Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Кеңейтілген отырыстың себебі не?
«Премьер-Министр менің тапсырмаммен барлық облысты аралап шықты, сіздерді тыңдады, жергілікті мәселелерді бақылады. Бәрін бірден шешіп тастау мүмкін емес, бірақ көп мәселе бойынша шешім қабылданды, әрбір мәселе бойынша арнайы бағдарламалар бар. Енді соларды бақылауға алу қажет. Тұтастай алғанда, мен Үкіметтің шешім қабылдап жатқанын және аталған стратегиялық құжаттар бойынша менің тапсырмаларымды іске асыру жөнінде көп жұмыс атқарылғанын атап өткім келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев отырыс барысында. Ол Үкімет мүшелерін осы жылғы жұмыстарды қорытындылау үшін және экономиканың жоғары деңгейін ұстап тұрып, көрсеткіштерді төмендетіп алмау мақсатында жоспарларды белгілеу үшін жинағанын айтты. Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы қазіргі ахуалдың елдегі әрбір жетекшінің жіті назарын талап ететінін атап өтті. «Қойылған міндеттер, қаржыландыру бар. Үкіметтің бұдан арғы экономикалық саясаты болуы мүмкін қауіптерге байланысты мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Сондықтан біз бүгінде ең алдымен ағымдағы экономикалық саясатты талдауымыз қажет, өзгеріп жатқан жағдайларды ескере отырып, жаңа әрекет ету шараларын жасауымыз керек», – деді Елбасы министрлер мен облыс әкімдеріне.
Жемқорлықтың бәрі - мемлекеттік сатып алуларда
Басқосу кезінде Елбасы мемлекеттік сатып алулармен жұмыс істеуді тәртіпке келтіру керектігін де айтты. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша бизнеске мемлекеттік сатып алуларды қолжетімді ету жөнінде заңнамалық шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде электронды мемлекеттік сатып алуларға қатысушылардың қатары 30 мыңға көбейді. Өткізілген конкурстардың саны алғашқы қадамнан-ақ екі есе өсті, рәсімдерді бұзу деректері үш мыңға кеміді», – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. «Мемлекеттік сатып алулар электронды конкурстан басқа да жолдармен өткізіле ме?», – деп сұрады Мемлекет басшысы. «Бізде электронды және тендер түріндегі конкурстар бар, бірақ қазір сатып алулардың бәрі электронды форматта жүргізіледі», – деп жауап берді Қаржы министрі.
Жекешелендіруде ағайыншылдық болмауы тиіс
Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіруді өткізудің бірінші толқынын сынға алды. Енді жекешелендірудің екінші толқыны кезінде мұндай қателіктерді жібермеу керектігін, «ағайын-туыстық пен жекжаттықтан» аулақ болу қажеттігін айтты. «Бірінші жекешелендірудің қалай өткенін білеміз. Қазір берілген мүлікті де, жерді де қайта тартып алуға мәжбүрміз. Өйткені, заңсыз бөлінді. Билік кімнің қолында болды, сол алды немесе өзінің адамдарына берді. Енді мұндай болмауы керек. Біріншіден, бұл мемлекет қолға алып отырған үлкен шара. Екіншіден, барлық бұл нысандар бәсекелес ортаға өтіп, іскер адамдардың саны өседі. Экономика жеңілдеп, бюджетке қаражат түседі», – деді Н.Назарбаев. «Жекешелендірудің екінші толқынындағы әрбір нысанның сатылуы ашық, транспарентті түрде жүзеге асуы керек. Халық білуге тиіс: конкурстың қалай өткенін, кімнің нені иеленгенін, кім не жасаймын деп уәде еткенін. Мұның бәріне халық хабардар болуы керек. Бұл үшін не істеліп жатыр?» – деп сұрады Елбасы жиын барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа қарата айтқан сөзінде. Өз кезегінде министр жекешелендіру үдерісінің жариялылығы үшін арнайы вебпортал құрылғанын, сол арқылы ашықтық толығымен қамтамасыз етілетінін атап өтті. «Қателіктерге бой алдырмаңдар. Жекешелендіру тиімді жүргізіліп, нысандар жақсы қолға өтсе, экономика да жеңілдеп, бюджетке де қаражат құйылады. Бұл – аса маңызды шара», – деді Елбасы. Айта кеткен жөн, жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асырудың кешенді жоспарына сәйкес, 853 нысан жеке секторға өтеді. «Олардың ішінде биыл 295-і сатылады. Қазірдің өзінде 14 нысан 437 миллион теңгеге сатылды», – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Бей-берекет базарларды жабуды тапсырды
Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұйымдастырылмаған базарлардың бәрін жабуды тапсырды. «Көлеңкедегі экономика – бюджетке қаражат түсірудің үлкен қоры. Қазақстанда жүздеген мың базардың бақыланбайтынын айта аламын. Санитарлық талаптарға сай емес. Ол жерлерде неше түрлі берекетсіздік болып жатады. Біздің бизнесмендер пайдалы істі өз қолдарына ала алмай ма? Жабық, ұйымдасқан сауда орталықтарын тұрғызу керек. Әкімдер бұл үшін жерді жылдам беруі тиіс. Оларды еркін экономикалық аймаққа қосып, салықтан босату қажет, ұйымдастырылмаған базарлардың бәрін жабу керек», – деді Мемлекет басшысы Қаржы министріне қарап. Президент мұндай жағдайда базар саудагерлерінің жапа шекпеуі керектігін атап өтті. «Олар жаңа орталықтарға көшуі тиіс. Оның қалай жасалып жатқанын көріп отырмыз. Алматы, Шымкент, Астана қалаларында, басқа облыстарда белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бей-берекет базарлар әлі де көп. Қаржы қазынадан тыс кетіп жатыр, ол жерлерде қылмыс та, басқасы да бар. Қазір не істеліп жатыр?» – деп сұрады Н. Назарбаев Бақыт Сұлтановтан. «Көлеңкедегі экономиканы азайту жоспары шеңберінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сіздің тапсырмаңызбен тиісті заң жобасы жасалды», – деді Қаржы министрі. Мемлекет басшысы сарапшылардың Қазақстанда қаржының 20-дан 30 пайызға дейін көлеңкеде қалатыны туралы мәліметін келтірді. «Бұл – үлкен резерв», – деді Елбасы.
Кәсіпкерлерге салықтық рақымшылық жарияланады
Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге салықтық рақымшылық жасалатынын жария етті. «Үкімет осы жылдың бірінші желтоқсанына дейін бизнесті қолдауды дамытудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауы қажет. Үкіметке шағын және орта бизнес субъектілеріне 2014 жылдың 1 қазанына дейін жиналған айыппұлдар мен өсімдер бойынша салықтық рақымшылықты іске асыруды тапсырамын», – деді Н.Назарбаев. Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлерге 2013 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың қаңтарына дейін салық органдарында есепте тұрған айыппұлдар бойынша кешірім жасалатыны хабарланған болатын. Бұл туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кәсіпкерлердің бірінші съезінде айтты. «Үкімет салық амнистиясын жүргізу жөнінде бастама көтерді. Бизнесті 2013 жылдың 1 қаңтарынан 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін салық органдарының есебіне алынған айыппұл өсімдерінен босатуды жоспарлап отырмыз. Амнистия жүргізу кәсіпкерлердің бұл қаражатты бизнесті дамыту мен кеңейтуге жұмсауына мүмкіндік береді. Мен Бақыт Сұлтановқа осыған байланысты Салық кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтыруларды қарау мен қабылдауды тапсырамын», – деген еді К. Мәсімов.
Үкіметті қайтадан құрды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев Үкімет құрылымын қайта жасақтады. «Үкіметтің 12 министрліктен, 30 комитеттен тұратын жаңа құрылымы жөнінде шешім қабылдадым. 17 министрлік, тоғыз агенттік, 54 комитет пен 272 департаменттің орнына. Айырмасын түсініп отырсыздар ма? Тоғыз агенттіктің бәрі комитеттер түрінде министрліктердің құрамына енеді», – деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, 5 жаңа министрлік құрылады. «Ұлттық экономика министрлігі, оған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Өңірлік даму министрлігі, Статистика агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі енеді. Премьер-Министрдің ұсынымы бойынша бұл ведомствоның министрі болып Ерболат Досаев тағайындалды», – деді Н. Назарбаев. «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрліктері бірікті. Ол Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму деп аталады. Бұл министрлікке басшы болып Тамара Дүйсенова тағайындалады. Қысқарған министрлердің еш айыбы жоқ. Үкімет оларды жұмысқа орналастыру жөнінде шешім қабылдайды. Олар жұмыстың сол тұстарын басқарушы орынбасарлар болып қызмет атқарады», – деді Мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі құрылып, оған Мәдениет министрлігінің, Дін істері, Спорт және дене шынықтыру істері агенттіктерінің құзыреті қарайтын болады. «А. Мұхамедиұлы қайта құрылған министрліктің министрі болады», – деді Президент. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктері, Байланыс және ақпарат агенттігінің, Ұлттық ғарыш агенттігінің өкілеттіктері мен энерготиімділік, геология мәселелері жаңа ведомство – Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне берілетіні айтылды. Бұл ведомствоны Әсет Исекешев басқаратын болады, Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек оның бірінші орынбасары, ал Асқар Жұмағалиев орынбасары болып тағайындалады. «Энергетика министрлігі құрылады. Бұл министрлікке Мұнай және газ, Индустрия және жаңа технологиялар, Қоршаған орта және су ресурстары министрліктерінің функциялары мен өкілеттіктері беріледі. Ойланып, талқылап, бұл министрліктің басшылығына осы саланы жақсы түсінетін Владимир Школьникті лайық адам деп шештік», – деді Н.Назарбаев. Ұзақбай Қарабалин Школьниктің бірінші орынбасары болады. «Нұрлан Қаппаров, өзінің ниеті болса, оның орынбасары бола алады. Мен саған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті болуды ұсынамын», – деді Президент оған. Қаппаров бұған бірден келісті. «Төтенше жағдайлар министрлігіне өзге елдердегі сияқты Ішкі істер министрлігінің функциясы мен өкілеттігі беріледі. Бұл жерде Қалмұханбет Қасымов министр болып тағайындалады. Божко оның орынбасары болып, бұрынғы жұмысын жалғастыра береді. Жақсы жұмыс істедің, Владимир Карпович, ескерту жоқ. Сен әлі егде емессің, бәрі алда», – деді Президент. «Қалған министрліктер кейбір түзетулермен бірге өз өкілеттіктерін сақтайды. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, оның облыстардағы функциясы Қаржы министрлігіне беріледі. Премьер-Министрдің екі орынбасары болады – Бақытжан Сағынтаев және адами даму мәселелері бойынша Гүлшара Әбдіхалықова. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің облыстардағы балық шаруашылығы, су ресурстарын, орман, жануарлар дүниесін басқару функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі», – деді Президент. Сонымен қатар, Қаржы полициясының өкілеттілігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріліп, жаңа агенттік ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болып құрылды. Оны Қайрат Қожамжаров басқарады.
Интернет материалдары негізінде дайындаған Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді