«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Техникалық және кәсіптік білімнің тұғыры берік

Техникалық және кәсіптік білімнің тұғыры берік
ашық дереккөз
Техникалық және кәсіптік білімнің тұғыры берік

27Ел ордасы Астанада – Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы тарихи келісімге үш ел (Қазақстан, Ресей, Беларусь) басшыларының қол қою рәсімі айрықша атаулы күн болып тарихта қалды. Келісім келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Ендігі жерде жалпы халқының саны 170 миллион адамды құрайтын үш елге ортақ экономикалық нарық құрылып, капитал, тауар, жұмыс күші мен қызметтер еркін алмасылатын болады. Басты қағидаты экономиканы көтеру болып табылатын осынау бастамаға шет мемлекеттер де қызығушылық танытуда. Қашан да қоғамдаса өмір сүрсек, алар асуымыз жеңіл, шығар биігіміз асқақ болатыны белгілі. Осы орайда үш елге ортақ нарық ауқымында біздің тауарларымыз, кәсіптік-техникалық әлеуетіміз өзара бәсекелестікке қаншалықты дайын? Міне, бұл ойлануға тұрарлық мәселе. Шын мәнінде ұлттық экономикамыздың кәсіптік-техникалық сала мамандарына сұранысын өтеуге бағдар ұстану бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Облысымызда, міне, осындай мамандықтардың жастар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігі мен сұранысына сай білікті мамандар даярлауда бизнес құрылымдарымен байланысты күшейту, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету мәселесінде облыс әкімдігінің білім басқармасы жанынан құрылған «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үлесі қомақты. Облыс бойынша биылғы оқу жылында техникалық және кәсіптік бағыттағы 51 білім мекемесінде барлығы 32320 білімгер 85 мамандық бойынша білім алды. Сондай-ақ, былтырғы оқу жылынан бастап дуалды оқыту жүйесі енгізілген-ді. Әлеуметтік серіктестікті үйлестіру мақсатында кәсіптік-техникалық білім мекемелері ірі өндіріс орындарымен, шаруа қожалықтарымен, басқа да мүдделі мекемелермен білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмыспен қамту мақсатында мыңнан астам келісім-шарттар мен меморандумдар жасасты. Бұл орайда әлеуметтік серіктестіктер тарапынан 14632 орын қарастырылғанын атап өту ләзім. Экономика саласын өзіміздің білікті мамандарымыз есебінен толықтыру ісінің желісі жаңа мамандықтар ашу арқылы да кеңейтілуде. Биылғы оқу жылынан бастап «Казфосфат» ЖШС-ның «Қаратау» тау-кен өндірістік кешенінің сұранысы негізінде бірқатар мамандықтар бойынша 50 орын көлемінде мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Сондай-ақ, өңірдің еңбек нарығына қажет кәсіптік-техникалық жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлана бастады. Өңір экономикасына қатысты басым бағыттардың бірі – химия өнеркәсібін дамыту екені белгілі. Облыстық білім басқармасы тарапынан бұл тұрғыда «ЕуроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» секілді ірі кәсіпорындармен тиімді жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жаңатас қаласында орналасқан №5 колледжді жұмысшы мамандар даярлайтын базалық оқыту орны ретінде пайдалану мәселесі қарастырылуда. Аталған кәсіпорындар үшін Қаратау қаласындағы колледждерде тау-кен мамандарын келер жылдан бастап сегіз мамандық бойынша даярлау ойластырылуда. Өңіріміз химия саласы мамандарына да ділгір. Бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында құрылыс жұмыстары қолға алынған Тараз қаласындағы 600 орындық колледж жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. 28Өндіріс орындарымен бірлесіп, мемлекеттік жалпыға бірдей білім қалыптарын әзірлеу жұмыстары 2011-2012 оқу жылынан бастап қолға алынған-ды. Өткен жылдың соңында Халықаралық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен «Техникалық және кәсіптік білімді модернизациялау» жобасы аясында өткізілген республикалық байқау нәтижесінде біздің облысымыздан төрт бірдей оқу орны – Жамбыл политехникалық, Қаратау гуманитарлық-техникалық, Құлан және Қордай ауылшаруашылығы колледждері жеңімпаз деп танылып, олардың әрқайсысы 57 миллион теңге көлемінде грант иеленгені баршаға мәлім. Ендігі жерде бұл қаржының 70 пайызы оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға, 30 пайызы теориялық оқыту ісіне жұмсалмақ. Осы қаржы қаражаты есебінен арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқу шеберлері шет мемлекеттердегі арнайы оқу курстарында оқып, біліктіліктерін жетілдіретін болады. Мемлекеттік білім тапсырысы еңбек нарығының қажеттіліктерін зерделеу арқылы жұмыс берушілермен және жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық-әріптестік негізінде қалыптастырылу үстінде. Соңғы жылдары оның көлемі ұлғая түсті. Бұл орайда техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларға деген қажеттілік былтыр 5856, ал биыл 5666 орынды құрап, тиісінше 4229 және 4730 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Бұл тұрғыдағы көрсеткіштен де ілгерілеу тенденциясы байқалады. Былтыр, сондай-ақ, 6729 білімгердің 4791-і (яғни 71,2 пайызы) жұмыспен қамтылды. «Республикалық ғылыми-әдістемелік, техникалық-кәсіптік білім беру мен біліктілікті жетілдіру орталығының» облыстық филиалы тарапынан бітірушілердің кәсіби даярлығы деңгейіне тәуелсіз бағалау жылма-жыл дерлік жүзеге асырылумен келеді. Бұл істе де оңды нәтижелер бар. Білікті маман даярлау, әлбетте, техникалық-кәсіптік білім мекемелерін қаржыландыруға да, материалдық-техникалық базасын жақсартуға да тікелей байланысты. Осы мақсатқа соңғы төрт жылда 15 миллиард 244 миллион теңге бөлінген екен. Сондай-ақ, колледждер құрылыстарына 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 2,7 миллиард теңге бөлініп, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің қосымша ғимараты, Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжінің оқу-жатақханалық бөлігі салынса, жыл соңына қарай Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй алабында жаңа колледж ғимараты пайдалануға берілмек. Биыл колледждердің үшеуі күрделі, үшеуі ағымдық жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп те күтілуде. Білімгерлерді жатақханамен қамтамасыз ету де білікті маман даярлауға қолайлы жағдай жасау болып табылады. Бүгінде облыстағы 22 колледжде барлығы 1387 білімгер жатақханамен қамтамасыз етіліп отыр. Соңғы төрт жылда үш бірдей арнайы орта білім беру жүйесінде 586 орындық жатақхана ашылғанын да жетістіктер қатарына жатқызу жөн. Ал, алдағы 2014-2016 жылдар аралығында үш колледж жанынан 400 орындық жатақхананы іске қосу ойластырылып отыр. Міне, мұны да өңірімізде техникалық-кәсіптік білім беру көкжиегінің кеңейе түскендігінің көрінісі әрі үш елге ортақ нарық ауқымында бәсекелестік таныта алуға дайындықтың ырымалдысы, басы деуге әбден болады.

Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,  облыстық білім  басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар