Шерағаңның аманаты

Шерағаңның аманаты
ашық дереккөз
Шерағаңның аманаты

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті баспасынан Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабының толықтырылған нұсқасы (2019) шығып, қолға тиді. Бұл игілікті жұмыс болды. 2008 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан шыққан ой-толғауы кезінде оқырман қолына тез тарап кеткен. Тіпті көптің қолына тимей қалған. Кітапсүйер қауым бір-бірінен ат-түйедей қалап алып, іздеп жүріп оқыды. Сонда жазушымен кездескен жұртшылық «Бір кем дүниенің» жалғасы бола ма?» деп сұрайтын. Автор бұйырса әлі де жазатынын айтатын. Енді, міне, оның сол аманаты оқырманына толықтырылған нұсқасында жол тартып отыр. Мұндайда Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің игі ісіне қуанасың.

Жазушының «Бір кем дүниесі» оқырманына, халқына аманаттаған жан сыры десе де болады. Мұндағы шағын жазбалар – автордың өмірінің соңғы жылдарында жазылған дүниелер. Саналы адам ешуақытта ойсыз, уайымсыз болмайды. Оның үстіне халқының жақсы тұрмысы мен бақыты үшін ой кешкен, бойда қуат бар кезде, халықтың мәселесін батыл да жеткізе айтқан намысшыл Шерағаң болса. Кешегі бір кеңестік заманда өзі куәсі болған, басынан өткерген әділетсіздік жанын толғантады. Ондай заман болмаса екен деп тарихтың тереңінен, өз басынан сыр шертеді. Бүгінгі тәуелсіздік алдық деген уақытқа да сын көзімен үңіледі. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған толық тәуелсіздікке қол жеткізе алдық па? Шерағаң «шүкір» дейді, сонда да алаңдаушылығы басым. Тәуелсіздікті алумен қатар оны жетілдіре түсудің, тұғырлы етудің соншалықты қиындығын, жауапкершілігі аса зор екенін алға тартады. Есіктен төрге шыға алмай жатқан мемлекеттік тілдің жайы жанын ауыртады. Ұлттық рух пен намыс төңірегінде ой толғайды. Тағы-тағы әлемдік, ұлттық сипаттағы толғамдар. Оның қай-қайсы да оқырманын бейжай қалдырмайды. Өйткені жазушының жанын жегідей ауыртып, күйзелткен мәселелері өмірдің өзінен, ащы өзегінен алынған. Шерағаңның ой-толғамдарының бір парасы – Тараз қаласы туралы. Бір жылдары «интернаттың қара нанын» бөліп жеген туған шаһары жазушыға айрықша ыстық. Оның өткен тарихын саралап, бүгінгі сәулетіне сүйсінеді. Көне қала небір қилы кезеңді бастан өткерді. Мұнда ақжарылқап күн де туған. Мұнда небір шайқастар да өтіп, халықтың қаһармандығы танылған. Мұндағы сай-сала мен төбешік кешегі кеңестік биліктің қан-қасап саясатының куәсі болып, талай жұмбақ сырды ішіне бүгіп жатыр. Осыны шерлі Шерағаң көпшілігі біле бермейтін бейқам қала тұрғындарына айтады. Бір емес, бірнеше рет. Бүгінгі биліктің де есіне салады. Небір арыстарымыз бен бауырларымыздың сүйегі шашылып жатқан жер аяқтың астында ескерусіз қалмауы керек қой. Аруақтардың құрметтелмеуі елдікке, адамдыққа сын емес пе?! Бүгінде Тараз қаласы облыс әкімінің бастамасымен екінші тынысын ашып көркеюде. Осы ретте Шерағаңның тіршілікте жүрегін қарс айырған аманатын жұртшылық көңіліне түйе жүрсе дейміз. Облыс әкімі де қазақтың Шерағасының аманатына құлақ түрер деп ойлаймыз.

Қаралы Қарасу

Кие қонған Әулиеата (Тараз) шаһарына құбыла жақтан кіреберісте Қарасу дейтін бір бұлақ су ағып жатады. Не көрмеген Қарасу. Кімдер кешіп өтпеген дейсің. Екі мың жылдық тарихы бар Тараздың күнбатыс жағында қазір жаңа мөлтек аудандар орнап, дендропарк, аэропорт салынып, қала келбетін өзгертіп жіберген. Ал Қарасу өткеліне көпір салынып, бары-жоғы білінбей елеусіз қалып жатыр. Тымырайған тарих. Сол тылсым тарихты сәл-пәл қопарып жіберсең, ар жағынан қаңқа сүйектер азынап, жамырап қоя бермекші. Жазықсыз жазаланғандар! Жауыздарға лағнет жаудырыңдар. Жаһаннамда жатсын! Қарасу қапасында қалғандар үндемейді. Оларды ешкім ескермейді. Олар ұмыт болған. Ақылы келте адамдар күні кешегі опат дәуірді елең де қылмайды. Ал мұндай ортақ молалар бұрынғы СССР-да, оның ішінде әсіресе Қазақстанда өте көп. Қырғыздарда да бар екен. Осы 2008 жылдың маусымында, сексенге қараған жасында Германия жерінде адамзаттың Айтматовы атанған жазушы Шыңғыс дүниеден өтті. Оның денесі Бішкекке әкелініп, Қырғыз Алатауының белуарында жатқан «халық жаулары» зиратының іргесіне жерленді. Өйткені заманында Тұрар Рысқұловтың қолдауымен үлкен қызметте жүрген Төреқұл Айтматов 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып, 170 адамның бірі болып осы таудың белуарында «ортақ» зиратта қалған. Бергі бейбіт заманда Қырғыз үкіметі сол зиратты сәулеттендіріп, адамдар зиярат ететін мекенге айналдырған. Енді Шыңғыс Айтматов өз әкесінің іргесінде, басқа да «халық жауларымен» қатар жатыр. Ондай ортақ зираттар Астананың іргесінде де, басқа қалаларда да бар. Бірақ олар имантаразыланып, ретке келтірілген. Ал Тараздағы азап шеккендер зиратына әзір ондай ишара көрсетілген жоқ. Әйтпесе, дәл осы мүрделі ордада да Қадір, Қасымбек, Пірнә сияқты біздің ауылға іргелес Шанышқылы ауылының да азаматтары жатыр. Одан да бір ерекшелігі: осы Қарасу бойындағы «ортақ» орда көмілген азапкерлер арасында атақты ақын, композитор, хас батыр Иманжүсіп жатыр деген болжам бар. Ол отызыншы жылдардағы Созақ көтерілісінің басшыларының бірі болған. Көтеріліс күшпен басылғанда, Иманжүсіп НКВД қолына түсіп, атылып, Қарасу бойында қалған деген еміс-еміс дерек бар. Жаратқан Құдірет имандарын берсін. Бір кем дүние. Әділетсіздікке жаны қас Шерағаң, міне, осылайша толғанады. Халық жанының әлі кеппеген жарасын ашып көрсетеді. Тарихты, әсіресе қарапайым халықтың басына қан қасап болып төнген сонау жылдардың қатыгездігін, қаныпезерлігін ұмытпауға шақырады. Ұмытпаудың бір жолы – басына белгі қою. Келешек ұрпақ мұндай әділетсіздікті біліп жүруі керек. Шерағаңның аманатын бүгінгі басшылық ескерер деп үміттенеміз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Дулатитану» ҒЗО директоры.

Ұқсас жаңалықтар