ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ОЗЫҚ ОҒЛАНЫ

ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ОЗЫҚ ОҒЛАНЫ
ашық дереккөз
ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ОЗЫҚ ОҒЛАНЫ

НЕМЕСЕ ҚЫДЫР БАЙҚАБЫЛҰЛЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Бостандық ауылының оңтүстік-шығысындағы Жиембет тоғанынан бастау алатын канал көп. Солардың бірі – Қыдыр каналы. Оның қазылуы жөнінде сол өңірдің тумасы Қарсаң Батайұлының өз аузынан естігенім бар. «Каналды Кеңес өкіметі кезінде колхозшылар өткелектеп қазған еді» деп айтатын ол кісі. Өткен жылы Талас ауданының 90 жылдығына арнап, өлкенің жер-су аттарының тарихын зерттегенімізде каналдың тарихы тым әріден басталатынын естідім. Тың деректі маған сол ауылдың тумасы, көзі қарақты азамат Рәтбек Айғараев жазып берді. Енді соған тоқталсақ.

Таластағы тоғандар

Бүкіл саналы ғұмырын елдің игілігіне арнап, XIX ғасырдың екінші жартысында елді отырықшылық-егіншілікке үйрету мақсатында еңбектенген Бәйдібектің 14-ші ұрпағы Қыдыр Байқабылұлы 1820 жылы Қаратау өңірінде өмірге келіп, 1903 жылы өмірден озған. Сүйегі бұрынғы Бостандық совхозына қарасты Талапты елді мекенінің жанындағы ескі қорымда. Ол қорымда Қыдырмен дәуірлес 1750-1865 жылдары туған бабалар жерленген. Қыдыр Байқабылұлы 1864-1865 жылдары Қоқан хандығынан Жетісу өлкесі мен Әулиеата, Шымкент, Ташкент аймақтарын қайтарып алу жөніндегі мақсатты орындауға аттанған қосынның басшысы, орыстың әскери және қоғам қайраткері. 1865-1866 жылдары Түркістан облыстық әскери губернаторы, генерал-лейтенант Михаил Григорьевич Черняевпен тағдыры түйіскен адам. Черняевқа Қордай асуынан орыс әскерлерінің асуына көмектесіп, Қоқан ханына көмектесуші топтың басшысын ұстап бергені үшін Қыдырға «Талас бойындағы орыс империясының өкілі» атағын беріп, оған хандарға берілетін зерлі шапан мен қылыш сыйлаған. Сондай-ақ жылына 100 сом мөлшерінде айлық тағайындаған. Мұндай дәреже тек орыс әскерінің хорунжиі Байзақ датқаның баласы Ақмолда батыр бабасына бұйырған. Оның бірінші тоғаны Қырғыз жерінде қалды. «Ол әлі күнге дейін халық қажеттілігіне жарап отыр» дейді білетіндер. Екінші тоған – Шу бойынан қазылған. Кеңес өкіметі тұсында кеңейтіліп, қайта жаңғыртылды. Үшінші тоған – Таластың орта ағысы бойынан 1875-1882 жылдары қазылған. Оны қазарда Қыдыр Алматыдағы, Қаратау өңіріндегі, Аса, Билікөл бойындағы шашылған ағайын-туыстары мен басқа да егіншілікке көңілі ауған халықты жинап, 80 үйдей адамды көшіріп әкелген. Солардың күшімен тоған салдырып, диірмен орнатты, ол «Қыдыр диірмені» деп аталды. Нәтижесінде Талас өзенінің орта ағысынан Қазақбай, Бегсей, Жұмабек, Жаныс, Бөрібай тоғандарының қазылуына бастау болды. Тоған XX ғасырдың 60-жылдарына дейін халыққа қызмет етті. Оның бойында «Төртбай диірмені» мен «Сырбай диірмені» орналасқанын білеміз. ...Жаңа құрылған колхоз жерлерін суландыру үшін Талас өзені бойынан тоған салу мәселесі шешімін тапты. Тоған 1926-1929 жылдары қазылды. Оған қажетті қаражатты мемлекет қамтамасыз еткен. Сондай-ақ тоғанның жобасын жасауға арнайы су инженерлері Иван мен Ефимді және дәрігер Матвейді жіберген. Олар тоғанның қазылу жобасының картасын сызып, сол арқылы жұмыстың атқарылуына басшылық еткен. Алғашқы картада сол кездегі су алатын 12 колхоздың жері көрсетілген. Алайда су жүретін арықтар жүйесі бірден біткен жоқ. Олар қажеттілікке байланысты жылда ұзартылып қазылды. 1975 жылы алғашқыда «ТаласУпр» аталған Жиембет бөгеті жаңа жобамен қайта салынды. Бүгіндері ол Барбол байлауы деп аталады. 1926 жылғы санақ бойынша қазақ шаруаларының 24 пайызы егіншілікпен, 33,2 пайызы мал, егін шаруашылығымен, 38,8 пайызы мал шаруашылығымен айналысып, елдің 40-43 пайызы көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс кешкен. Талас өзенінің орта ағысындағы халық (ол кезде қазылған тоғандар: Қыдыр, Қазақбай, Бегсей, Бөрібай) мал, егін шаруашылығымен айналысатын. Сол жылдары аудан көлемінде екі мектеп салынды. Бірі – Ойықта, екіншісі – Көмекшіде. Алайда Көмекшідегі мектеп халықтың Аққұм, Бостандық ауылдарына көшіп кетуіне байланысты 1929 жылы жабылды. Мектеп жаңадан құрылған Бостандық ауылына көшірілді. 1935-1937 жылдары ашылған дәрігерлік бөлім сол жылдары Талапты атанған Қыдыр ауылында қалды да, тек 1941-1945 жылғы соғыстан кейін ғана Бостандыққа әкелінді. Өйткені 1926 жылы Матвей ашқан дәрігерлік бөлім сол кезде халық шоғырланған жалғыз Қыдыр ауылында еді. Оның орны Талапты жанындағы Қыдыр тоғанына салынған көпір мен батыс жағында салынған ұзын 5-6 бөлмелі үй. Онда алғашқы ауылдық Кеңес пен колхоз әкімшілігі орналасты. Кейін әкімшілік көшкен соң ол үйдің 1-2 бөлмесі колхоздың қоймасы және 1 бөлмесі қойма меңгерушісі Көпболсыновтың үйіне айналды. Сонымен тарихи деректер Қыдыр Байқабылұлының заманында Талас өңірінде егіншілікті дамытуда алғаш түрен салған диқаншы болғандығын айғақтайды. Тоған, диірмен салдырған азаматқа ақырында ұжымдастыру кезінде ауылға есімінің берілуі оған деген халықтың құрметі болса керек. Рәтбек өз жазбасында Қыдыр ауылының саясаттың салқынымен Талапты ауылы атанғанын да жазыпты. Бұл да қазіргі уақытта қайта саралауды қажет ететін атау сияқты көрінеді. Біз Рәтбектен Қыдыр Байқабылұлының үрім-бұтағы жайында сұрастырдық. Оның айтуына қарағанда, ағайындары сыртқа қоныс аударып кеткен. Біразы Тараз қаласында тұрады. Сәтін салса олармен де жолығып, Қыдыр атадан қалған естеліктерді саралап, Ақ патшаның өкілі берген зерлі шапан мен қылышы сақталса, өтініш етіп мемлекеттің меншігіне алдырып, Қаратау қаласындағы, не облыс орталығындағы музейге қойдырсақ, нұр үстіне нұр емес пе?

БӨЛТІРІК БАЙ ТУРАЛЫ АЙТАРЫМЫЗ БАР...

Бұл мақаланы жазуымызға бір мұрағатшының мақаласы себеп болды. Онда автор патша өкіметі тұсындағы Әулиеата уезін басқарған, өлкетанушы В.Каллаурдың еңбегіне сілтеме жасап, ол Талас өлкесін аралағанда қасында Бөлтірік шешен болыпты деп жазады. Бөлтірік шешеннің өмірбаянына қысқаша тоқталғанымыз жөн болар. Атақты шешен 1771 жылы осы күнгі Шоқпар стансасы маңында дүниеге келген. 1854 жылы ұлы Таңабай абайсызда мерт болып, соның қазасына келген ол да науқастанып, мәңгілік мекенін Ойық ауылының маңайында, Жәдік көлінің жағасында тапса керек. Ал енді Каллаурға келетін болсақ, ол 1880 жылы Әулиеата уезінің басшысы болып тағайындалған. Ендеше, Бөлтірік шешен мен оның арасында ешқандай байланыс жоқ. Олай болса әңгімеге тиек болған Бөлтірік кім? Ол – Каллаур жазғандай Шапырашты Бөлтірік бай. Аймақ басшысы Талас өңіріндегі сапары кезінде құнды мәлімет берген Бөлтірікті көзі қарақты, шежірешіл адам екенін біліп жазған. Шапыраштылардың ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Талас өңіріне көшіп келгендігін Шыбыл атаның ұрпақтары әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Артынша Ұзынағаштан ағайындарын іздеп келген атақты Андас би: «Елге оралыңдар!» дегенде қандастары ыңғай танытпаған. Осы сапар туралы Көшек батыр ауылының тумасы, ақын, Андас бидің ұрпағы Жарылқасын Амановтан естіген едім. Бөлтірік жай ғана шаруа баққан қазақтың бірі емес, алдына мыңғырған мал біткен бай болса керек. Асыл тұқымды көк ала жылқыларының санында есеп жоқ көрінеді. Ағайындары, ауылдастары Бөлтекеңнің көк жал айғырларын өрістен ұстап алып, көкпар тартады екен. Содан кейін естісе ұят болады деп, Бөлтекеңе келіп: «Жәке, сіздің айғырыңызды айтпай көкпарға шауып едік» десе, «Ә-ә, бопты, жақсылап суытып, үйірге қоса салыңдар» дейтін көрінеді. Соған қарағанда Бөлтекең жомарт, ақкөңіл жан болса керек. Бөлтірік байдың Ошақтының болысы Жаңабаймен құдандалы болғандығын «Әбілда би» деген кітабымда жазған едім. Жалғыз қызы Жібекті болыстың ұлы Егембердіге қосқан. Бөлтірік байдың қыстауы, құдығы Бөлтірік шешен ауылының солтүстігіндегі Мойынқұмның жерінде әлі күнге дейін сақталған. Каллаурға рақмет, оның тәуір, білімді адам екендігін жазып кетті. Реті келгенде Ойық және Кеңес ауылдарының екі ортасындағы қос Көшек төбе турасында да айта кетейік. Кешегі күнге дейін Шапырашты Көшек батырдың жерленген жерін Үлкен Көшек, Ойықтың тәуірі мекен еткен төбені Кіші Көшек деп атайды екен жұрт. Ендеше, бөле-жаратын ештеңе жоқ, екеуі де ел есінде қалған тұлғалар Кіші Көшекпен жалғасып жатқан төбені Ойықтың бір руының датқасы болған Елеместің есімімен атайды. Көшек ауылының тұрғыны, атақты малшы Елемес Бекбасаров сол жерде дүниеге келгенде, есімін азан шақырып Елемес деп қоюының мәнісі сол. Ол сол төбені мекен етіп, мыңғыртып мал өсірді. Елбасы айтқандай, «әр төбенің өз тарихы бар» демекші, зерттеп, зерделесек талай әңгіменің басы қылтияды. Алайда атақты адамдарды көрінген тарихи оқиғаларға қатысты етіп жаза бергеннен түбінде тарихты бұрмалау жолына түсіп кетеріміз анық.

«Қызғалдақтың қыры»

Үшарал ауылының төңірегі тарихи оқиғаларға толы. Көне дәуірдің көзіндей болған Ақкесене және Көккесене бекіністері де ауылдың солтүстігіндегі Мойынқұмның іргесінде жатыр. Аталған бекіністерден айнала терең құмға қарай сан алуан жолдар тармақталып сізді алға жетелейді. Солардың бірі – құмның қақ ортасындағы Бекмұрат деп аталатын қыстау. Қыстаудың аты жайлы Үшарал ауылының тумасы, бүгінде жасы сексенді алқымдаған Орынбасар Айтуовтан сұрағанымда: «Көп адам Бекмұратты ана атадан, мына атадан шыққан деп қателесіп жүр. Менің білуімше, ол кісі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің бабасы», – деді. Бекмұрат мал қыстауына қарай жетелейтін қара жол бірнеше жалды асып өтеді. Әр жалдың өз атауы бар. Соның бірі – «Ақжан жалы» деп аталады. Ақжан Ошақтының бақуаттысының бірі болғанға ұқсайды. Жалдың қойнауында қыстауы мен құдығының орны әлі бар. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары шаруа баққан момын қазақтар мамыражай күн кешіп жатпай ма? Күзге қарай Қаратаудың бойынан құмның жиегіне көшкен халық Ақжан жалының маңайындағы қобылар мен алаңқайларда көкпар тартады екен. Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Ақжан байдың айдай сұлу, еркелетіп өсірген Қызғалдақ атты қызы болыпты. Сол Қызғалдақ қыз да еркекше киініп, шашын шарт түйініп, көкпарға қатысады. Жалғызы болған соң әке де, шеше де бетін қақпаса керек. Сондай көкпардың бірінде Қызғалдақ қыз көк долы айғырымен серкешті алдына өңгеріп, суырылып алға шыққанда, аты қобыға сүрініп, үстінен ұшып түсіп, жұлыны үзіліп өлген деседі. Содан көкпаршы біткен аңырапты. Әке-шешенің қайғысы бір бөлек. Қазаны естіп арысы Шудың бойынан, берісі Қаратаудың етегінен Ақжан байдың ауылына ағылып келгендер: «Апырай, жас та өледі екен-ау» деп қасіретке ортақтасыпты. Алланың ісіне не шара? Қызғалдақ қыз қайтыс болған төбеге жерленіпті. Сол жерді күні кешеге дейін Үшаралдың жұрты «Қызғалдақтың қыры» деп атап кеткен.

ТӨРТ АҚЫН БА, ТӨРТ АҚЫМ БА?

Бұл туралы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінде жарияланған «Жырға сапар» деген мақаласынан алғаш оқып, қаныққан едім. Онда ол Үшарал ауылдық округіне қарасты Қайыр елді мекені мен Тоғысқан ауылының ортасынан ирелеңдеп ағып өтетін Талас өзенінің оң жақ сағасындағы қабірстанда төрт ақын кесенесі болғандығын, оны атақты Жалаңбас батырдың (шын есімі Сәдуақас) мәзіреті-мәузелей етіп салдырып, ХІХ ғасырда өмір сүрген Байсалбай, Тоқберген, Кенбай, Момын сияқты төрт ақынның жерленгені туралы жаза келіп, олардың бірінен-бірі өткен шешен, ақын екендігіне тоқталады. Кесенедегі мәйіттердің ұзақ уақыт бұзылмай сақталғандығынан хабардар етеді. Әрі Тоқбергеннің бет қаратпас батыр екендігін айтады. Тоқберген – Жалаңбастың әкесі. Кейіннен әлгі зират жөнінде біледі-ау деген кісілерден сұрастырып жүрдім. Түбі үшаралдық, әлгі аталған кісілерге жақындығы бар Сағынтай Есқараев сағана жайлы сұрағанымда: «Әлгі күмбезге Ошақтының байлы, аталық, тасжүрегінен шыққан атақты кісілерді Жалаңбас батыр жаназасын шығартып, ақ жауып арулап, ақым (аманат) ретінде қойғызған көрінеді. Сөйтіп «пәлен уақытқа дейін қылуетке тапсырылмасын. Денесі бұзылмай сақталып жатады» деп аманаттаған көрінеді. Кеңес өкіметі орнаған соң белсенділер жан қоя ма, мәйіттерді ашып көрсе, Құдайдың құдіреті әлгілер сол күйі бұзылмай жатыр дейді. Молдалармен ақылдасып, мәйіттерді қайтадан жер қойнауына тапсырады. Осы әңгімені айтқан Сағынтай бұл күнде арамызда жоқ. Енді бұл әңгімені бір білсе Орынбасар Айтуов біледі деп жүргенмін. Сұрап білудің сәті түсті. «Мен 1958 жылы үйлендім, сол жылы әлгі сағананың маңайында бір отар мал алып бақтым. Үлкендігі сегіз қанат үйдей күмбезді ғимарат ішіне кіріп те көрдім. Әкемнен сұрастырсам: «Бұл үш ақым жатқан жер» деді. Сол күмбезді ғимараттың жанында кішілеу сағана бар еді. Оған да ошақтының белгілі бір кісісін аманаттап қойғандығын әкемнен естідім. Өкінішке қарай екі сағана да өткен ғасырдың 60-шы жылдары бұзылып кетті. Көзімнің көргені, төңірегіндегі адамдар, әйелдер әлгі жерді киелі санап, маңайына от жағып, Алладан медет сұрап, түнеп жататын. Қазақта әр рудың, тіпті әр атаның сүйегін бөлек-бөлек жер қойнына тапсыратын дәстүр бар. Ол салт әлі күнге дейін сақталған. Алайда үш рудың атақтыларын бір жерге аманаттап (ақымдап), сақтаудың мысалы, өзге өңірде жоқ қой. Тіпті Ошақтыны 40 жыл басқарған Тоқбергеннің баласы Жаңабай болыс та сол төңіректе бөлек жерленген. Демек, ел әулие тұтқан үш тұлғаның жөні бөлек-ау деймін» деді Орекең. Шын мәнінде Байсалбай шешен, би болған адам, Тоқберген Бұхара ханымен одақтасып, Қоқан хандығына қарсы шапқан батыр, Кенбай ақын, Момын да әулие адам болған дейді. Сондықтан шығар ұрпақтары қастерлеп, қатар жерлесе керек. Әрине, бұл кесененің өзге де айтылмаған сырлары болуы әбден мүмкін. Қазір ол жер үлкен қорымға айналған.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, ҚР-ның үздік өлкетанушысы.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар