан мен Тәжікстан 152 және Өзбекстан 158-орынға тұрақтаған.

Ұқсас жаңалықтар