Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасын жариялаған болатын. Онда Елбасы барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмысын жандандыруға баса мән бергені белгілі. Елбасы өз сөзінде: «Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешулері тиіс және жалған көрсеткіштерді қумаулары керек. Өйткені әр өңір стратегиялық тұрғыдан маңызды. Еліміздің өңірлік өмір сапасының жаңартылған стандарттарына негізделген Жаңа карта қалыптастыру қажет», деп қадап айтты. Осы орайда жуырда облыс әкімінің орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдері бекітілді. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өткен жылдан бері қолға алынған болатын. Аталған жаңа жүйе талданып, талқыланып, өңір басшысының ағымдағы жылдың 13 наурыздағы №70-ө өкімімен бекітілді. Ол бойынша облыс әкімінің орынбасарларынан бастап аудан, қала және ауылдық округ әкімдері де өз жұмысының нәтижелілігін көтеруі қажет. Қойылып отырған басты талап – осы. Елбасы айтқандай, барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа жақын болып, әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешу, жалған көрсеткіштен аулақ болу секілді талаптар аталған жұмыс алгоритмінде жан-жақты қамтылған. Мемлекет басшысының партиялық бағдарламасындағы міндеттердің орындалуымен үндесетін жаңа құжаттың толық мәтінін газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкімі
Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдерін бекіту туралы
Жамбыл облысының облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарының жұмыс тәртібін жүйелендіру және тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 37-бабына сәйкес: 1. Облыс әкімі бірінші орынбасарының, облыс әкімі орынбасарларының жұмыс алгоритмі осы өкімге №1 қосымшаға сәйкес бекітілсін. 2. Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің жұмыс алгоритмі осы өкімге №2 қосымшаға сәйкес бекітілсін. 3. Аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің жұмыс алгоритмі осы өкімге №3 қосымшаға сәйкес бекітілсін. 4. Ауылдық округтер, ауылдар және аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің жұмыс алгоритмі осы өкімге №4 қосымшаға сәйкес бекітілсін. 5. Облыс әкімі аппаратының басшысы: 1) облыс әкімінің бірінші орынбасарының, орынбасарларының, бас инспекторларының бекітілген кестеге сәйкес аудандарға және ауылдық елді мекендерге іссапарларына қатысты ұйымдастыру шараларын қамтамасыз етсін; 2) осы өкіммен бекітілген жұмыс алгоритмдерінің орындалуына бақылау жүргізсін. Жұмыс алгоритмдерінің орындалуы туралы айына 1 (бір) рет облыс әкіміне баяндап отырсын; 3) осы өкіммен бекітілген алгоритмдерге қажеттілікке қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізілуін қамтамасыз етсін. 6. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімінің бас инспекторлары, аудандар мен Тараз қаласы және ауылдық округ, ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдері жұмыс алгоритмдерін қатаң басшылыққа алсын. 7. Облыс әкімінің 2018 жылғы 15 маусымдағы «Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарында жұмыстың тиімділігін арттыру, орындаушылық тәртіпті нығайту жөніндегі шаралар туралы» №91-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын. 8. Осы өкімнің орындалуын бақылау облыс әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
Облыс әкімі А.Мырзахметов
Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкіміне №1 қосымшаЖамбыл облысы әкімі орынбасарларының жұмыс АЛГОРИТМІ
1. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының, орынбасарларының (әрі қарай - Орынбасар) жұмыс кестесі келесі алгоритмді қамтуы тиіс: 1) аптасына 1 (бір) рет өзі басшылық жасайтын басқармалардың (әрі қарай - Басқарма) қатысуымен аппараттық жиын өткізу; 2) айына 1 (бір) рет бекітілген кестеге сәйкес ауданға, қалаға шығып өзі жетекшілік ететін сала бойынша (әрі қарай - Сала) алгоритмде көрсетілген жұмыстарды атқару; 3) әр ай сайын, келесі айдың 10-на дейін (статистикалық мәліметтер шыққан соң) кеңейтілген аппараттық жиында көрсеткіштердің, тапсырмалардың орындалуын талқылау; 4) айына 1 (бір) Орынбасар облыстық телеарнада «Әкімдік сағаты» бағдарламасында Сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау және тұрғындардың сұрақтарына жауап беру; 5) тоқсанына 1 (бір) Орынбасар өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг беру. 2. Осы алгоритмде белгіленген шараларды атқару олардың функционалдық міндеттерінде жүктелген басқа міндеттерді орындаудан босатпайды.
1. Апта сайынғы аппараттық жиын өткізу
3. Орынбасар аптасына 1 (бір) рет аппараттық жиын өткізуі тиіс. Аппараттық жиынға облыс әкімі аппаратының тиісті салалық бөлім басшысы (әрі қарай – Салалық бөлім), Басқармалар қатысады, қажеттілігіне қарай басқа да мекеме мен ұйым басшылары (өкілдері) шақырылуы мүмкін. 4. Аппараттық жиында Орынбасар Сала бойынша күнделікті атқарылып жатқан жұмыстардың барысын, облыс әкімі тапсырмаларының орындалуын, басқа да өзекті мәселелерді талқылайды. 5. Салалық бөлім аппараттық жиында Басқармалар, аудан, қала, ауыл әкімдіктері тарапынан атқарылмаған жұмыстар, қол жеткізілмеген көрсеткіштер, орындалмаған тапсырмалар мен туындап отырған сұрақтарды, проблемаларды Орынбасардың назарына жеткізеді. Салалық бөлім аудан, қалаға қатысты қосымша мәліметтерді облыс әкімінің бас инспекторынан алып отыруы тиіс. 6. Аппараттық жиын қорытындысы бойынша Орынбасар Басқармалардың жұмысына баға беріп, нақты шешім қабылдауы қажет. Шешім міндетті түрде хаттамамен рәсімделеді. 7. Шешімді қабылдау облыс әкімінің, басқа орынбасардың немесе жоғары органдардың құзыретінде болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде облыс әкіміне нақты ұсыныс енгізе отырып, баяндалады. 8. Орынбасардың аппараттық жиында берген тапсырмалары мен қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылауды Салалық бөлім жүргізеді.
2. Ай сайын аудан, қалаға шығу
9. Орынбасардың аудан, қалаға шығу кестесі әр тоқсан бойынша облыс әкімімен бекітіледі. Кестеде бір мезетте бірнеше орынбасардың бірден шықпауы ескеріледі. 10. Аудан, қалаға шығу кестесі облыстық, аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында, облыс әкімі мен аудан, қала әкімдерінің ресми сайттарына жарияланады. Аудан, қалаға шығудың нақты мерзімі 5 (бес) күн бұрын аудан, қала басылымдарында, аудан, қала әкімінің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланады. Оның ішінде аудан, қала тұрғындарымен кездесу уақыты мен жері көрсетілуі тиіс. 11. Орынбасар аудан, қалаға шыққанда сол жердегі туындап отырған сұрақтар мен проблемаларға қатысты бірге баратын басқарма өкілін анықтайды. 12. Орынбасар міндетті түрде тұрғындармен Сала бойынша кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді. Аудан, қала, ауыл әкімі және әкімдіктің жауапты лауазымды тұлғаларының жүктелген міндеттерді орындау жөнінен тұрғындардың пікірін тыңдайды, олардың әлеуметтік, экономикалық, басқа да саладағы ұсыныстарын, арыз-шағымдарын қарайды. 13. Іссапар барысында Орынбасар Сала бойынша проблемалық немесе басқа да қажетті объектілерді аралап, Саланың өкілдерімен кездесіп, туындап отырған сұрақтар мен проблемаларды анықтайды. 14. Орынбасар міндетті түрде облыс әкімінің бас инспекторы, аудан, қала әкімі, қаралғалы отырған салаларға жауапты аудан, қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен мамандары, ауыл әкімдері (ауыл әкімдері - селекторлық режімде), аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы және «nur otan», басқа да саяси партиялар өкілдерін шақыра отырып арнайы жиын өткізеді. Қажеттілігіне қарай кейбір ауыл әкімдерінің жиынға тікелей қатысуын Орынбасар анықтайды. 15. Жиында Орынбасар аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне қатысты көрсеткіштердің, тапсырмалардың орындалуын, туындап отырған сұрақтар мен проблемалар және арыз-шағымдарды, Басқармалардың Салаға қатысты мәліметін, тұрғындар мен Сала өкілдері, Қоғамдық кеңес және саяси партиялар өкілдері көтерген мәселелерді қарайды. Облыс әкімінің бас инспекторына облыс әкімі аппараты тарапынан дайындалған талдау ақпаратын мәлімдеу үшін жиында сөз беріледі. Жиын қорытындысымен облыс әкімдігінде қаралуы қажет мәселелер бойынша белгіленген тәртіпке сәйкес олардың қаралуын қамтамасыз етеді. 16. Жиын қорытындысы бойынша Орынбасар орын алған кемшіліктерді, оның себебін және жол берген лауазымды тұлғаларды көрсетіп, көтерілген сұрақтар мен проблемалардың тиістілігіне қарай (басқарма, аудан, қала, ауыл әкімдігі) шешу жолдарын, мерзімін, жауаптыларды белгілей отырып, хаттамалық шешім қабылдайды. Аудан, қала, ауыл әкімдіктері тарапынан орын алған кемшіліктер бойынша аудан, қала әкіміне жауапты қызметкерлерді тәртіптік жазаға тарту туралы шешімін жеткізеді және ол жөнінде жиын қорытындысымен қабылданатын хаттамаға енгізіледі. Шешімді аудан, қала әкімі жеке бақылауына алып, заң талаптарына сәйкес қаралуын қамтамасыз етуге міндетті. Ол туралы аудан, қала әкімі облыс әкімдігіне тиісті жазбаша мәлімет береді. Орын алған кемшіліктер басқарма басшысына, аудан, қала, ауыл әкіміне қатысты болған жағдайда Орынбасар облыс әкіміне ұсыныс береді. Басқарманың (басшысынан бөлек) жауапты қызметкерлеріне қатысты шешімді өзі қабылдауы қажет. Хаттаманы аудан, қала әкімінің аппараты облыс әкімінің бас инспекторымен келісе отырып әзірлейді. 17. Орынбасар тұрғындар және Сала өкілдерінің тарапынан көтерілген сұрақтар мен проблемалардың, ұсыныстар мен арыз-шағымдардың, көрсеткіштер мен тапсырмалардың өз құзыретіндегілері бойынша шешімді өзі қабылдауы қажет. Қабылданған шешімдердің орындалу барысын апталық аппараттық жиында қарап отыруы тиіс. 18. Аудан, қалаға іссапар қорытындысымен Орынбасар облыс әкіміне хаттаманы тіркей отырып айына 1 (бір) рет баяндайды. 19. Орынбасар ауданға, қалаға іссапарын 1 (бір) күнге жоспарлайды. Шалғай аудандарға (Мойынқұм, Шу аудандары) шығу кезінде екі ауданды қамти отырып 2 (екі) күнге жоспарлауына болады. Кейбір аудандарға екі күндік іссапар қажеттілігі туындағанда облыс әкімімен келісіледі. Іссапар бағдарламасын жоспарлау кезінде Орынбасар жұмыс уақытын (жол уақыты ескерілмейді) ауданда, қалада толық пайдалануы тиіс.
3. Ай сайынғы кеңейтілген аппараттық жиын өткізу
20. Әрбір айдың қорытындысы туралы статистикалық мәліметтер шыққан соң Орынбасар басқарма, салалық бөлім, аудан, қала әкімдерінің тиісті орынбасарлары мен бөлім басшылары, басқа да қажетті лауазымды тұлғалардың қатысуымен кеңейтілген аппараттық жиын (селекторлық режімде) өткізеді. 21. Кеңейтілген аппараттық жиынға облыс әкімінің кеңесшілері, бас инспекторы қатысуға құқылы. 22. Кеңейтілген аппараттық жиында өткен айдың қорытындысы талқыланып, аудан, қала, ауыл, басқарма бөлінісінде орындалмаған көрсеткіштер мен тапсырмалар талданады. Сала бойынша қалыптасқан жағдайға баға беріліп, атқарылатын жұмыстар нақтыланады. 23. Салалық бөлім өткен айдың хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімет береді, жүргізілмеген (толық жүргізілмеген) жұмыстар бойынша басқармаларға, аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне шара қабылдауға қатысты ұсыныс енгізеді. 24. Жиынның қорытындысы хаттамамен рәсімделеді.
4. Ай сайын «Әкімдік сағатына» қатысу
25. Облыс әкімінің баспасөз қызметімен келісілген кестеге сәйкес, айына бір Орынбасар облыстық телеарнада тікелей эфирде «Әкімдік сағатын» өткізеді. 26. Тікелей эфир арқылы «Әкімдік сағатына» қатысатын Орынбасардың аты-жөні, оның саласы, өтетін уақыты және сұрақ беретін байланыс телефоны (әлеуметтік желі деректері) алдын ала (кемінде үш күн) облыста таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады (жүгіртпе жол, хабарлама, т.с.с). 27. Орынбасар тікелей эфир барысында жауап берілмеген сұрақтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 10 (он) жұмыс күні ішінде жауаптың берілуін қамтамасыз етеді. 28. Көтерілген сұрақтар мен проблемалардың жүйелілері іріктеліп, оны шешу үшін Орынбасар нақты тапсырмалар береді немесе облыс әкімдігінде қаралуын ұйымдастырады.
5. Тоқсанына 1 рет брифинг беру
29. Орынбасар тоқсанына 1 (бір) рет өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг береді. 30. Брифингте Орынбасар сала бойынша атқарылған жұмыстар мен қабылданған шешімдер туралы баяндайды, журналистер мен азаматтардың сұрақтарына жауап береді. 31. Брифинг өткізу алдында (кемінде үш күн бұрын) облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама беріледі, брифинг қорытындысы басылымдарда, интернетте, әлеуметтік желілерде жарияланады.
Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкіміне №2 қосымшаОблыс әкімі аппараты Өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің жұмыс АЛГОРИТМІ
1. Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторлары (әрі қарай – Бас инспектор) айына 2 (екі) рет бекітілген кестеге сәйкес аудан, қала, ауылдық елді мекендерге шығып, зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Кесте есепті жыл ішінде облыстың барлық елді мекендерін, Тараз қаласының шағын аудандарын (саяжай массивтерін т.б.) қамтуы тиіс. Кесте әр тоқсанға облыс әкімі аппараты басшысымен бекітіледі. Бас инспектор іссапарын аудан, қала әкімдері әр айдың қорытындысымен өткізетін кеңейтілген аппараттық жиынға қатысу мүмкіндігін ескере отырып жоспарлайды. 2. Бас инспектордың аудан, қалаға, ауылдық елді мекендерге шығу кестесі жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдарда, облыс, аудан, қала әкімдерінің ресми сайттарына жарияланады. Бұдан бөлек, әр іс-сапардың шығу мерзімі 5 (бес) күн бұрын аудан, қала басылымдарында жарияланады және баратын ауылдық елді мекеннің тұрғындарына ауылдық әкімдік арқылы хабарланады. 3. Бас инспектордың әрбір аудан, қалаға іссапары ауылдық елді мекен тұрғындарымен кездесуді және азаматтарды қабылдауды қамтуы тиіс. Кездесу, қабылдау барысында Бас инспектор, бірінші кезекте, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты әлеуметтік бағдарламалардағы көрсеткіштердің, тапсырмалардың орындалуын анықтайды. Сол сияқты, өндіріске (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік) әлеуметтік (білім, денсаулық, мәдениет, спорт) және басқа да салалар бойынша туындап отырған сұрақтар мен проблемаларды айқындайды. 4. Елді мекендердегі жағдайды зерделеу барысында Бас инспектор келесі мәселелерді қамтуы тиіс: 1) аудан, қала, ауыл әкімдерінің және әкімдіктерінің (әрі қарай – Әкім) көрсеткіштерді, тапсырмаларды орындау деңгейін талдау; 2) Әкімнің ауыл тұрғындарымен, өндірістік сала (ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік т.б.) өкілдерімен қарым-қатынасы деңгейіне бағалау; 3) Әкімге тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды, олардың қаралу (мәселенің шешілу) сапасын зерделеу; 4) Әкімнің, мектеп директорының, учаскелік полиция инспекторының, ауылдағы басқа да мемлекеттік ұйым басшыларының, өкілдерінің үстінен түскен арыз-шағымдардың шынайы қаралуын (мәнді/мәнсіз жауап) және елді мекен тұрғындары тарапынан сол тұлғалардың жұмысына қанағаттану деңгейін анықтау, осы қызметкерлердің сол елді мекенде тұрақты тұру/тұрмауын бақылау; 5) Елді мекендегі сыбайлас жемқорлық көріністері (туыстықпен, таныстықпен жұмысқа қабылдау, субсидия бөлу, жер бөлу, анықтамалар беру, басқа да қызмет көрсету кезіндегі бұрмалаушылықтар), мемлекеттік қызметшілер этикасын сақтамау фактілері туралы сауал (азаматтарды жеке қабылдау, кездесу барысында) жүргізу; 6) Елді мекен көшелерінің тазалығына, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыс жинау мәселесіне көңіл бөлу; 7) Төртінші деңгейді бюджет кірістері мен шығыстары бойынша Әкімнің жұмысын бағалау; 8) Елді мекенге қатысты басқа да сұрақтар мен проблемаларды анықтау. 5. Аудан, қала, ауылдағы шынайы ахуалды білу үшін Бас инспектор зерделеу жұмыстарын Әкімге ескертпей жүргізуге құқылы. 6. Бас инспектор Әкім, басқармалар ұсынған мәліметтерді нысандарға шыға отырып анықтауға, салыстыруға құқылы. 7. Бас инспектор зерделеуге қажетті ақпараттар мен мәліметтерді жинақтау, тиісті кездесулер өткізу, керек объектілерді аралау қорытындысымен 5 (бес) жұмыс күні ішінде «Зерделеу нәтижелері туралы анықтама» (әрі қарай - анықтама) әзірлейді. 8. Анықтамада зерделенген әрбір сала бойынша нақты статистикалық мәліметтер, көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалу барысы, олардың орындалмау себептері, Әкімнің орындаушылық тәртібі, тұрғындармен кездесу нәтижелері мен оларды алаңдататын мәселелер, орын алып отырған сұрақтар мен проблемалар, қажетті басқа да мәліметтер көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, әрбір мәселе бойынша жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар беріледі. 9. Анықтама 3 (үш) данада жасалып, Бас инспектор қол қояды және тиісті Әкімдерге қол қою арқылы таныстырады. Анықтаманың бір-бір данасы тиісті Әкімдерге қалдырылады. 10. Бас инспектор анықтаманы 7 (жеті) жұмыс күні ішінде облыс әкіміне ұсынады. Анықтамада қажеттілікке қарай Әкімге және/немесе басқа жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолдану туралы ұсыныс көрсетіледі. Анықтаманың көшірмелері облыс әкімінің тиісті орынбасарларына жұмысты атқару үшін ұсынылады. 11. Бас инспектор анықтаманы облыс әкімінің қарауынан кейін оның орындалуын бақылауда ұстайды. Анықтамада көрсетілген кемшіліктер белгіленген мерзімде немесе қайталанып орындалмаған жағдайда облыс әкіміне жауаптыларға қатаң шара көру бойынша ұсыныс енгізеді. 12. Бас инспектор алгоритмде көрсетілмеген басқа да маңызды мәселелер бойынша заң талаптарына сәйкес мемлекеттік мекемелерден мәліметтер сұрауға, ақпарат жинауға құқылы. 13. Бас инспектор облыс әкімі орынбасарларының, Әкімнің кез келген жиындарына, кездесулеріне қатысуға, сұрақтар мен проблемаларды айтып, ұсыныс беруге құқылы. 14. Барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қызметкерлері Бас инспектордың жұмысына кедергі келтірмеуі, сұратылған мәліметтерді дер кезінде және сапалы ұсынуы тиіс. Бас инспектордың жұмысына кедергі келтірген жағдайда жауаптыларға тиісті шаралар көрілетін болады. 15. Бас инспектор тоқсанның, жартыжылдықтың, жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімі өткізетін жиындарға тиісті мәліметтерді, ұсыныстарды дайындайды. Бас инспектордың іссапары қорытындысымен дайындалған анықтама бойынша шаралардың қабылдануы Өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысымен жүйелендіріледі және облыс әкімінің аппаратының басшысы тарапынан бақылау ұйымдастырылады.
Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкіміне №3 қосымша Аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің жұмыс АЛГОРИТМІ1. Аудан, қала әкімдерінің (әрі қарай - Әкім) жұмыс кестесі келесі алгоритмді қамтуы тиіс: 1) аптасына 1 (бір) рет орынбасарларымен, аудан, қала әкімдігі бөлім басшыларымен аппараттық жиын өткізу. Қажеттілігіне қарай ауылдық округ, ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдері (әрі қарай – Ауылдық деңгей әкімі) селекторлық режімде қатысады; 2) әр ай сайын, келесі айдың 10-на дейін (статистикалық мәліметтер шыққан соң) кеңейтілген аппараттық жиында айдың қорытынды көрсеткіштерін, тапсырмалардың орындалуын талқылау (Ауылдық деңгей әкімдері селекторлық режімде); 3) айына кемінде 2 (екі) ауылдық округтің барлық елді мекендерін түгел қамти отырып, аралау (Тараз қаласы әкімі – қаланың шағын аудандары, саяжай массивтері, басқа да бөліктері); 4) айына 2 (екі) рет: біреуі – аудан, қаладағы ауыл шаруашылығы және/немесе өнеркәсіп, кәсіпкерлік өкілдерімен; екіншісі – әлеуметтік бір саланың өкілдерімен (білім немесе денсаулық немесе басқа да салалар) кездесу өткізу; 5) облыс әкімі баспасөз қызметімен келісілген кестеге сәйкес облыстық телеарнада «Әкімдік сағаты» бағдарламасында аудан, қаладағы жағдайды баяндау және тұрғындардың сұрақтарына жауап беру. 2.Осы алгоритмде белгіленген шараларды атқару олардың функционалдық міндеттерінде жүктелген басқа міндеттерді орындаудан босатпайды.
1. Аптасына 1 (бір) рет аппараттық жиын өткізу
3. Әкім аптасына 1 (бір) рет өткізетін аппараттық жиынға қажеттілігіне қарай басқа да мекеме, ұйым басшылары шақырылуы және ауылдық деңгей әкімдері селекторлық режімде қатысуы мүмкін. 4. Аппараттық жиында күнделікті атқарылып жатқан жұмыстардың деңгейі, көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалу барысы, басқа да өзекті мәселелер талқыланады. Соның ішінде облыс әкімінің, оның орынбасарларының тапсырмалары, бас инспекторларының ұсыныстары қаралуы тиіс. 5. Әкімнің орынбасарлары аппараттық жиында өз салалары бойынша бөлімдер мен ауылдық деңгей әкімдері тарапынан атқарылмаған жұмыстар, қол жеткізбеген көрсеткіштер, орындалмаған тапсырмалар туралы баяндайды. 6. Әкім жиын қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді, оның себебін және жол берген лауазымды тұлғаларды көрсетіп, көтерілген сұрақтар мен проблемалардың тиістілігіне қарай (бөлім, ауыл әкімдігі) шешу жолдарын, мерзімін, жауаптыларды белгілей отырып, хаттамалық шешім қабылдайды. Хаттаманың орындалуын бақылауды Әкімнің аппараты жүргізеді.
2. Ай сайынғы кеңейтілген аппараттық жиын
7. Әкім әрбір айдың көрсеткіштері туралы статистикалық мәліметтер шыққан соң орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық деңгей әкімдері, басқа да қажетті лауазымды тұлғалардың қатысуымен кеңейтілген аппараттық жиын өткізеді. Облыс әкімінің бас инспекторы кеңейтілген аппараттық жиынға қатысуы үшін, оның өткізілу уақыты, күн тәртібі туралы Әкім кемінде 3 (үш) күн бұрын облыс әкімі аппаратына хабарлайды. 8. Кеңейтілген аппараттық жиында өткен айдың қорытындысы талқыланып, аудан, қала, әкімдіктің бөлімдері мен ауылдық деңгей әкімдері бөлінісінде орындалмаған көрсеткіштер мен тапсырмалар талданады. Әр сала бойынша қалыптасқан жағдайға талдау жасалып, баға шығарылады, атқарылатын жұмыстар нақтыланып, тапсырмалар беріледі. 9. Әкімнің орынбасарлары өткен айда орындалуы тиіс хаттамалық тапсырмалардың атқарылуы туралы баяндайды, орындалмаған жұмыстар үшін бөлімдер мен ауылдық деңгей әкімдеріне шара көру туралы ұсыныс береді. Егер орындалмаған жұмыстар басқармаларға қатысты болған жағдайда Әкім облыс әкіміне ұсыныс енгізеді.
3. Айына кемінде 2 (екі) ауылдық округтің елді мекендерін немесе қала бөліктерін аралау
10. Әкім өзі бекіткен кестеге сәйкес айына кемінде аудандағы 2 (екі) ауылдық округті, олардың барлық елді мекендеріне, қаладағы шағын аудандар мен басқа да бөліктеріне шыға отырып, жағдаймен танысуы тиіс. Бірге шығатын орынбасарын, бөлім басшысын Әкім анықтайды. 11. Елді мекендерге шығу кестесі аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында, аудан, қала әкімдерінің ресми сайттарына жарияланады, облыс әкімінің бас инспекторына ресми жолданады. 12. Ауылдық деңгей әкімі, қала әкімдігінің тиісті мамандары Әкімнің елді мекендерге, қаланың бөліктеріне шығу күні, уақыты туралы кемінде 3 (үш) күн бұрын ауыл, қала тұрғындарын, шаруа қожалықтарын, кәсіпкерлерін, басқа да тиісті тұлғаларын хабарландырады. 13. Елді мекенге шықанда Әкім келесі мәселелерді қамтиды: 1) Ауылдық деңгей әкімінің көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуы туралы есебін тыңдайды, оның жұмысына баға береді; 2) елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың сұрақтары мен проблемаларын тыңдайды, әлеуметтік осал топтардың жағдайымен танысуға ерекше көңіл бөледі; 3) Ауылдық деңгей әкімінің, учаскелік полиция инспекторының, мектеп, балабақша, басқа да мемлекеттік ұйым басшылығының жұмысы туралы елді мекен тұрғындарының пікірін тыңдайды, олардың жұмысына баға береді; 4) елді мекендегі кәсіпкерлермен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізеді, олардың сұрақтары мен проблемаларын тыңдап, құзыретіне сәйкес шешім қабылдайды. Осы кездесуде елді мекендегі тұрғындардың жұмыспен қамтылу жағдайы, өндіріс көздерінің (ауыл шаруашылығы кооперативтері, шаруа қожалықтары, қайта өңдеу кәсіпорындары, цехтары, қызмет көрсету саласындағы құрылымдар, т. с.с), жұмыс әлеуетінің, еңбек өнімділігінің, шикізат көздерінің және жер ресурстарының, соның ішінде суармалы жерлердің тиімділігі қаралады; 5) төртінші деңгейдегі бюджетке салықтық түсімдердің жиналуын, оның әлеуетін талдап, орындалуы бойынша баға береді. Түсетін салықтың және салықтық емес төлемдердің көлемін ұлғайту бойынша нақты меже белгілейді; 6) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді (басқа да өндіріс көздерін) тиімді пайдалану бойынша ауылдық деңгей әкімінің есебін алады (ауылдық округке қатысты жердің көлемі, сапасы, оның бүгінгі күнге пайдалану деңгейі, жер пайдаланушылардың саны, олардың мүмкіншіліктері, соның ішінде заң бұзушылықпен басқа тұлғаларға екінші рет жалға берілуі, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту туралы, ауыл шаруашылығы, коммерциялық, өндірістік мақсаттағы жерлерге сұраныстың қамтамасыз етілуі бойынша, мал шаруашылығының жайылыммен қамтамасыз етілгендігі, т.б.); Ауылдық деңгей әкімінің, есебі алынғанда міндетті түрде елді мекен тұрғындарының шағын несие алуға, кәсіпкерлікпен айналысуға сұранысын, оны қамтамасыз етуге бағытталған Әкімнің салалық орынбасары мен әкімдіктің тиісті бөлімінің, ауылдық округ, ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімінің жұмыстарын бағалайды. 7) елді мекенге қатысты басқа да сұрақтар мен проблемаларды (коммуналдық сала, жол, байланыс т.б.) зерделейді, бюджет мүмкіншілігі мен олардың өзектілігіне сәйкес қаржы бөлу кезектілігін анықтайды. 14. Әкім көтеріліп отырған сұрақтар мен проблемаларды тиімді шешу мақсатында аудан, қаладағы шағын және орта бизнестің, тауар өндірушілердің, кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының дерекқорын қалыптастырып, тиісті басқармалармен үйлестіреді. 15. Елді мекендерге іссапар барысында қаралған әрбір мәселе бойынша баға беріліп, нақты шешім қабылдануы тиіс. Берілген баға мен қабылданған шешім орындалу мерзімін, орындаушыны белгілей отырып хаттамаланады. 16. Елді мекендерге іссапардың қорытындысы бойынша толық ақпаратты және хаттаманы Әкімнің аппараты облыс әкімінің бас инспекторына жолдайды. Көрсетілген мәселелерді шешу Әкімінің құзыретіне кірмесе облыс әкімдігіне нақты ұсыныс (шешу жолын көрсете отырып) береді.
4. Айына 2 (екі) рет аудан, қаладағы әр сала өкілдерімен кездесу
17. Әкім айына 2 (екі) рет аудан, қаладағы әрбір сала өкілдерімен (шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы институттары, әлеуметтік салалар) әр сала бойынша бөлек кездесу өткізуі тиіс. 18. Кездесу өткізу орны мен күні, уақыты, қаралатын мәселелер алдын ала баспасөзде, ресми сайтта жарияланады. Кездесуге Қоғамдық кеңес, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылады. 19. Кездесуге Әкімнің тиісті сала орынбасары, әкімдіктің қажетті бөлім басшылары, ауылдық деңгей әкімдері, қаралғалы отырған саланың қоғамдық ұйымдары («Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, т.с.с) шақырылады. Қажеттілікке қарай тиісті басқарманың өкілін шақыруға немесе селекторлық режімде қосуға болады. Облыс әкімінің бас инспекторы қатысуға құқылы. 20. Кездесуде Әкім сала өкілдерінің ұсыныстарын, пікірлерін, арыз-шағымдарын тыңдайды, саладағы туындаған сұрақтар мен проблемаларды, олардың шешу жолдарын анықтайды. Нақты шешім қабылдап, орындалу мерзімін, әкімдіктің жауапты қызметкерлерін бекітеді. Мәселені шешу Әкімнің құзыретінен тыс болса, 3 (үш) күн ішінде тиісті органға немесе лауазымды тұлғаға ұсыныс жолдайды, мәселенің қаралуын шешілгенге дейін бақылайды. 21. Әкім аудандағы, қаладағы әлеуметтік осал топтар өкілдерімен тұрақты түрде (кемінде айына 1 рет) кездесу ұйымдастырып отыруы тиіс. Кездесуде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын тыңдап, тиісті түсініктеме береді, заң шеңберінде көмектердің көрсетілуін ұйымдастырады. Кездесу қорытындысы міндетті түрде хаттамамен рәсімделеді, қажеттілікке қарай баспасөз, әлеуметтік желілерге жарияланады.
5. «Әкімдік сағатына» қатысу
22. Облыс әкімінің баспасөз қызметімен келісілген кестеге сәйкес Әкім облыстық телеарнада шығатын «әкімдік сағаты» бағдарламасына қатысып, аудандағы, қаладағы жағдайды баяндауы және тұрғындардың сұрақтарына жауап беруі тиіс. Оны облыс әкімінің баспасөз қызметі мен бас инспекторы бақылап, қамтамасыз етеді. 23. Тікелей эфир арқылы «Әкімдік сағатына» қатысатын Әкімнің аты-жөні, өтетін уақыты және сұрақ беретін байланыс желісі (әлеуметтік желі деректері) алдын ала (кемінде екі күн) облыста және тиісті аудан, қалада таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады (жүгіртпе жол, хабарлама). 24. Әкім тікелей эфир барысында жауап берілмеген сұрақтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 10 (он) жұмыс күні ішінде жауаптың берілуін қамтамасыз етеді. Орындалуы облыс әкімінің бас инспекторымен бақыланады. 25. Әкім қойылған сұрақтар ішінен ауданға, қалаға қатысты жүйелі проблемаларды іріктеп, оны шешу үшін нақты тапсырмалар береді немесе аудан, қала әкімдігінде (құзыретіне қарай облыс әкімдігінде) қаралуын ұйымдастырады.
Облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкіміне №4 қосымша
Ауылдық округтер, ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің жұмыс АЛГОРИТМІ
1. Ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің (әрі қарай - Әкім) жұмыс кестесі келесі алгоритмді қамтуы тиіс: 1) аптасына 1 (бір) рет ауылдық округтегі, ауылдағы, аудандық маңызы бар қаладағы елді мекендерді (әрі қарай – елді мекен) аралау, тұрғындармен кездесу, арыз-шағымдарын тыңдау және құзіретіне сәйкес шешу және/немесе шешуге ықпал ету. Соның ішінде, әлеуметтік осал топтар тарапынан туындап отырған сұрақтар мен проблемаларға ерекше көңіл аударып, оларды қолданыстағы бағадарламалар мен заңнамалар аясында, сонымен бірге демеушілер мүмкіндігін пайдалана отырып шешу және шешуге ықпал ету; 2) төртінші деңгейдегі бюджеттің (әрі қарай - бюджет) кірісін көтеруге, оны тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыру; 3) Елді мекеннің әлеуметтік төлқұжатын (Төлқұжат) әзірлеу; 4) Елді мекеннің экономикалық дерекқорын (әрі қарай - Дерекқор) жасау; 5) Елді мекендегі мемлекеттік мекемелердің жұмыстарын үйлестіру. 2. Осы алгоритмде белгіленген шараларды атқару олардың функционалдық міндеттерінде жүктелген басқа міндеттерді орындаудан босатпайды.
1. Аптасына 1 (бір) рет Елді мекенді аралау3. Әкім аптасына 1 (бір) рет елді мекенді аралайды. Аралау кезінде тұрғындармен кездеседі, азаматтарды қабылдайды, оның нәтижесі бойынша сұрақтар мен проблемаларды жинақтайды. 4. Әкім және оның аппараты елді мекендегі әр үйді аралау арқылы «Тұрғындардың әлеуметтік картасын» әзірлейді. Картаға әрбір тұрғынның отбасы саны, табыс көзі, тұрмыс жағдайы, жұмысқа жарамды отбасы мүшелері, үй іргесіндегі жердің пайдалануы, қосалқы шаруашылығы, кәсіпкерлікпен айналасу мүмкіншілігі мен ынтасы, т.б. маңызды мәліметтер енгізіледі. Мәліметтер облыс әкімдігі бекіткен үлгіге сәйкес жинақталады. 5. Әкім елді мекендегі жеке тұрғын үй құрылысына немесе коммерциялық мақсатта берілген жер учаскелерінің игерілуін (тұрғын үй немесе нысан соғылуы) қарайды. Келісімшартта белгіленген мерзімде игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы құжаттарды әзірлейді. Елді мекен шегіндегі коммерциялық мақсатқа беруге болатын бос жерлерді анықтайды, оны заң талаптарына сәйкес кәсіпкерлерге беруді қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды Дерекқорға енгізеді. 6. Әкім елді мекенде шағын цехтар (тігін шеберханасы, наубайхана, шағын қайта өңдейтін кәсіпорындар, т.б.), қызмет көрсету орындарын ашуға (шаштараз, монша, басқа да тұрмыстық қызмет түрлері, т.б.) сұраныс білдірген тұрғындардың тізімін, олардың мүмкіншілігін анықтайды. Кәсіпкерлікті бастауға немесе оны дамытуға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары (оқу, шағын несие алу, басқа да жолдары) туралы түсіндіреді. Мәліметтер Дерекқорға енгізіледі. 7. Әкім елді мекенде тұрғындар тұтынатын тауарларға (азық-түлік, киім-кешек, басқа да бұйымдар) талдау жүргізіп, оларды елді мекенде шығару (өндіру) мәселесін қарастыру үшін мәліметтерді, атқарылатын жұмыстарды Дерекқорға енгізеді. 8. Елді мекендегі тұрғындардың қосалқы шаруашылығының (үй іргесіндегі жердің пайдалану деңгейі, оның сумен қамтылғандығы, малдың, құстың басы, түрі, өндірілген өнімдерді тұтыну, сату, өңдеу, т.с.с) жағдайын қарайды және оны жұмыс көзіне айналдырып, тиімділігін арттыруға қатысты нақты іс-шараларды
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді