Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге «Е билет» электрондық жүйесі енгізіледі. Бұл тұрғыдағы жұмыстар екі кезеңде жүзеге асырылатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін қолмен төлеу валидаторлары қолданысқа енгізілсе, келесі жылы жолаушылар тасымалы саласына дифференциалды тариф жүйесін енгізу арқылы төлем карталарымен төлем қабылдайтын стационарлы терминалдар қойылмақ. Бұл туралы кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда жол жүру ақысының тарифтері төңірегіндегі мәселелер де жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасап, қоғамдық көліктердің күнделікті кірісі мен шығысын анықтау бойынша жүргізілген 3,5 айлық хронометраждың қорытындысын мәлімдеді. Ол барлығы 37 тасымалдаушы бағытқа зерделеу жүргізілгенін, анықталған көрсеткішті бір жылға шаққанда, барлығы 66 577 604 жолаушы тасымалданатынын жеткізді. Ал жолақыдан түсетін табыс көлемі 2 510 515,0 мың теңгені құраған. Тиісінше бағытқа қызмет көрсетуге кететін шығын көлемі 3 400 868,0 мың теңгеден айналған. Басқарма басшысы Тараз қаласындағы рентабельділігі бойынша жекелеген бағыттардың табыс көлеміне де тоқталып өтті. Айталық, рентабельділігі жоғары 11 бағыттағы маршруттың жылдық таза табысы орташа есеппен 107 053,0 мың теңгені құраса, рентабельділігі орташа 16 бағыттағы автобустың орташа табысы 22 776,3 мың теңгегден айналған. Ал рентабельділігі төмен 16 қоғамдық көліктің жылдық таза пайдасы 329,8 мың теңге көлемінде. Сондай-ақ қала ішінде барлығы 43 бағыт бойынша тасымалдаушы 10 мекеменің 670 автобусы бар болса, олардың 226-сының қолданыста жүргеніне 7-12 жылды құраған. Бақытжан Оразалыұлы автобустардың тозуына және жолаушылардың үлкен сыйымдылықты автобусқа сұранысының артуына байланысты 226 бірлік автобусты кезең-кезеңімен жаңарту керектігін жеткізді. Ол өз ұсынысында ағымдағы жылы 50, келесі жылы 80, 2021 жылы 96 қоғамдық көлікті жаңартуға болатынын айтты. Жиында жол ақысын 65 теңгеден 80 теңгеге көтеру, рентабельділігі төмен 16 бағытқа субсидия қарастыру, электрондық билеттендіру жүйесін жыл соңына дейін енгізу мәселелері де қозғалды. Асқар Исабекұлы бұл орайдағы барлық мәселелер қараусыз қалмайтынын, алайда жол ақысын көтеру бойынша асығыс шешім қабылдамау керектігін баса айтты. Өңір басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын назарға ала отырып, алдымен, электрондық билеттендіру жүйесін тезірек іске қосудың маңыздылығына назар аударды. Сол арқылы қоғамдық көліктердің күнделікті табысын тағы да нақтылай түсіп, қажет болған жағдайда тариф мәселесін бірден емес, кезең-кезеңімен шешуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық көліктердің тиісті талапқа сәйкес болуы керектігіне де айрықша көңіл бөлуді ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді