Жамбылдық балуан қола жүлдегер атанды

Жамбылдық балуан  қола жүлдегер атанды
ашық дереккөз
Жамбылдық балуан қола жүлдегер атанды
Грек-рим күресі десе бірден ойымызға Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің оралатыны сөзсіз. Кеңес дәуірінің өзінде қиындыққа қыңбаған, кедергіге сынбаған, төртжылдықтың басты додасында атой салған алғашқы қазақтың ізін жалғайтын азамат қашан шығады екен дейтініміз де сондықтан болса керек. Содан да шығар, Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионатына екі көзіміз төрт, жүрегіміз өрт болып көз тіктік. Бұл аламанға еліміздің кіл мықты балуандары аттанған болатын. Олардың бәрі жүлдеден дәмелі екені анық. Ел намысын қорғауға жамбылдық оғландар сапынан Мейірбек Қордабай да кеткен еді. Бірқатар жарыстарда өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген жас балуанға үлкен үміт артқанымыз да жасырын емес. Мейірбек сол үміт пен сенімнің үдесінен шығу үшін еш аянып қалған жоқ. Ұлан-Батор төріндегі бозкілемде барын салған Мейірбек жүлдегерлердің қатарынан көрінуге талпынды. Жерлесіміз құрлық біріншілігінде тұңғыш рет бақ сынағаннан болар, аздап қобалжығандай көрінді. Әйтпесе, алтыннан алқа тағынар ма еді, кім білсін. Бұл додада бірнеше белдесу өткізген ол жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Бүгінде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да білім нәрімен сусындап жүрген Мейірбек Қордабайды бұл жарысқа облыстың аға жаттықтырушысы Серік Қалдықұлов баптап апарған болатын. Мейірбекке болашақта толайым табыс тілейміз. Кім біледі, бәлкім келешекте Жақсылық Үшкемпіровтің орнын Мейірбек басып та қалар... Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар