Футболдан Қазақстан премьер-лигасының алғашқы екі ойынын түзде өткізген «Тараз» футболшылары екі ойында да жеңіліс тапқан соң үшінші турдан жанкүйерлер жақсы нәтиже күткені жасырын емес. Өйткені бұл жолы «Тараз» футболшылары осы маусымда тұңғыш рет өз алаңында жасыл алаңға шыққан болатын. Сондықтан да жергілікті жанкүйерлер жерлестеріміздің үш ұпай иеленетініне сенімді болды. Төреші ысқырығы естілген сәттен-ақ «Тараз» футболшылары өткір шаубылдар ұйымдастырудың жолдарын қарастырды. Команда сапын толықтырған легионерлеріміз де өздерін жақсы қырынан көрсетуге тырысып бақты. Оның үстіне «Тараз» футбол клубының бас бапкері Вахид Масудов үшін де бұл ойын зор маңызға ие еді. Бұрын «Атырау» футбол клубын жаттықтырған бас бапкер экс командасынан қалайда айласын асыруға күш салды. «Тараз» ойыншылары жылдам гол соғудың жолдарын қарастырды. Ал «Атырау» футболшылары жылдам қарсы шабуылда үн қатуға тырысты. Ойынның он үшінші минутында оң қапталмен құстай ұшқан Серж Ньюадзи қақпаға қақырата соққы жұмсаған болатын. Дегенмен оған сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жерлестеріміздің қарқыны бірінші кезеңде есеп ашуға жетеді деп ойлағанбыз. Алайда олай болмай шықты. Бірінші кезеңнің ортасында «Атырау» футболшысы Дәурен Қайралиев алыстан соққы жұмсады. Оның соққысы жойқын шыққанмен, қақпаға дарыған жоқ. Осылайша ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Кездесудің екінші бөлігінде де «Тараз» футболшылары қарсылас команда қақпасының кілтін табуға күш салды. «Атырау» ойыншылары да қарап қалмай, қарсы шабуылдарда өздерін көрсетуге тырысып бақты. Тіпті Алексей Радионовтың есеп ашатын мүмкіндігі болған еді. Алайда бағымызға орай «Атырау» футболшысы білгенінен жаңылды. Бұдан соң «Тараз» футболшылары ойындағы басымдықты түпкілікті қолға алып, допты бақылауда ұстады. Ойынның жетпіс бірінші минутында «Тараз» өз алаңындағы алғашқы голды соқты. Оң қанаттан Виктор Крюков асырған пасқа бірінші болып жеткен Элгуджа Лобжанидзе ағылшындық стильде тамаша голдың авторы атанып, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Арада аз ғана уақыт өткенде «Атырау» футболшысы Алексей Радионов тағы бір мүмкіндігін мүлт жіберді. Жерлестеріміз бір голмен тоқтап қалғысы келген жоқ. Есепті еселеудің оңтайлы жолдарын іздестірді. Сол мақсаттарына қол жеткізді. Кездесудің жетпіс сегізінші минутында «Тараз» футболшысы Серж Ньюадзи тамаша мүмкіндікті сәтті пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Матчтың қалған бөлігінде «Тараз» футболшыларында есепті еселейтін мүмкіндік болған еді. Алайда алаңға жаңадан шыққан ойыншыларымыз мүлт кетіп жатты. Осылайша «Тараз» футболшылары премьер-лигаға оралғаннан кейінгі алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Премьер-лигада бірінші жеңісіне қол жеткізген «Тараз» футбол клубы турнир кестесінде сегізінші орында келеді. Жерлестеріміз төртінші турда Павлодарға қонаққа барып, жергілікті «Ертіс» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шығады. Үшінші турды өз алаңында өткізген «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарынан» ұтылып қалған болатын.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді