«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Данияр жекпе-жекке дайын

Данияр жекпе-жекке дайын
ашық дереккөз
Данияр жекпе-жекке дайын

Әуесқой бокстан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, ұлт мақтанышы Данияр Елеусінов кәсіпқой рингтегі алтыншы шайқасын өткізуге тастүйін дайын. Біршама уақыт бұрын отандасымыздың қарсыласы ауысқан болатын. Оны көзі қарақты бокс жанкүйерлері жақсы біледі. Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген қазақстандық былғары қолғап шебері мексикалық Сильверио Ортиске қарсы шаршы алаңға шығады. Мексикалық боксшы кәсіби мансабында алпыс мәрте шаршы алаңда бақ сынаған екен. Әлбетте, ол барлық шайқасында жеңіс тойын тойламаған. Жиырма үш рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Сондықтан да Сильверио Ортисті аса мықты қарсылас деп айта алмайтынымыз ақиқат. Дегенмен Данияр кәсіби мансабында бес қана кездесу өткізгенін қаперге алсақ, Сильверионың тәжірибесі мол екенін түсінеміз. АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін шайқаста жерлесіміз қалайда жеңіске жетуді көздейтіні жасырын емес. Қос боксшы салмақ өлшеу рәсімінен де өтіп үлгерді. Чемпиондық белбеу сарапқа салынбайтын кездесуде боксшыларға негізгі лимиттен аздап артық салмақ көрсетуге рұқсат етілгені аян. Екі боксшы да жартылай орта салмақтан сәл көбірек салмақ көрсеткені де сондықтан болса керек. Десе де Данияр Елеусіновтің салмағы Ортистен шамалы жеңіл болып шықты. Жартылай жеңіл салмақтағы әлем чемпионы, америкалық Тевин Фармер мен ирландиялық Джоно Кэррол арасында өтетін бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға көтерілетін Данияр сегіз раундтық форматта қолғап түйістіреді. Осынау бокс кешін DAZN стримингілік сервисі тікелей эфирде таратады. Боксшылар бүгін таңертең шаршы алаңға көтерілді. Даниярдың шайқасын елімізде «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Отандасымыздың кезекті рейтингілік жекпе-жегі туралы газетіміздің келесі санында жазатын боламыз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар