Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) президенті қызметін атқарып келген өзбекстандық Гафур Рахимов уақытша қызметінен кетті. «Мен 25 жылдан астам уақытымды осынау ғажап спорт түріне арнадым. Осы уақыт аралығында сүйікті спортымыз бен спортшыларымызды бәрінен жоғары қойып, қолымнан келген жұмысты атқардым. Маған тағылған айыптар саяси қадам және өтіріктен құралған. Әділдік салтанат құратынына сенгім келеді. Мен өзімді бокстан жоғары қоямын деп ешқашан айтқан емеспін», – дейді ол өз ойын ортаға салып. Осылайша уақытша президенттік қызметтен бас тартқан Гафур Рахимовтың орнына Мохаммед Мустасан уақытша президенттік қызметке кірісті. Гафур біршама уақыт бұрын өткен сайлауда қазақ боксының аңызы Серік Қонақбаевтан басым түсіп, AIBA президенті атанған еді. Жалпы Гафур Рахимов AIBA президенті қызметіне келмей тұрып-ақ халықаралық олимпиада комитетінің басшылары Өзбекстан азаматының сайлауға қатысуына қарсылық білдірген болатын. Дегенмен Гафур сол қарсылыққа қарамастан сайлауда бақ сынап, жеңімпаз атанған. Рахимов президент болып таңдалғаннан кейін де халықаралық олимпиада комитеті басшылары наразылық танытып, Рахимов қызметтен кетпесе әуесқой боксты Олимпиада ойындары бағдарламасынан аластатулары мүмкін екенін жеткізген-ді. Қысқасы, Гафур Рахимов Токио Олимпиадасының алдында өкілеттігін тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Әрине, Олимпиадаға дейін әлі бір жылдан астам уақыт бар. Рахимовтың AIBA басшылығынан түбегейлі бас тартпай, уақытша ғана қызметтен кетуі нені меңзейді? Жұрт білетін Гафур Рахимов оңайлықпен орынтағын босатпайтыны белгілі. Ол Токио Олимпиадасынан кейін қызметіне қайта кірісуді көздеп отыруы да ықтимал. Қазіргі кезде мамандар пікірі екіге жарылды. Әрине, Рахимовтың бұл қадамы әуесқой бокстың ілгерілеуіне оң ықпал етсе, нұр үстіне нұр. Не де болса, уақытында көре жатармыз. Әзірге AIBA тізгіні – Мохаммед Мохтасанда.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
- 23 қараша, 2024
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді